Басты ақпаратДенсаулық

ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУҒА ДАЙЫНСЫЗ БА?

Елімізде 3 мыңнан астам адам ағза ауыстыру операциясына мұқтаж. Жылына 80 адам донор органның жеткіліксіздігінен көз жұмады. Сондықтан Қазақстанда мәйіттік донор саласын дамыту қажет. Бұл туралы «Органдар донорлығы мен ерікті өтеусіз қан донорлығын насихаттау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде талқыланды.

934a7908f24aba65755663ab24b4352c_big

– Жалпы, өлген адам көзі тірі жеті адамның өмірін құт­қара алады. Америкада, Еуропа елдерінде адамдар ағза доноры болудан қашпайды. Себебі олар өзінің әлдеқандай бір жағдайға душар болып, аяқ астынан өлім құшса, органдары соған мұқтаж бірнеше адамның өмірін құтқаратынын санасына әбден сіңірген. Ал біздегі көзқарас басқаша. Донор болуға деген дұрыс сана қалыптастыру үшін жұртшылыққа алдымен дұрыс ақпарат жеткізу керек, –дейді медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-нефролог Венера Алтынова.
Оның айтуынша, соңғы төрт жылдың ішінде елімізде 1 мыңнан астам ағза трансплантациясы жасалыпты. Ал өлген адамның ағзасы арқылы тірі адамның жанын алып қалу жайы өзекті болып тұр.
Бүгінге дейін небәрі 50 мәйіт­тік трансплантация жа­салған. Осыдан-ақ адамдардың өлгеннен кейін ағза беруден
гөрі тірі кезінде бүйрегін, бауырын бөліп беруді жөн кө­ретінін байқауға болады. «Бүгінге дейін 700 бүйрек ауыс­тыру отасы жасалса, соның 16 пайызы ғана мәйіттен алынды.
Қалғанында туыс­тары бір бүйрегін берді. Бұл жағдай әрі қарай жалғаса берсе, болашақта халықтың көбі бір бүйрексіз қалуы мүмкін. Сон­дықтан мәйіттік до­норлыққа дұрыс кө­зқарас қалыптастыра білуіміз керек. Біз қолға алған жоба да осыны көздейді» дейді Венера Алтынова.
Елімізде өлі адамнан ағза алу операциясы тек оның туыстарының келісімімен ғана жасалады. Бірақ көпшілігі оған қарсы. Мұның бір ұшы діни көзқараста жатса керек. Шынтуайтында, ағза алуға немесе беруге шариғат тыйым салмайды. Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткел­­баевтың айтуынша, егер до­норға ешқандай зиян келмесе, органының жартысын беруге болады. Мәйіттік транс­план­тацияға да ислам діні қарсы емес. «Дінімізде «бір адамды өлімнен құтқару – барлық адамзатты құтқарумен тең» деп айтылған. Сондықтан бұл – сауапты іс» дейді наиб-имам.
Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министр­лігінің №360-шы бұйрығы күшіне енеді. Бұл құжат бо­йынша кез келген адам өлгеннен кейін ағзаларын өзгеге өмір сыйлау үшін құрбандық етуге келісім бере алады. Ол үшін жергілікті емханаға барып, тиісті нұсқадағы өтініш толтырса жеткілікті.
Әрине, бұл – әр адамның өз еркі әрі оңай шешім емес. Айықпас дертке ұшырап, қиналып жатқан адамға өмір сыйлап, сауапқа кенелетінін сезінген адам ғана мұндай тәуекелге барары анық.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button