Басты ақпарат

Мұнай тасымалының тиімді жолдары қандай?

Нұр-Сұлтан қаласында өткен аптада үлкен кеңселерде талқыланған ең бас­ты мәселе – Каспий құбыры конcорциумының тағы да аяқ астынан тоқтатылуының жай-күйі болды. Осы жерде қазақтың «кісідегінің кілті – аспанда» деген мақалының кері келді де тұрды. Ал мұндай тығырықтан шығар жол қайсы? Бұл тәуелділіктен біз алдағы уақытта қалай құтыла аламыз? Міне, осы төңіректегі сарапшылар мен мамандардың ой-пікірін зерделеп көрдік.

[smartslider3 slider=3451]

Мәселенің мәнісі

Ресей Федерациясы билігі Новороссийск терминалы арқылы Еуроодақ елдеріне шығарылатын Қазақстан мұнайын осымен үшінші рет бұғаттап отыр.

Мұнай – біздің экономиканың басты тірегі. Қазақстандық «қара алтынының» үштен екі бөлігі (барлық тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы)  осы Каспий құбыры консорциумы арқылы тасылатынын ескерсек, бұл жерде орын алған жайға қобалжудың нақты реті бар екенін көреміз. «Неге бұлай болып отыр?» деп әркім де ойланары хақ. Бір емес, екі емес, үшінші рет түрлі желеумен ресейлік құбыр желілері «істен шығып қалып» отыр.

2022 жылдың 4 маусымында Қазақстан Президенті Еуропалық Кеңес президенті Шарел Мишельмен телефон арқылы сөйлесіп, қазіргі энерго жетіспеушілікке  байланысты қол ұшын созу мүмкіндігін айтып еді, сәйкестік пе кім білсін, келесі күні Новороссийск қаласының Приморский аудандық соты сол шаһардың айлағындағы еуропа бағытына Қазақстан мұнайы айдалатын теңіз терминалының жұмысын 30 күнге тоқтатты да тастады.  Негізгі себеп – Ресей көлік қадағалау органының тексерісі бойынша аталған мекеме экологиялық заңнама талаптарын бұзған-мыс.

Қазақстан баку-тбилисиджейхан мұнай құбырына баяғыда қосылып қойған. Енді тек каспийде ең басты құбырға мұнай айдайтын қуатты қондырғы салуымыз қажет.

«Бұл іс-әрекеттің саяси астары жоқ» дегенмен, кейбір «жауырыншылар» оны қазақ елі басшысының арагідік  айтып қалған батыл сөздерімен, нақты іс-қимыл әрекеттерімен тығыз байланыстырады. Мәселен, Ресейдегі консалтингтік компанияның энергетикалық мәселелер жөніндегі сарапшысы Михаил Крутихин: «Мен соттың бұл шешімін Қазақстан Президентінің «Еуропалық Одаққа мұнай мен газ мәселелері жөнінде көмектесеміз» деген сөзіне байланыс­ты туындап отырған қиындықтар деп түсінемін» деді.

Ал Оксфорд университетінің Шығыс Еуропа жөніндегі сарапшысы, политолог Лейла Әлиева да осы төңіректе өз ой-пікірін білдіріпті. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның еркін де тәуелсіз болуға ұмтылған нақты қадамдарының алғашқы кедергіге тап болуы.

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғалы бұл – үшінші рет орын алып отырған айтарлықтай экономикалық  кедергі. Халық­аралық энергетикалық агенттіктің есебі бойынша, осының салдарынан Қазақстандағы мұнай өндірісі 12 пайызға төмендеп кеткен екен.

Мұндағы ең қиыны – ел экономикасының жағдайы күрделенеді. Табиғатында мұнай тасымалы – үздіксіз жүргізуді керек ететін үдеріс. Егер осы кесапаттың салдарынан тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан ұңғымаларға зақым келетін болса, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес көрінеді. Тек қайтадан жаңа ұңғыма қазу қажет. Ол дегеніңіз, қыруар қаржы, соншама уақыт. Сосын оған тың инвестиция тарту керек. Ал осындай заманда оның өзі қаншама күш-жігерді талап етеді.

Күдіктен үміт басым

Белгілі экономист Рысбек Әзімбайдың ойынша, Ресей райынан қайтып, мәселені күрделендірмей шешуге тырысады. Өйткені Ресей Федерациясы Президенті баспасөзінің жетекшісі Дмитрий Песков «бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Тек орын алған экологиялық кемшіліктерді қалпына келтіру» деп мәлімдеді.

Егер көрші тарап КҚК жайын бір аптаның ішінде шешпесе, Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыруға бар күшін салып, аталған құбырлары түбінде ешкімге керек болмай қалуы мүмкін деп есептейді экономист.

«Бұл – біздің бірлескен жобамыз. Бұл жерде үш тарап бар. Сол себепті КҚК-ның жабылуын «бірден екі қоянды атып алу» деп түсінуге болады. Қорқатын дәнеңе де жоқ. Қазір Ресейдің Қазақстан импортындағы үлесі – (тауар айналымы) 42%. Соғысқа және логистикалық қиындықтарға байланысты таяуда ғана ол 39%-ға төмендеді. Қазақстан керек-жарақтың 50%-ын Ресейден сатып алып отыр. Импорт! Сондықтан КҚК-ның тоқтауы біздің бизнес үшін керемет себеп: яғни экспорттық және импорттық бағдарларды әртараптандыру мәселесіне шындап бас қатыру керек болады, – дейді ол.

Бұл негізде бірінші ойға оралатыны –  балама ретінде  Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты. Еуропалықтарға тап қазір ауадай қажет шикізатты осы  жолмен шығарсақ, ұтылмайтын сияқтымыз. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақында ғана Шарел Мишельмен сөйлескенде трансконтиненталдық дәлізді оң нәтиже ретінде атады. Бұған Транскаспий халықаралық көлік бағдарын қосыңыз. Сонда Ресейді айналып өтіп, Әзербайжан арқылы Бакуден Тбилисиге, одан әрі  Жерорта теңізі айлағындағы түріктің Джейхан мұнай құбырына қосылу қазіргі күдігіміз басым уақытта көкейге сенім ұялататын тәрізді.

Сеніміміздің басымдығы – ­Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырына  баяғыда қосылып қойған. Енді тек Каспийде ең басты құбырға мұнай айдайтын қуатты қондырғы салуымыз қажет. Бұл тұжырымға Батыс та оң қабақ танытары сөзсіз. Сондықтан дәл бүгінгі күні мұнай мен газ үшін балама мүмкіндіктер іздеу – күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Бұл тұрғыда нақты келіссөздер де жүргізіліп жатқаны айдан анық. Енді сол ел экономикасын өркендетерліктей табысты болса екен деп тілейік».

Оңтайлы шешім қажет

Экономикасы мұнайға тәуелді Қазақстан 2021 жылы КҚК арқылы 53,1 миллион тонна мұнай тасымалдаған. Ал биылғы қаңтар мен мамыр  аралығында 22,4 миллион тонна мұнайды экспортқа шығарыпты.

Таяуда ғана өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің назарын Қазақстан мұнайын тасымалдаудың оңтайлы жолдарын қарастыру мәселесіне аударды.

Оның пайымдауынша, Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясындағы Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қара теңіз арқылы Батыс Еуропаға шығатын Транскаспий бағытына басымдық берген дұрыс көрінеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы үкіметтің алдына теңіз айлақтары арқылы мұнай тасымалын жандандыруды да тапсырды. Теңіз тасымал жолы дегенде бірден ойымызға Ақтау – Баку бағыты оралады. Бірақ бұрынырақ оның тиімділігінен гөрі шығыны көптеу болып, тоқтап қалған еді. Осы бағытты жандандырсақ, онда бізге теңіздегі мүмкіндіктерді де қуаттандыру міндеті тұрады.

«Осыған орай Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кең­қияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет» деді. Қ.Тоқаев.

Өткен аптада Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жедел үкімет отырысын өткізіп, жоғарыда айтылған түйткілді мәселелерді жан-жақты талқылады. Бұл геосаяси дағдарыстың ұзаққа созылуы мүмкін екендігін де ескере келіп, Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыруды көздейтінін жеткізді. Бұл жерде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» белгілі бір оңтайлы тиімді шешімге келу міндеті тұр. Бірақ одан еш саяси астар іздеу керек еместігін де жеткізді.

P.S: Мақала әзірленіп жатқанда Ресейдің Краснодар өлкелік соты Приморск аудандық сотының шешімін бұзып, КҚК жұмысын тоқтатуды 200 мың рубль айыппұлға ауыстырғаны белгілі болды.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button