Басты ақпарат

Кедей елдің келешегі жоқ

Орта таптың үлесі өсуі тиіс

Елімізде әлеуметтік теңсіздік мәселесі шешілмейінше саяси реформа, әлеуметтік трансформация жасау мүмкін емес. «Қасіретті қаңтардың» сабағы осы болды дейді әлеуметтанушылар. Шынында да, халқының негізгі бөлігін кедейлер құрайтын ел демократияның құндылықтарын қажет етпейтіні белгілі. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістегі сөзінде соңғы ахуалды, пандемияның салдарын ескере отырып, әлеуметтік кодексте көрініс табуы керек мәселелерді атап берді. Осы тұрғыда әлеуметтанушы, әлеуметтік ғылымдар кандидаты Рамазан САЛЫҚЖАНОВ сіз бен біз болып әлеуметтік дамудың жаңа үлгілерін ұсынуымыз керек деп санайды.

[smartslider3 slider=1931]

 – «Президент айтқан «Жаңа Қазақстанның» жаңа бағдарының нақты рецепті болмаса да, анығы сол – бізге тәрбие­ні, білімді күшейту қажет» депсіз. Әлеуметтік теңсіздіктің бастауын осыдан көресіз бе?

– Иә, себебі бізде ел ішінде байдың образы көпшілікке тарап кетті. Соны қуып, соған жетсек деп жанталас қана бар. Сөйтіп жүріп келер ұрпақ бойына өзге құндылықтарды сіңіре алмадық. Оның үстіне біз әу бастан кедейшілікті жоямыз деп тырысқан жоқпыз, біз неғұрлым халықты бай қыламыз деп ұмтылдық. Ал бәріміз бай бола алмаймыз, сондықтан басынан кедейшілік болмайды деген мақсат қоюымыз керек еді. Соның салдарынан соңғы 10-15 жылда экономиканың жақсы-жақсы жетістіктерін, төменгі әлеуметтік топты, әлеуметтік тапты орта деңгейге жеткізе алмадық. Нәтижесінде жұмыссыз жүрген жастар кешегі бүлікте бой көтерді. Ол жерде шын мәнінде де идеяға берілгендер де бар шығар, бірақ не әке-шешесінен көмек, не өзінің тіршілігі жоқ жастар бүгінгі жағдайына ашынып, ашуын дүмпу кезінде көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес қауымдастықпен өткен кездесуде Қазақстанның еңбекке қабілетті халқының тең жартысы 50 мың теңгеге жетер-жетпес жалақы алатынын ашық айтты, яғни бұдан еліміздегі тұрғындардың тең жартысы әлеуметтік осал топқа жататынын аңғарамыз. Себебі олардың табысы «ең төменгі жалақы» деп белгіленген 60 мың теңгеге де жетпей отыр.

Осы кезге дейінгі экономикадағы солақай саясаттың зардабын тартып отырмыз. Максималды түрде бәрін нарықтық қатынасқа келтіріп, барлығы жеке меншік болсын деп жиған-тергенді әркімнің қолына  берумен шектелді. Ал кез келген бизнестің міндеті – бизнес иесін ғана байыту. Әлеуметтік әділетсіздіктің түп-тамырында осы экономикалық қатынастар жатыр.

Нарық саған бірінші рухани бай бол деген жоқ, ол бірінші қалтаңды толтыр деді. Қалта толтырумен билік те кетті, білімі зор, ақылы барлар да кетті, осылай әлі келе жатырмыз. Мәдениетке тірек болатын тіл құрыды, экономикадан озық болатын рухани дүние азды, билікте тірек болатын мемлекетшілдік жоғалды.

[smartslider3 slider=1918]

– Елімізде орта тап өкілдері дамыған елдердегідей жалпы халықтың ауқымды бөлігін құрамайтыны белгілі. Сонда шамамен қанша пайызын алады?

– Қай тапта қанша адам бар екенін нақты айта алмаймыз. Алдымен орта тап өкілдеріне кімдерді жатқызамыз, соның өзінің нақты критерийлерін анықтайық. Шартты түрде алғанда бәлкім, тұрақты жұмысы, баспанасы, көлігі бар азаматтарды жатқызуға болатын шығар. Солай болғанның өзінде дәл санын дөп басып айту қиын. Болжап қана береміз. Біздің елде мәселен, жоғары білімді, тұрақты жұмысы бар мұғалім, дәрігерді орта тапқа жатқызайын десең, олардың ішінде де баспанасы жоқтар көп, жұмыс берушіге тәуелді, шетелге қалаған уақытында шыға алмайды. Десек те, шартты түрде біздің ғалымдар қоғамдағы орта тап өкілдерін шамамен 15-20 пайыз деп есептейді. Сосын байлар аз пайызын алса, қалған халықтың көбі – төменгі тап. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, елімізде халықтың 96 пайызының жылдық табысы 10 мың АҚШ долларынан аспайды дейді, бұл – кедейлердің үлесі көп деген сөз.

Экономистердің кедейшілік индексі деген көрсеткіштері бар. Сол  бойынша мысалы, кешегі күні бейбіт шеруге шыққан Маңғыстау, Атырау облыстары тұрғындарының басым бөлігі – кедей болып саналады. Себебі ол жақта мұнайдан табыс тауып жатқандардың көбі – басқа өңірлерден келетіндер. Ал жергілікті халықтың аз ғана бөлігі жоғары жалақы төлейтін мұнай-газ саласында істесе, негізгі басым көпшілігі әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы алып, жұмыссыздықтың зардабын шегіп отыр. Осы өңірлердегі халықтың бір түсінігі бар: «не мұнай саласында жүріп жоғары табыс табам, болмаса басқа жұмысқа мүлдем шықпаймын» дейді. Шынында да, адам қиналып өмір сүрмеуі керек, бұл дүниеге адам жайлы, жақсы өмір сүру үшін келген. Сондықтан мұнайда істеп көп ақша табамын дегендерін бір жағынан қолдауға болады. Егер тура сондай еңбекпен он есе артық таба алатын болса, неге ол жанталасып, күні-түні жүріп 60 мың теңге жалақыға жұмыс істеуі керек? Жалақы жоғары болған соң бұл өңірлерде азық-түлік бағасы да едәуір жоғары.

Көп нәрсе әлі де «популистік идея тұрғысында» келе жатыр. Айқын дүние­лер  айтылмады. Экономика саласында шектен тыс баюға тыйым салу керек. Біріншіден, аса үлкен шаршы метрлік үй салғызбай, табыс салығын салу қажет

– Депутаттардың жалақысын көтеруге 5 жылдық мораторий жариялау туралы айтылды. Бұл не өзгертеді?

– Осы отырғанда депутаттар жалақыға қарап тұрған жоқ. Олар депутаттыққа 1 млн жалақымен жағдайымды жақсартам деп келген адамдар емес. Олай болмау керек. Себебі халық депутаттың айлық жалақысынан зардап шекпейді. Зардапты қазынаға түспейтін, жеріміздің байлық қорынан кетіп жатқан табыстан тартып отырмыз. Сосын олигархтардың қалтасына кетіп қалған қаржыдан зардап шегудеміз. Шетелдік инвесторлардың жерімізді пайдаланып тапқан табысының қанша пайызын бізге береді, олар салық төлей ме, әлде мүлдем төлемей ме, соны әлі күнге нақты білмейміз, себебі ашықтық жоқ.

– Әлеуметтану ғылымында «стратификация теориясы» деген ұғым бар. Басқаша айтсақ, қоғамның бай мен кедейге жіктелуі. Бірақ соның арасы тым алшақтап кеткенде елдің тынышы кетеді депсіз….

– Табыстың алшақтығы, білімге, медицинаға бірдей қолжетімсіздік – маңызды мәселе. Бізде таптардың мемлекеттік ресурстарға қол жеткізуі әртүрлі, аса байлар кез келген мемлекеттік әкімшілік ресурстарға жылдам қол жеткізіп, өз мәселелерін шеше алады. Мысалы, бизнес ашуға келсек, қарапайым халық бизнес ашам, қызметке тұрам десе де тамыр-таныссыз түк істей алмайды. «Самұрықты» біз бір күнде неге құрта алмаймыз? Себебі Самұрықта «туыстық байланыс» дамыған. Енді Президент қайта құрыңдар деп жатыр. Әрине, онда бір 20 пайызын құрайтын ақылды, дарынды мамандар да бар. Жалпы кез келген мекемеде негізгі қызмет атқаратындар да, мекемені алға сүйреп, бар жұмысын істейтін де солар, қалғандары – көкесіне сеніп кері тартқандар мен ортада жүретін топ.

– Сонымен өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Көп нәрсе әлі де «популистік идея тұрғысында» келе жатыр. Айқын дүниелер  айтылмады. Экономика саласында шектен тыс баюға тыйым салу керек. Біріншіден, аса үлкен шаршы метрлік үй салғызбай, табыс салығын салу қажет. Минис­трдің өзінде үй жоқ, бірақ енесінде 15 үй болуы мүмкін, шенеуніктің көлігі жоқ, бірақ туысында бірнеше «Джип» болуы мүмкін. Қазір бәрі солай тіркелген. Табыс көлемі мынадай бір деңгейден аспасын деген шектеу қоймаған соң біреу миллион табады, біреу мың теңге табады. Мысалы, Швецияда ең жоғарғы және ең төменгі табыстың айыр­машылығы 10 есе. Мысалы, оларда көп дегенде 10 мың доллар табыс табуға болады, одан асқаннан кейін табыс­тың артылған бөлігі салыққа, қайырымдылыққа кетеді. Бұл жағдайда тым жоғары табыс табудың мәні қалмайды. Ал біз не салықпен шектеген жоқпыз, не алтын, дүние-мүлікке салық салмадық, қанша тапсаң да өз еркің деп қоя бердік.

Тек қана «Қазақстан халқына» қорымен бар нәрсені шеше алмаймыз. Билік тұрғысынан популистік ұсыныстар болады, өйткені оның негізгі мүддесі – билікті сақтап қалу, ол заңдылық. Десек те халықтың жағдайын жақсартып, тұрақтылықты сақтау – бәрінен маңызды екенін уақыт көрсетті. Байлыққа табыс салығын салып, аса байлық жинағандарды шектеу керек. Нәтижесінде біздің әрқайсысымыздың баспанамыз болады, жұртшылық банктерден беталды несие ала бермейді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button