Басты ақпаратМәдениет

Қайта оралған «Гауһартас»

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұсынған көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің шығармасы желісімен сахналанған «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы аншлагпен өтті. Оған туынды авторы Алматыдан арнайы келіп қатысты. Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен көрнекті қаламгерге шаһар басшысы Жеңіс Қасымбектің атынан құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Аталмыш театр үш жылдай бұрын ұлы Абайдың 175 жылдығына орай қойылған «Абай-Тоғжан» спектаклімен алғаш шымылдығын түргенін атап өткен Есет Байкен өнер ұжымы содан бері көрермендердің жүрегінен орын тапқан 20-ға жуық қойылым ұсынып, халықтың ризашылығына бөленіп келе жатқанын айтты.

– Адам жанының тазалығы мен биіктігін арқау еткен «Гау­һартас» қойылымы ешқашан өзектілігін жоймайтын ұлттық, отбасылық, рухани құндылықтарды дәріптей отырып, жар қадірін ұғыну, махаббат пен бақыт, шынайы сезімді бағалау секілді ұғымдардың тереңіне бойлатады. Қоғамға берері мол қойылымның елордалықтардың көңілінен шығатынына сенімдімін. Кітап пен кино арқылы танылған туынды араға жарты ғасыр салып енді сахна тілімен көрерменмен қайта қауышып жатыр. Бұл – кездейсоқ емес, «Гауһартастың» мәңгілік туынды екенінің дәлелі, – деді Есет Байкен.

Туынды авторы Дулат Исабеков шығарманың жазылу тарихын әңгімелей келе, ­премьера тебіренткенін жеткізді. Бұған себеп – жиырма бес жасында Мәскеудің түбінде әскерде болғанда радиодан Бибігүл Төлегенованың орындауында естіген «Гауһартас» әні.

– Спектакльді көріп отырып көзіме қанша рет жас алдым. Сценарийді оқып шыққаннан кейін қалай шығар екен деп ойладым. Жазу деген бір басқа, сахнаға шығару деген бір басқа. Мұндағы хор, ән – бәрі де өте орынды. Режиссер бәрін орын-орнымен пайдаланған. Оркестрдің өзі маған қатты ұнады. Тып-тыныш, салиқалы, жай ғана өнер көрсетті. Салтанаттың рөлі маған ерекше әсер етті. Бірде-бір актер бос жүрген жоқ. Әсіресе Қайыркенді ойнаған актер рөлге кіріп кетіп, толығымен шығармамдағы Қайыркенге айналды. Бүтіндей алғанда, спектакль өте жоғары дәрежеде шықты, – деді Дулат Исабеков.

Музыкалық жас көрермен театрының директоры, «Гау­һартастың» қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың айтуынша, өнер ошағы автордың алдында шығармашылық емтихан тапсырғандай болды. Оның мәліметінше, Кеңес Одағында «Гауһартас» қазақ фильмдері арасында көрсетілім жағынан «Қыз Жібектен» кейін екінші орын алған.

– «Қыз Жібек» – біздің тарихымыз. «Гауһартас» жиырмасыншы ғасырды суреттейді, сондықтан бұл да – Дулат ағаның сұңғылалығы, даналығы. Бізде наурыз айы енді «Гауһартас» айы болады. Билеттер сатылымға шығып кетті, осы айдың алты спектаклінің билеті, наурыз айының да билеттері түгел өтіп кетті. Сұраныс болып жатыр, наурыз айында басқа да Салтанаттар мен Қайыркендерді шығарамыз. Осы спектакльді Нұрғайша апамыздың рухына арнадық. Себебі қойылымда Дулат ағамыздың сол апамызға деген биік махаббаты жатыр, – деді Асхат Маемиров.

«Гауһартастың» сахналық нұсқасы, шынымен де, те­бірентерлік болды. Екі жарым сағатқа жуықтайтын қойылымда көрер­мендерді бір күлдіріп, бір жылататын көріністер молынан қамтылды. Әртістер тыңғылықты дайындалып, режиссерлік шешімдер де ұтымды шықты. Бас кейіпкер Салтанаттың қайтыс болғаны Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнімен берілді. Бұл табылған шешім болды деп есептейміз.

Жалпы спектакльді көріп отырып, Шәріп Бейсенбаевтың аттас фильмімен салыстыруға тура келеді. Кинода негізгі кейіп­керлерді Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Досхан Жолжақсынов, Жанна Қуанышева секілді танымал актерлер сомдағаны белгілі. Театр актерлері образдарды солғындатып жібермей ме деген ойымыз болды. Жоқ, сәтті алып шықты. Қазбек Есқара (әке), Қалима Наушабаева (ана), Оразалы Игілік (Тастан), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов (Қайыркен), Инабат Ризабекова (Салтанат), Ернар Мұхамбет (Әскербек) өзіне бекітілген бейнелерді әсерлі сомдады. Жалпы спектакльге бірнеше актерлік құрам тартылған. Біз аттары аталған әртістердің ойынын көрдік.

Жанры музыкалық драма болғаннан кейін қойылымда ән де көп. Атап айтқанда, кинода қолданылатын композитор Мэлс Өзбековтің «Келші, айым», халық әндері «Гауһартас», «Құдаша», басқа да туындылар театрдың ұлт аспаптар оркестрі мен эстрадалық ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыс­та орындалды. Лейтмотивті жазып, музыканы өңдеген – Бауыржан Ақтаев.

Спектакльде әкенің отбасындағы орны сияқты қоғамдағы өзекті мәселелер де қозғалады. Бұл «Бала егер әкенің айтқанымен жүрсе, бұл дүние басқаша болар еді» деген әкенің сөзімен берілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button