Жаңалықтар

НӨЛ

Нөл – таразы үшін қажет. Егер нөлдік өлшем болмаса, таразы деген түсінік те болмас еді. Сондықтан, әлемнің нөлдік болмысы, бар мәселенің түп-қазығы. Таразы деген ұғым тепе-теңдікті қажет етеді, ол – әділдіктің символы. Сонда нөл әділеттіліктің өлшемі болып отыр. Таразыға қатысты айтсақ, нөлге келу – массаның жойылғаны емес, оның тепе-теңдік күйінде реттелуі. Нөлдің екі жағында масса бар, бірі – (шартты түрде айтсақ) плюс, бірі – минус, яғни нөлден бастап плюс сандар кетеді және кері минус сандарды санай бастауға болады. Ғылымда этноцентризм деген түсінік бар, оның мәнісі дүние өлшемі немесе оның ортасы мен немесе біздер. Әдетте, жиі айтып жүрген эгоизм – менменшілдікте осы өзін нөлге теңестіруден шыққан. Тұрмыста нөл дегенде мәнсіз деп қабылдау етек алған, адамдар жек көріп қалған адамға сен нөлсің деп жатады, онысы – нөл табиғатын теріс түсінуден шыққан бұқаралық сана нәтижесі. Шындығында, өзін нөлге теңдестіру әлемнің өлшемі өзім деген философияға бастамақ.

Әлемнің тепе-теңдігін ғылымда тағы бір ұғым білдіреді, ол – гармония. Бұл – үйлесімдік философиясына қатысты қолданылатын, сұлулықтың символына айналған сана өлшемі. Гар­мония – шартты ұғым, әдетте оған қарсы етіп Хаосты қолданып жатады, ол ақиқат емес, онтологиялық мазмұнда әлемнің өз гар­мониясы бар, біздің хаос деп жүргеніміз – әлі сана, білім, ғылым арқылы сезіп, біліп, танып жетпеген әлем гармониясы. Осындай жағдайда нөлдің қызметі қалай анықталмақ?! Қалайша тепе-теңдіктер сақталмақ? Тепе-теңдік дегеніміз – заттың өзімен-өзі болуы, яғни нөлдік қалпына келуі. Бұл қалып үнемі бұзылып оты­рады, оның себебі әлемдік кеңістіктегі мәңгілік қозғалыс әрбір жаңа қозғалыс заттың нөлдік қалпын әрі бұзады, әрі оны жаңа нөлдік қалпына жеткізеді. Олай болса, заттың нөлдік қалпы – мәңгілік қозғалыстың бір сәті және шартты түрдегі көрінісі. Бізге аса қажетті іс, заттың осы нөлдік қалпын білу, себебі адамдар өмірі заттың нөлдік (шартты қалпына) қалпына тікелей байланысты. Нөлдік қалыптың да өзінің ішкі өлшемі, өзінің әр сәттегі нөлдік жайлары бар, мысал үшін адам ғұмырын алайын. Адамның тіршілік жасап, ғұмыр сүруі оның нөлдік, яғни өзімен-өзі болып көрінетін сәті, бірақ адам жас мөлшеріне байланысты, өзінің нөлдік қалпын сақтайтын да сәттері болып отыратыны белгілі, айталық балалық шақ, бозбалалық кезең, орта жас, ұлғайған шақ, т.б.

Нөл – тек математикалық өлшем емес, ол шама деген түсініктің мәнісін ашатын ұғым. Біз шама дегенде әлденебір тепе-теңдікті, яғни адамның өзімен-өзі болып отырған халін ай­тамыз.

НҮКТЕ

Нүкте араб тіліндегі филосо­фияда (фалсафада) ұғым ретінде қолданылған. Біз нүктені грамматикалық қызметінде айтушының не жазушының бір ойы аяқталғанын білдіру үшін пайдаланамыз. Нүктесіз ой тасқыны бірінен-бірі ажы­ратылмай қалу қаупі бар. Демек, нүкте ой мен ойды ажырату үшін бір ойды бір сөйлемге сыйғызғанның белгісі болып қызмет атқарады. Ал, нүктенің осыдан өзге қызметі бар ма? Жағдай адам баласы нүктені ойлап тапқанға дейін қалай болған, бүгінгі күніміз қалай? Нүктесіз сана, менің ойымша, мифология. Аңыздың құрылымы, негізінен, бір-ақ нүктені қажет етеді. Аңызды бөліп-бөліп айтудың еш қажеті жоқ. Аңыз тек толығымен түсінікті. Бұл жағдайда нүкте сөйлемдерді ажыратқыштық мәнінен өзге мәнге ие болмақ, яғни нүкте идеяға қатысты. Аңызда (әрине, бір аңызда) бір ғана идея айтылады. Ғылым мифологиядан логикалық тәсілге жаппай өте бастағанда нүкте қою өзге халге көшеді, тіптен кейбір жағдайларда, ол қойылмайтын жер­ге қойылып, ой жүйесі бұзылып, жалған сана қалыптаса бастайды. Бұл кезде нүкте ой тәсілі емес, құралға айналып, өз табиғатына тән емес істер атқара бастайды. Әрине, ғылымда іздену, толығу, толықтыру деген мәселелер бо­лады, сол кезде қойылған нүкте өзгеруі ықтимал, бұл – ғылым табиғатына сай дәстүр. Сонымен бірге нүкте таза субъективизмге түсіп кететіні бар. Мысал ретінде қоғам өміріндегі бір жағдайды еске сала кетейін. 1917 жылғы ақпан төңкерісі біршама істерге нүкте қойған елеулі қоғамдық-саяси оқиға еді. Енді осы қойылған нүктеден жаңа дәуір басталуы керек еді. Жоқ. Большевиктер бұл нүкте емес, революция перманентті бо­луы қажет деп, өзге күйге бастап кетті. Сонымен, қойылған нүкте жойылды, біраздан соң барып жаңа нүкте қойылды. Ел социализм құру ісіне кірісті. Бұл қате басталған қоғамның ыдырауына нүкте 1990 жылдары қойылып, ел тағы өзге хал­ге түсті. Саясатта нүкте қойылмаған жағдайды большевиктер – «өтпелі кезең», біздің Қазақстан ғалымдары – «транзиттік қоғам» десіп жүр. Мұны алғашқы ой­лап тапқандар Карл Маркс пен Фридрих Энгельс, одан әрі де оны саяси тұрғыда Ленин «жетілдірді». Мен – нүктесіз, яғни «өтпелі қоғам» теория­сына қарсы адамның бірімін. Егер қандай істің де өлшемі «адамдық өлшем» десек, адам ғұмырында «өтпелі кезең» болмайды. Адамның әрбір харекеті (нүктемен аяқталуды) қажет етеді. Мы­салы, адам өтпелі кез екен деп түскі не кешкі ішер асын ішпей қоя ала ма? Ауызы ора­зада болмаса, адам қалыпты жағдайда ертеңгі, түскі және кешкі дәмін татуы қажет. Бұл – биологиялық тәртіп. Өтпелі қоғам қиыншылығы деп таңғы ас түскілікке, түскілік кешкілікке ауыспауы керек. Адам болмысының өзге қажеттіліктері де «өтпелі қоғам» екен деп кезек күтіп тұра алмайды. Сондықтан, «өтпелі қоғам» теориясы – мәнсіз нәрсе, адамдарды алдау. Адамның әрбір харекеті нактылықты қажет етпек.

Нүктені дұрыс қоя білмеу – біздің «болатын іс» пен «бол­майтын істі» ажырата алмауымыз­да. Болатын іс харекет негізінде айқындалған соң, нүкте қойылуы керек. Болмайтын іс адамды бітпес әрекетке салып, оның қай сәтінде нүкте қойылатыны белгісіз болып қала бермек. Тіптен нүкте қойылар тұс осы деп зорлық жасалғанмен, ол өзенді қыста қаптап жатқан мұз сияқты шуақты күнге жеткенде еріп сала бермек. Сондықтан, дінде және ғұламалар ойларында нүкте философиясына қатысты қолданылатын ұғымдар бар, олар: Тағдыр, Жазу, Фатализм, Қажеттілік. Нүктені қоюшы адам болғанымен, оны белгілеуші Құдай немесе Тағдыр деген түсініктер Аңызда, Әдебиетте, Өнерде кеңінен орын алған.

Нүкте – бір істің аяқталуы ту­ралы сана. Іс осымен бітті деп айту қиын. Сондықтан, нүктені де дәлме-дәл қою да ауыр. Біз нүктені емін-еркін тек грамматикалық тәсіл ретінде пайдалана аламыз, оның ойға, санаға, адам мен Жаратушы арасындағы байланыста қай тұста қойылары үнемі даулы мәселе.

Нүкте қою үшін ой тиянағы қажет. Дүниетанымдық мәселеде нүкте қою қиын, себебі онда айқындық тайға таңба басқандай түсінікті бола бермейді. Ибн Сина айтқан екен: «Менің білгім келеді, мен кіммін және бұл дүниеде не іздеудемін», – деп. Осы сұраққа жауап беріп, нүкте қоюға бола ма? Надандар әлдене бір жауаптар құрастырып, нүктені қойып та тастауға әмәнда әзір, ал даналар болса, мұндай харекетке бара ал­майды, кесіп сөз айтпайды, ойла­нады, толғанады, қысқасы, нүкте қоюға асықпайды. Себебі, нүкте шексіздіктің нақтылы көрінісі, ол – тіптен шексіздіктің өмір сүруінің формуласы. Нүкте болмаса, біз шексіздік туралы айта алмас едік. Нүкте – шексіздіктің барлығының дәлел-айғағы.

Адам болмысындағы нүкте – өлім. Тән мен жан айырылғанда адам болмысы өз тұтастығын бұзады. Демек, нүкте деген – тағдыр. Ал, тағдыр кімнің қолында, ырқында, сірә, нүкте қоюшы да сол болса керек.

Тұрмыста мен мына бір іске нүкте қойдым деп пенделікпен ду­ылдасып жатамыз, бірақ, бұл пиғыл адамдарға жарасымды. Өз еркіміз өзімізде, өзімізге өзіміз билік жасай аламыз деген өр санасы болмаса, адам өзі үшін жаратылған мына қисапсыз әлемді қалай меңгермек, нүктені қалай қоймақ?

Ғарифолла ЕСІМ, академик

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button