Басты ақпаратҚала мен СалаЭкономика

КӘСІПКЕРЛІК – ЭКОНОМИКАМЫЗДЫ ЕСЕЛЕУ КӨЗІ

Бүгінде Астана қаласы тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізіп, еліміздегі төрт донордың біріне айналды. Қазіргі күні қалада белсенді жұмыс істеп жатқан 56 мың орта және шағын кәсіпкерлік субьектісі бар. Олардың өнім өндіру көлемі былтыр 1 триллион 200 млрд теңгені құрады. Бұл туралы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен кәсіпкерлер конференциясында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты. Алқалы жиынға ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.

–Кәсіпкерлік күнделікті келіп тұратын пайда ғана емес, ол, ең алдымен, тұнып тұрған мүдде. Өйткені, әр шағын бизнестің астарында мемлекеттің үлкен экономикалық мүддесі , қоғамның әлеуметтік негізі жатыр. Бұл туралы Елбасы жиырма жылдан бері айтып келеді. Еліміздегі сындарлы саясаттың арқасында экономикамыз тұрақты дамып келеді. Бұған кәсіпкерлердің қосып жатқан үлесі үлкен, – деді Иманғали Нұрғалиұлы баяндамасында.

Қала басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті дамытудың ең басты шарты – қолайлы бизнес қалыптастыру. Ал, оның негізгі көрсеткіші – өзін-өзі қамтамасыз ете алу деңгейіне жетуінде. Осы жағынан алып қарағанда, Астана қаласы тиісті экономикалық дамуға қол жеткізіп отыр. Бұған елорданың республикалық бюджеттің донорына айналуы дәлел бола алады. «Астанада жыл сайын экономикалық ахуалдың 6-7 пайызға өскені байқалады. Жеке табыс көлемі де артып, былтыр 47 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер орта есеппен, 20 пайызға ұлғайып отыр. Айталық, 2008 жылдан бері мемлекеттік бюджетке түскен түсім екі есе көбейіп, 610 млрд теңгені құрады» деді қала әкімі.

Жалпы, қала экономикасының 60 пайызын орта және шағын кәсіпкерлік құрап отырғаны белгілі. Жыл өткен сайын елордада кәсібін нәсіп еткендердің қатары артып келе жатыр. Бұған мемлекеттік қолдаулардың да әсері бар. Елімізде бизнесті қолдау бағытында көптеген шаралар жасалып жатқанына тоқталған Иманғали Нұрғалиұлы кәсіпкерлік саласын тексеруге мораторий жариялануы, әкімшілік кедергілерді жойылуы іскерлік ортаға қолайлы жағдай туғызатынына сенім білдірді.

Кәсіпкер болу үшін алдымен қалтаңда қаражатың болу керек. Бүгінде екінші деңгейлі банктер шағын және орта кәсіпкерлікті ашу үшін кредит беруді белсенді жүргізе бастапты. Биылғы алғашқы тоқсанның өзінде 53 млрд теңгенің несиесі берілген. «Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23-25 пайызға көп» дейді қала әкімі.

Иә, табысты боламын деп, кәсібін ашқан адамдарға мемлекет қолдан келген мүмкіндікті жасап жатыр. Мұның есесіне кәсіпкерлер сапаны арттыруды көздеп қана қоймай, бизнесін адал жолмен жүргізе білуі шарт. Бүгінде көлеңкелі экономикадағы заңсыз табыс 540 млрд теңгеге жеткенін айта кеткен әкім бизнес адал болса, экономикамыздың табысы да еселене түсетінін еске салды. Сондай-ақ, Иманғали Нұрғалиұлы кәсіпкерлердің табысты болуына сыртқы жарнама да әсер ететінін айтып, бұл жағынан кемшін тұстар барын сынға алды. «Қаланың ажарын ашып, көз сүйсіндірудің орнына, кемшіліктерінен көз сүрінетін жарнама тақтайшалары мен ұсқынсыз жазбалар – бәсекенің әлсіздігін көрсетеді. Өз кәсібіңді дұрыс жарнамалай білудің өзі – сауаттылық әрі мәдениеттілік. Сіздер астаналық кәсіпкер екендеріңізді ұмытпауларыңыз қажет. Елорданың көз тартарлықтай көрікті болуына әр бизнес өкілі үлес қосса, Астана бұдан да ажарлана түсер еді» деді әкім.

БЕДЕЛСӨЗ

ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі:

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, жаһандық бәсекелестіктің индексі бойынша қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігі 50-орында. Ресей 64, Беларусь 94 орында екен. Меніңше, XXI ғасырда қай елдің болмасын ұлылығы мен қарымын инновациялық, ақпараттылық және кәсіпкерлік қабілетінен пайымдауға болады. Сондықтан ЕАЭО бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экономикалық кеңістікке жол ашады деп сенемін

Жиында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов сөз алып, бизнес қауымдастығының бүгінге дейін атқарған жұмыстарына тоқталды.
Елордада кәсіпкерлікті дамыту, оларға қолайлы орта қалыптастыруды басты мақсат еткен Палата әкімшілік кедергілерді азайтып, адами капиталды дамыту, бизнес өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, біліктілігін жетілдіру бағытында бірқатар шаруаларды қолға алған екен. «Палата құқықтық-нормативтік актілерді сараптап, құрылыс саласына рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу мерзімін 120-дан 30 күнге дейін қысқарту жүйесін енгіздік» деді ол.

Былтыр желтоқсан айында Астанада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылғаны белгілі. Жарты жылдың ішінде осы орталыққа 1 мыңнан аса кәсіпкер келіп, оларға 2300 әртүрлі кеңес берілген. Мейірбек Мәжитовтің айтуынша, кәсіпкерлерді негізінен мемлекеттік қолдаулар мен қаржылық көмек және оқыту мәселесі қызықтырады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер саласында білікті кадрлардың жетіспейтіні де байқалған. Осыны ескерген Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта құрылыс, туризм және коммуналдық қызмет саласында мамандар даярлайтын оқу орталықтарын ашуды көздеп отыр. Құрылыс мамандарын даярлайтын алғашқы оқу орталығын ашу биылғы маусым айына жоспарланған. Екіншісі, қыркүйек айына қарай тұсауын кеседі. Болашақ мамандар өндіріс орындарында тәжірибеден өтетіндіктен, олардың 100 пайыз жұмысқа орналасуына кепілдік бар. Келешекте мамандар «Болашақ» бағдарламасы арқылы да біліктілігін жетілдіруі мүмкін. «Біз бизнес саласына керекті мамандар даярлау туралы Үкіметке ұсыныс жолдаған едік. Олардың бізге берген жауабы өзімізді таңқалдырды. Сөйтсек, «Болашақ» бағдарламасында мамандардың біліктілігін көтеретін арнайы тарау бар екен. Жыл сайын бұл салаға мемлекет тарапынан қаражат бөлінгенімен, тапсырыс жоқтықтан игерілмей қалады. Сондықтан, бизнесмендер өздеріне қажет кадрларды даярлауға тапсырыс беруге болады» дейді Мейірбек Мәжитов.

Ал ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Астанадағы бизнес қауымдастығының алдында зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айта келе, ЭКСПО көрмесінің сәтті өткізілуі елорданың іскер азаматтарына тікелей байланысты екенін атап өтті. Ал, Палата өз тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға әрдайым әзір. Бизнес өкілдері кез келген мәселемен хабарласуға болады.
Конференцияда кәсіпкерлердің өздері де сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың ұсыныс-тілектері қалалық әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы тарапынан да міндетті түрде ескерілетін болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button