Басты ақпаратҚұқық

Полиция азаматтарға ашық, қамқор болуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы» атты жолдауында Ішкі істер саласына қатысты реформалардың маңызына тоқталып, полицияның мемлекеттік күштік құрылымдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналатыны туралы айтты.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты

«Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты» деді президент нақтылап. Еліміздің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойып отыр. Терроризм және экстремизм қаупі, құқық қорғау органдары арасына деңден енген сыбайлас жемқорлық көріністері – саланы реформалау мәселесін күн тәртібіне шығарды. Елбасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғаммен байланысты жақсарту, полиция қызметінің айқындығын және ашықтығын қамтамасыз ету, сервистік модельге көшуді қолға алдық. Мысалы, жемқорлыққа қатысты айтсақ, «Шеп» стационарлық бекеттерінде көліктерді себепсіз тоқтату, жемқорлық пен парақорлық фактілерінің таралуына жол беріледі. 1998 жылы елімізде полицияның 320 стационарлық бекеті жұмыс істеді, 2003 жылы 68-ге дейін азайды, 2018 жылы – 36-ға төмендеді. Бекеттердің саны қысқарғанына қарамастан, мәселе сол күйінде қалған болатын. Статистика көрсеткендей, «Шеп» бекеттерінің тиімділігі айтарлықтай төмен. Олардың үлесіне полиция анықтаған жалпы әкімшілік құқық бұзушылықтардың тек 4-5 пайызы ғана тиесілі, сондықтан біз еліміздің сыртқы территория­ларына жақын және транзиттік дәлізде орналасқан бекеттерді қалдыру жөнінде шешім қабылдадық. Қалған бекеттердегі жол қозғалысын қадағалау қолданыстағы автоматты мониторинг жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұған қоса, жеке құрам арасындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін бекеттерде тәулік бойы бейнебақылау ұйымдастырылды. Жемқорлыққа қарсы бас­таманың бірі – тіркеу-емтихан бөліністерін тарату. Бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Жасыратыны жоқ, тіркеу-­емтихан бөліністері көптеген басшыларға жем салынған астау қызметін атқарып келген болатын.Біз ұзақ жылдар бойы тамыр жайып келген жемқорлық жүйесін бұзу арқылы індетпен күресудің жаңа тәсілдерін қолдануға көшеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда ішкі істер саласын көтеруге барлық жағдай жасалатынын баса айтты. «Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-­офистерін ашуға жұмсалады» деді. Президент айтқан реформа нәтижелілігі біз үшін басты орында, айта кету керек, бүгінде ашылып жатқан Полиция департаменттері, басқармалары мен бөлімдері, жалпы полиция құрылымдары жанынан ХҚКО үлгісінде жұмыс істейтін фронт-кеңселерінің бәрі де полицияның халыққа барынша ашық болу мақсатын көздейді. Фронт-кеңселердің ерекшелігі және ең басты артықшылығы – кез келген адам ешқандай алдын ала жазылусыз, бюрократиялық кедергілерсіз осы жерге келіп, өзін толғандырып жүрген мәселесін, білгісі келген сұрағын тікелей мамандарға қоя алады.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-шараларды күшейту бағытындағы Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын біз үш бағытта атқарып жатыр­мыз. Біріншісі, ІІМ арнайы бө­лім­шелерінің жедел топтарының қызметі. Бұл топтар ірі есірткі сатушыларды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қою және есірткі, әсіресе, синтетикалық есірткі тасымалы каналдарын жою бағытында үлкен жұмыс­тар атқаруда. Осы жылдың соңғы 5 айында бұл бө­ліністер 980 есірткі қылмысын анықтады, соның ішінде өткізуге қатысты 707 және есірткіні ірі мөлшерде сақтау бойынша 167 факті тіркелді. Барлығы 3 тонна 409 грамм әртүрлі есірткі, дәлірек айтқанда 11,144 келі героин және 2,621 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Аталған мерзімде 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, олардың басшылары мен қатысушылары үстінен 8 қылмыстық іс қозғалды. Жолдауда айтылғандай, реформаның маңыздылығы – жас қызметкерлерді қатаң іріктеуден өткізу, сондай-ақ тәжірибелі және адал мамандарды сақтау. Сондықтан осы бағытта кешенді шаралар қабылдануда. Біздің жұмысымыз­дың ең басты көрсеткіші – ол халықтың бізге деген сенімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button