Басты ақпарат

Нұр-Сұлтан-2050: Демографиялық трендтер

Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес осы мерзімде елорда жаһандық қалаға айналуы тиіс. Болжамдарға сай 2050 жылы Қазақстандағы халық саны 25,4 млн адамға жетсе, бас қалада сол уақытта 2,5 млн адам тұратын болады.

Шаһар әкімдігі даму стратегиясын әзірлеуге Зерттеу және консалтинг орталығын тартты. Кеше осы орталық мамандары «Нұр-Сұлтан тұрғындары: 2050 жылға дейінгі демографиялық трендтер» атты дөңгелек үстел мәжілісінде алдағы отыз жыл көлемінде елорда халқының өсімі қалай жүретінін таныстырды.
«Қаланың дамуында демография басты орындардың бірін алады. Себебі кез келген шаһар сол қалада тұратын адамдардың санына қарай дамиды. Қаланы жоспарлау да тұрғындардың көбеюіне сәйкес жасалады. Біздің алдымызға елорданың демографиялық моделін жасау міндеті қойылды. Мұны Монреаль, Калгари, Миннеаполис, Берлин, Вена, Стокгольм, Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды әлем қалаларындағы жағдаймен салыстыра отырып жасадық» деді Зерттеу және консалтинг орталығының әріптесі Әнуар Боранбаев.
Жобаға орталық кеңесшісі Александр Грузенкин толығырақ тоқталды. Оның айтуынша, 2050 жылға қарай Нұр-Сұлтанда адамның өмір сүру ұзақтығы – еркектерде 80 жасқа дейін, әйелдерде 84 жасқа дейін өседі. Қазір бұл көрсеткіш сәйкесінше 74 және 80 жас деңгейінде тұр.
Алайда отыз жылда бала туу көрсеткіші 2,5 есеге төмендейді. Кейінгі жылдары елордаға өзге өңірлерден өте көп адам көшіп келді. Яғни ішкі миграция қатты жүрді. 2050 жылы ішкі көші-қон саябырласа да, сыртқы миграция артады.
Елордада балабақшалар мен мектептер құрылысы жанданып, жақын жылдары шаһарда білім нысандарының саны артатыны белгілі. Сарапшылардың пікірінше де, алдағы 5-15 жылда білім саласы көп инвестицияны қажет етеді. Емхана мен ауруханалар санын да көбейту қажеттігі туындайды. 2050 жылы халық санының артуына байланысты 1,6 мың шақырымнан аса жаңа жолдарды салу керек болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button