Басты ақпаратМәселе

…Нашар маман қайдан шығады?

Бүгінде журналистер, жауапты қызметкерлер және қарапайым адамдар мамандарды сапасыз даярлау ісі жөнінде түрлі әңгімелер мен шағымдарды жиі айтатын болды. Бұл шынымен де солай ма, әлде басқаша ма? Жалпы жағдайды түзеп, жақсарту үшін не істеу керек?

Мәселенің мән-жайын ашып көрсету үшін біз өз ойымызбен бөлісуді жөн көрдік. Ал көзіқарақты оқыр­мандар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өздері қорытынды жасап, ой түйетін шығар.

Басқасына тоқталмай, бір ғана мәселені – жеке білім беру ұйым­дарының мақсаттары мен міндеттерін қарастырып көрелік.

Әуелі азын-аулақ статистика мәліметтеріне назар аударғанымыз абзал.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақ­стан Республикасында 2022-2023 оқу жылының басында студенттер саны 578,2 мың адамды құраса, оның 77 пайыздан астамы жеке жоғары оқу орындарында оқиды.

Жоғары білім беру бағдарлама­ларын жүзеге асыратын ұйымдардың жалпы санының 72,4 пайызы – жеке меншікте, мемлекеттік – 25,9 пайыз, 1,7 пайызы шетелдік жеке меншікте екен. Осылайша, білім беру ұйымдарының басым көпшілігі жекеменшік екені белгілі.

Ендеше білім беру ұйымдарының басты мақсаты – пайда табу екені де бүкпесіз шындық. Ол үшін біреуді айыптаудан немесе жазғырудан аулақпыз. Анығын айтқанда, жеке білім беру ұйымдары кәсіпкерліктің бір түрі ретінде қалыптасып, толық­қанды дамығысы келеді. Әрине, ол үшін қомақты қаржы керек. Білім беру қызметтерін ұсыну – адамдарды тартудың және осылайша пайда табудың бір тәсілі.

Осы тұста әр түрлі жолмен, кез келген тәсілмен ЖОО-ларды ашуға лицензия алу, біліктілігі жоқ оқытушылардың оқу бағдарламаларындағы тесіктерді толтыруға бейімделуі, профессорлық-оқытушылық құрам лауазымдарына кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын азайту, ПОҚ-ға және білім алушылардың өздеріне қойылатын талаптарды төмендету жағына қарай үнемі өзгерте беру, қайта түзеу белең алады. Тиісінше, оқу процесінің деңгейі төмендейді, ал нәтижесінде бүгінгідей сапасы сұранымға сай келмейтін қабілетсіз мамандар шығады.

Жоғары оқу орындарында жүргізілетін ғылыми жұмыстардың жағдайын сөз етер болсақ, ол жағы да оңып тұрған жоқ. Ғылыми жұмыстардың жоспарын қараудың өзі жеткілікті, тіпті аталмыш тақырыптан бейхабар адамның өзіне жекелеген оқу орындарының терең тұңғиықтың алдында тұрғанын ұғу қиын емес. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын адамдар көбінесе ғылыми жұмыстарды зерттеу жұмыстарынан ажырата алмайтынын қалай түсіндіруге болар екен?

«Бүкіл әлемде жеке білім беру ұйымдары бар және олар өз мемлекетінің дамуына елеулі үлес қосуда» деп бізге қарсы шығушылар да табылуы әбден мүмкін. Иә, солай, одан да хабардармыз. Алайда Қазақстан әділ мемлекет құру кезеңінде тұр, біз өзіміздің жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мектебін тезірек қалыптастырып, дамытуымыз қажет.

Ол үшін, біздіңше, кадрларды даярлау жүйесін мемлекет қатаң бақылауға алып, білім мен ғылым саласына бөлінетін орасан зор қаржыны барынша тиімді пайдалануға тиіс. Сондықтан мемлекеттік деңгейде барлық жеке жоғары және орта білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу, қалған бірқатарына тең құрылтайшылар ретінде кіру, олардың аяққа тұруына көмектесу, содан кейін белгілі бір академиялық дәстүр қалыптасып, жоғары оқу орындары мамандарды сапалы даярлау рельстеріне берік және тиянақты тұрып алған соң, оларды өз бетінше жұмыс істеуге жіберу ұсынылады.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мамандарды даярлау үшін маңызды мәнге ие жағдайларға да назар аударғымыз келеді. Бұл – жұмысқа орналасатын оқытушыларға қойылатын талаптар мен олардың қатаң орындалуы.

Қазір оқытушылар ретінде жұмысқа қабылдау кезінде кандидаттар Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен соттылығының жоғы туралы анықтама ұсынады. Мұнда соттылық пен қылмыстық жауапкершілікке тарту арасындағы айырмашылық сияқты маңызды факт назардан тыс қалады.

Мысалы, адам қандай да бір қылмыстық іс-әрекет жасаса да, кінәсін жоққа шығармайды, бірақ оның ісі әртүрлі негіздер бойынша сотқа дейін жетпеуі мүмкін (қылмыстық іс қозғаудан бас тарту, оны алдын ала тергеу сатысында, сотқа беру сатысында, тараптардың татуласуына байланысты, жәбірленушінің өтініш жазудан бас тартуына байланыс­ты, актінің шығуына байланысты доғару, рақымшылық туралы және басқа да көптеген себеп бойынша). Заңгерлердің тілінде іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, бірақ сот үкімі жоқ, сондықтан ҚСжАЕК-ке соттылықтың жоғы туралы анықтама береді. Бұл дұрыс па? Біз дұрыс емес деп санаймыз. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамның немесе басқаның оқытушы лауазымында заңсыз жұмыс істейтіні туралы көп айтылатыны бар.

Сонымен, ПОҚ лауазымдарына кандидаттардың сұрау салу формасын қайта қарау және барлық жұмыс істейтін оқытушылардың жеке іс құжаттарын тексеру жүргізу қажет. Мүмкін, бәзбіреулер біз айтып отыр­ған мәселені онша маңызды емес және мүлде маңызды емес, одан да маңызды сұрақтар бар деп ойлауы мүмкін. Бірақ сапалы, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бұл мемлекетіміздің егемендігі мен қауіпсіздігін сақтау, халқымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету екенін ұмытпаған жөн.

Нұрғали МАМЫТОВ, PhD докторы,

Дархан МЫҢБАЙ, Журналистика
академиясының академигі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button