Басты ақпарат

Маңызды мәселелер ­- талқыланды

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлеріне жалақы ­көтеру мәселесі бойынша есеп берді. Жиында негізгі мәселе ретінде елорданың 2021 жылға арналған ­бюджетінің игерілуі мәселесі қаралды. Сонымен қатар иеліктегі жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін пайдалану, кейбір білім беру ұйымдарына атаулар беру, мәслихат депутатының өкілеттігін тоқтату сияқты тағы бірқатар мәселелер талқыланды.

[smartslider3 slider=3228]

 

56 ҰЙЫМ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ

Сессияны жүргізген қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, соңғы үш жылда мәслихат депутаттары бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі бойынша ұсынысты Сенат пен Мәжіліске және орталық атқарушы органдарға бірнеше рет жолдады. Бұл мәселе Үкіметтің қаулысымен реттеледі. Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен бұл ұсыныстың қорытындысымен таныстырды.

Оның сөзінше, Үкіметтің қаулысын орындау мақсатында биылғы 7 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тиісті қаулысы шықты. Соған сәйкес, әлеуметтік қорғаудың 9 ұйымы, денсаулық сақтау саласының 2 ұйымы, жастар саясаты мәселелері бойынша 1 ұйым, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының 2 ұйымы, қорғаныс саласының 2 ұйымы, Ішкі саясат басқармасының 1 ұйымы, тұрғын үй саласының 1 ұйымы, спорт саласының 16 ұйымы, мәдениет саласының 12 ұйымы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайыздан 100 пайызға дейін өсті.

– Бұл жұмыстың бәрі Мемлекет басшысының тапсыр­масымен Үкімет өкілеттік берген орталық атқарушы органдарымен бірлесіп атқарылды. Осылайша елорданың 56 ұйымындағы жалақысы төмен болған 4 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өседі. Бұған жылдың аяғына дейін 1 миллиард 256 миллион теңге қажет. Тиісті қаржы биылғы бюджетте қарастырылған, – деді Есет Байкен.

БЫЛТЫРҒЫ БЮДЖЕТ ҚАЛАЙ ИГЕРІЛДІ?

Елорданың 2021 жылға арналған бюджетінің игерілуі мәселесі бойынша қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы қала бюджетіне 720 млрд 378 млн теңге түсті. Жоспар 43 млрд 156 млн теңгеге артығымен орындалды. Соның ішінде жеке табыс 496 млрд 264 млн теңгені құрады. Ал былтыр салықтан 455 млрд 273 млн теңге қаржы түскен. Бюджет шығысы болса өткен жылы 699 млрд 900 млн теңгені құрады. Бюджетті игеру көрсеткіші – 97,2 пайыз.

Соның ішінде Құрылыс басқармасы қаржының 53,8 пайызын (11 млрд 45 млн теңге) игермеген. Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бюджеттің 38,4 пайызын (7 млрд 875 млн теңге), Білім басқармасы 1,5 пайызын (315 млн теңге), Полиция департаменті 1,4 пайызды (279 млн теңге), Дене шынықтыру және спорт басқармасы 1,2 пайызды (247 млн теңге) игере алмай қалған.

– Бюджет игерілмеуінің басты себептері – құрылыс материалдарының қымбаттауы, техникалық-экономикалық негіздемелерді, сметалық құжаттамаларды түзету. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражаты уақытылы игерілмегені үшін 15 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, – деді Әліби Жұмаев.

Өткен жылдың бюджетін игеру қорытындысымен қалалық Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев таныс­тырды. Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­сының төрағасы Владислав Сергеев былтырғы бюджетті игеру бойынша мәслихаттың қорытындысын жариялады.

ҚАНДАЙ НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРЕДІ?

Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов 12 нысан құрылысы үшін 69 жер телімін сатып алу шарты жобасымен таныс­тырды. Бұл – Шарль де Голль және А.Тоқпанов көшелерінің қиылысындағы көше құрылысы, Ш.Айтматов көшесінен батысқа қарай Есіл өзенін қайта құру (алтыншы кезең), Қабанбай батыр даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесі қиылысындағы әкімшілік ғимарат құрылысы, Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесі қиылысында жапсаржайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй құрылысы, А50 мен А51 көшелерінің құрылысы, Е796 және Е899 көшелері қиылысында мектеп құрылысы, Ш.Қосшығұлұлы, 8 аумағын абаттандыру, «Тельман» тұрғын алабында қоғамдық кеңістікті салу, К.Күмісбеков және Ш.Қосшығұлұлы көшелері қиылысында жапсаржайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй құрылысы, Е114 көшесі аумағында резиденция нысандары құрылысы, №38 көшеден Абылай хан даңғылына дейінгі аумақта Хусейн бен Талал көшесінің құрылысы, А.Байтұрсынұлы және А51 көшелері қиылысында РП-9 құрылысы.

Қалалық мәслихат депутаты Назгүл Мақжанның өкілеттігі өз еркімен тоқтатылды. Әріптестері, мәслихат хатшысы оған алғысын айтты.

БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНА АТАУЛАР ҰСЫНЫЛДЫ

Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп биылғы 28 сәуірде қалалық ономастика комиссиясы бірқатар білім беру ұйымдарына ұсынылған атауларды талқылап, мақұлдағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, №1 мектеп-лицейге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің, №70 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің, №92 мектеп-лицейге геология, минералогия ғылымдарының докторы, академик Ақжан әл-Машанидің, №65 мектеп-гимназияға Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың, №88 мектеп-лицейге Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі, №1 өнер мектебіне әйгілі күйші-композитор Тәттімбеттің есімдерін беру ұсынылды.

Мәслихат депутаты ­Ләззат Разбекова-Төлеуханова болашақта елорданың мектептерінің біріне қазақ әдебиетінің көр­некті өкілі Дулат Бабатайұлының есімін беруді қарастыруды ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button