Басты ақпаратБілім

Оқуға құштар оқушы көбейсін десек…

Астана қаласы Білім басқармасының «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы өте құптарлық бастама болып отыр. Бүгінде елорданың барлық білім беру ұйымында оқушылар сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Жыл соңына дейін олар отандық және әлем әдебиетінің ең озық әрі таңдаулы шығармаларымен танысады.

Жоба мақсаты – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, дүниетанымын кеңейту, кітап оқу дағдысын қалыптастыру. Жоба бойынша оқушылар әр ай сайын ұсынылған белгілі бір кітапты таңдап, оны бір айда оқып шығуы керек. Мәселен, 2023 жылдың қараша айында оқушылар ұлттық мүдде, Отан, туған жер, ел тарихы туралы кітаптарды оқыды, ол міндетті. Оқу жылында оқушылар үзбей кітап оқиды. Оқыған көркем шығармасын саралап, талдайды. Жоба өз мәресіне жеткенде, әркім білім көкжиегі кеңейгенін бақылай алады. Алға жылжу бар. Оқушылардың кітап оқуға құштарлығы артты. Бұл цифрлық заманда гаджетпен оқшауланған оқушының бойына білім нәрін сеуіп, дүниетанымын кеңейте түседі. Өмірімізге дендеп енген цифрлық заманда оқушы түгілі, ересектердің кітап оқы­мауы, оқу-білімге ынта таныт­пауы – қоғамның күрделі мәселесі. Әсіресе оқушылардың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуі, көркем әдебиетке деген қызығушылығының артуы өзекті қалпында қалады.

Кітапқа құштарлық жобасы

Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев Түркістан қаласындағы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекет басшысы «Балалар үшін смартфонның кітапты алмастыруына рұқсат етуге болмайды. Бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 миллион кітап бар. Алайда олардың арасында көркем әдебиет­тің үлесі 40 миллион ғана. Бұл – еліміз үшін өте төмен көрсеткіш» деп өзекті мәселені көтерген еді. Осы орайда Астана қаласы Білім басқармасының аталмыш жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен үндесіп жатқаны сөзсіз.

Адам көп пе, кітап көп пе?

Әлеуметтік желіге жұрт оқығанын, көргенін алып шығады. Кейбір оқырманның «Кітапты оқитындардан гөрі тұсауын кесетіндердің саны көбейді» деген жазбасын да көзіміз шалды.

«Қазір аңызға сүйеніп, ата-баба­сын ұлықтап, кітап жазатындар көбейді. Ғылымда да кездейсоқ жолбикелер аз емес. Мұндай саясат тарих ғылымының беделіне нұқсан келтірмей ме?» деген сауалымызға шығыстанушы, арабист, бұрынғы дипломат Қайрат Сәки былай дейді:

– Әлемдік кітап шығарушылар бірлестігінің есебіне сәйкес, әлемнің ең озық елінде бір жылда жарық көрген кітаптарды адам басына шаққанда 1 млн тұрғынға 2710 кітап түрі келеді екен. Қазақстанда 18 млн халық бар. Сол санды 18-ге көбейтсек, әлемде озық болу үшін елімізде жылына 48780 кітап түрі жарық көруі тиіс екен. Сіз қалай ойлайсыз, елімізде жылына қанша кітап түрі шығады? Ең табысты жыл – 1996 жылы 1200 кітап түрі баспадан шығып, әлемдік рейтингте еліміз 69-орында тұр. Бұл – кітап түрі бойынша көрсеткіш, ал тиражы бойынша рейтинг болса, біз көш соңында болатынымыз сөзсіз. Кітапты 1000-2000 дана етіп шығару дәстүрге айналып кетті. Сондықтан «аңызға сүйеніп, ата-бабасын ұлықтап, кітап жазатындарға» тиісіп керегі жоқ деп ойлаймын. Іс жүзінде сіз жылына бәрібір мың кітап оқи алмайсыз ғой, – дейді Қайрат Ұзақұлы.

Қайтсек оқимыз?

«Мектептерде, балабақшаларда балалар қандай кітаптарды, журналдарды оқиды?» деген сауалмен бірнеше білім беру ұйымынан сұраған едік.

Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназия директоры Алтынай Молдабекованың айтуынша, бастауыш сыныптар қазақ ертегілерін, әжелер айтқан, жан-жануарлар туралы ертегілерді оқыса, әңгімеден ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын оқиды. 5-7-сыныптар Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарын, Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы баласын» оқыса, жоғары сынып оқушылары С.Мұратбеков шығармаларын, әлем жазушыларының фантастикалық кітаптары Робинзон Крузо, Харри Поттерді оқиды екен.

№8 мектеп-лицей директоры Гүлнұр Әйтімованың айтуына қарағанда, алдыңғы жылдарға қарағанда кітап оқитын оқушылар саны артуда. Оны күнделікті 8 минуттық оқудан бақылауға болады.

– Әр мектепте министрлік тарапынан оқушыларға арналған әдеби кітаптар ұсынылған тізім бар. Біз сол кітаптардың ішінен оқушылардың қызығушылығын және ай құндылығын ескере отырып, әр айға оқитын тізім жасағанбыз, – деп білім алушылар оқып жатқан кітаптардың тізбесін жіберді.

Насихатты күшейту қажет

 «Меломан» кітап жүйесі арқылы сатылатын кітаптардың ішінде «Гауһартас» ең көп оқылатын он кітаптың басында тұр. Бір ғажабы, театр көрермені де, кітап оқырманы да жастар екен. Меніңше, «кітап оқы» дей бергеннен гөрі жастарды театрға бару, кітап оқу, әдемі ән, ­әуезді күй тыңдау, TikTok, Instagram-да ұлттық өнерді, әдебиет­ті насихаттау арқылы да тәрбиелеуге болады. Бұл ретте жастарға арналған театрлармен, кино өндірушілермен бірлесе отырып, қызықты жобалар ұйымдастыру қажет. Ел идеологиясы жастарды білім-ғылымға, жаңа мақсаттарды бағындыруға үндегені дұрыс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button