Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЙЫСТЫРУШЫ ФАКТОР

Мінеки, тағы да республикалық  дәстүрлі тіл фестивалі басталды. Ол биыл Астана қаласында ХV рет өткізіліп отыр.  Мақсаты – қоғамға қозғау салу, халықты ойландырып, мемлекеттік тілді насихаттау. Тағы бір атап айтарлығы, осы жолы фестиваль аясы бұрынғыдан кеңейе түскен. Игі бастама қолдау табары сөзсіз.

Қазақстан бүкіл қазақстандықтардың қоғамдық-саяси ортақ үйі болса, сол үйдегілердің рухани бірлігін, тұтастығын, рухани өмірін қамтамасыз етуге қызмет жасайтын мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ол – мәдениет тілі, әдебиет тілі, салт-дәстүр тілі, ғылым тілі, білім тілі, бір сөзбен айтқанда, барлық салада қолданылуы тиісті мемлекеттік тіл. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Статистикалық деректер бойынша, 1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттер 32 пайыз болса, бүгінде 85 пайыздан асты. Қазақша оқитын өзге ұлт өкілдеріннің саны да 30 мыңға жетіп қалыпты. Мұның өзі тілдің болашағына қатысты көңілге үлкен сенім мен үміт ұялататын сандар. Сондай-ақ, соңғы екі жылда орта мектептерде қазақ тілін оқыту сағаттары көбейтіліп, қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларының саны артты. Бұған қоса, 2012 жылы қабылданған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы да елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясатына жаңа көзқарас, тың серпін бергендей болды. Мұнда қазақ тілінің «қазақ ұлтын біріктіруші басты фактор», «Қазақстан халқын ұйымдастырушы рухани қазынамыз» екендігі нақты айтылған.

2007 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің «Үштілділік» мәдени жобасы қабылданды. Жобаға сәйкес Қазақстан дүниежүзіне халқы үш тілде сөйлейтін жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ағылшын тілін жаһандық экономикаға табысты ықпалдасу тілі ретінде дамыту жұмыстарын жүзеге асыруды және мұны мемлекеттік тіл саясатының бірі ретінде қарастыруды тапсырды.

Қоғамда, мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданыс аясы жылдан-жылға кеңейіп, ауқымдана түсуде. Бұқара арасында бір кезде шынында да едәуір қағажу көріп келген мемлекеттік тілге деген түсіністік орнай бастады. Бұған басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді дендеп оқып-үйренуге деген ынта-ықыластарын айтсақ та жеткілікті. Мәселен, елорда тұрғыны, ұлты армян Тер Григорян отбасымен бірге қазақ тілін үйреніп жүргендіктерін айтады. «Мемлекеттің азаматы болып, осы елдің тағдырымен тағдырымыз біріккесін, оның тілін білуді де өзімің парызым деп ұқтым. Үйдегі бала-шағама, ағайыныма осы ойымды үнемі ашық айтып отырамын» дейді ол. Бұдан біз қазақ тіліне деген өзге ұлт өкілдерінің нағыз құрметін байқаймыз.

Тіл – ұлттың бүкіл рухын, болмыс-бітімін, таным-талғамын, білім парасатын білдіретін негізгі тірегі. Рухы биік жұрттар өсіп-өркендейді. Ал, әлсіздері құлдырай бастайды. Кезінде алаш ардақтысы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деуі сондықтан.

Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуан­тады. Біздегі мемлекеттік тіл саясаты шын мәнінде саяси тұрақтылыққа, этносаралық жарастыққа және қоғамдық келісімге оң ықпалын тигізуде.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ
tanatar@mail.ru

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button