Талайғы тарих

Қазақ елі – Алтын орда мұрагері

Қазақстан – аса бай тарихты және ата-бабалардың мәдени мұрасын иеленуші. Барлық уақыттарда да адамзат үшін өзінің тарихын біліп, зерттеу өзекті мәселе болған. Осыдан алты жыл бұрын, атап айтқанда, 2015 жылы ресми қазақ мемлекеттілігінің 550 жылы аталып өтті. Сөз жоқ, сол сәтті атап өту салыс­тырмалы жас егемен еліміздің өміріндегі айтулы оқиға болды.
Уақыт өтеді, дәуірлер өзгереді, ал біз бүгін ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақ хандығы құрылуы мерей­тойына байланысты іс-шаралар біздің мемлекеттілігіміздің бас­тауларын ашып көрсететін болады. Атаулы күнді тойлау идеясын Тұңғыш Президентіміз ­Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы қазанның соңында ұсынған-ды. Елбасы сол жылдың күзінде жетекші отандық телеарналар өкілдерімен кездесу барысында: «Біз тәуелсіздігімізді қиын-қыстау кезде алып, әртүрлі қиындықтардан өттік. Енді, жағдайымыз жақсарған сәтте, біз тарихымызға, рухани құндылықтарымызға назар аударуға тиіспіз. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бізге, әсіресе жастарымызға өте қажет деп ойлаймын» деген-ді.

[smartslider3 slider=105]

Аталған мерейтойды тойлау аясында, 2015 жылғы қазанның     9-ында Нұрсұлтан Назарбаев Таразда «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің ашылуы салтанатына қатысып, сонымен қатар «Көне Тараз» мұражайында болды. Салтанат барысында Елбасы монументке гүл шоғын қойып, құттықтау сөз айтты. Ол қала халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, елордада басталып, Таразда жалғасқан мерекелік іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің түкпір-түкпірлерінде біздің ертедегі өткеніміз жа­йында мағлұматтарды зерттеп, жинау үшін экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз сақтар мен ғұндардан, түріктерден бастау алып, Қазақ хандығының туы көтерілген Шу өзені жағалауларына хандарымыз Керей мен Жәнібектің қоныс аударуына ұласты. Біз осы мерекені тарихымыздың ерте кезеңдерден басталатынын күллі әлемге паш ету үшін, бұл жайында өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға айту үшін өткізіп жатырмыз» деді Елбасы.
Қазақ хандығының мерейтойына арналған 2015 жылғы қыркүйектің 11-інде Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтанда) өткен салтанатты жиында ­Н.Ә.Назарбаев: «Біз қасиетті жеріміздің тарихы бірнеше мыңжылдыққа кететінін жадымызда сақтай отырып, ата-бабаларымызды құрметтеп, істеген істеріне лайықты баға береміз. Еліміздің тарихы өзінің бірегей өрнегімен Еуразияның бұрынғы және қазіргі өркениет­тері шоғында әсем үйлесім тапқан. Уақыттың көзге көрінбейтін жіптері бізді Қытайдың мыңжылдық тарихымен және қазіргі өмірімен, Таяу және Орта Шығыстың көптеген халықтарының өткенімен де, бүгінімен де біріктіреді. Тілдер мен мәдениеттердің есепсіз көп дәнекерлері арқылы біз бауыр­ластарымыз – бүгінгі таңда Мұзды мұхит жағалау­ларынан Жерорта теңізіне дейін өмір сүріп жатқан түрік халықтарымен байланыса аламыз. Ұлы түрік елі – ол бабаларымыз бен батырларымыз ортақ, рухани байлықтарымыз ортақ болған біздің арғы ортақ отанымыз. Бұл – біздің ортақ ұлы мұрамыз» деп атап көрсетті. Сөйлеген сөзін қорыта келе, Елбасы: «Біздің қасиетті жеріміз ертеде Ұлы дала деп аталса, ал біздер «Ұлы даланың балалары» атанғанбыз. Сондықтан бүгінгі таңда және қашанда біздің Қазақстанымыз – ол Ұлы дала елі! Бұл – өзгеріп, түрленген Ұлы даланың елі!».
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев әділетті атап өткеніндей, қазақ мемлекеттілігінің тарихы ерте замандардан, бұрын Қазақстан аумағында өмір сүрген сақтар мен үйсіндерден, ғұндар мен басқа да этностық қауымдастықтардан бастау алады. Ертедегі этнос­тардың мемлекетті басқарудағы іс-тәжірибесін еуразиялық империя – Түрік қағанатын құрған түріктер үйренген-ді. Бұл қағанаттың дәстүрлерінде оғыздар мен түргештердің, қарлұқтардың және ортағасырлық өзге де түркітілдес этностардың мемлекеттілігі құрылған-тын.
Көшпенділердің мемлекеттілігі дамуының жаңа кезеңі Шыңғыс хан империясының пайда болуымен және ол таратылған соң Қазақстан аумағында құрылған мемлекеттермен тығыз байланысты. Содан ке­йінгі мемлекеттік құрылымдардың шынайы мұрагері, дала мемлекеттілігін жалғастырушы қазақ жерінде XV ғасырдан XVIII ғасырдың басына дейін өмір сүрген Қазақ хандығы болды. Соңғы уақытта қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты пікірталастардың күшейгенін, оның 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздік жарияланғанға дейін өмірде болғанын теріске шығаратын үрдістер байқалғанын айтуымыз керек.
Сонымен, 2015 жылдың күзінде қазақ халқының хандары Керей мен Жәнібек құрған дербес мемлекеттік бірлестік – Қазақ хандығына 550 жыл толды. Аталған күндердің барлығы мемлекеттік сананың қайта оралуының тарихи сабақтас­тығын білдіреді және жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының елеулі тірегіне айналады. Ал бұл – біздің Мәңгілік еліміздің бар екенін паш ететін көрсеткіш. Қазақ халқының қалыптасып, қазақ хандығының құрылғанына бес жарым ғасырдан асып отыр, ал қазақ халқының ғасырларға кететін тарихы және ұлы қазақ хандарының саяси тарихы қазақстандық мемлекеттілік пен отаншылдықтың нығаюына септігін тигізетін болады.
Қазақ хандығы құрылуының нақты барысы Қазақстан аумағындағы екі мемлекеттің – Әбілхайыр хандығы (көшпелі өзбектер мемлекеті) мен Моғолстанның ішкі саяси ахуалына байланысты болды. Екі мемлекетте де көшпелі ақсүйектердің экономикалық күш-қуаты артып, оның орталықтан сыртқа қарай бағытталған ұмтылыс­тары күшейді. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу өңірінің рулары мен тайпаларының аса беделді көсемдері саяси тәуелсіздікке ұмтылды.
XV ғасырдың жиырмасыншы жылдарында-ақ қалмақтар жа­йылымдар мен табыс көздерін және сауда-саттық орталықтарына шығатын жолдар іздеп, Жетісу өңіріне шабуылдар жасай бастаған. Әбілхайыр хан 1457 жылы олардан қатты соққы алды. Қалмақтар Әбілхайырмен ол үшін ауыр жағдайларда келісімшарт жасасып, Шу арқылы өздерінің жерлеріне кетті, ал Әбілхайыр өз ұлыстарында, оның ішінде Қазақстанның оңтүстігінде де, оның билігін мойындамаған Жошы мұрагерлері билігін жазалап, қатаң шаралармен тәртіп орната бастады. Әбілхайырдың іс-әрекеттері және Моғолстан ханының Жетісу халқын қалмақ шапқыншыларынан қорғай алмауы бұқара халықтың ашу-ызасының одан сайын өршуіне келтірді.
XV ғасырдың қырқыншы- елуінші жылдарынан бастап-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі ру-тайпалардың басым көпшілігі Керей мен Жәнібектің айналасына шоғырланды. Саны көп қазақ руларының басқаруымен олар Моғолстан құрамына кіретін Жетісуға қоныс аударды. Бұқара халықтың осы әрекеті қазақтардың бытырап кеткен топтарының, оның ішінде Жетісудағы қазақтардың бір мемлекетке бірігуіне себеп болды.
Қазақ хандығы бастапқыда Батыс Жетісу аумағын, Шу мен Талас алқаптарын қамтыған-ды. Моғолдар ханының өзбек ұлысының сұлтандарына жылы шырайлы көзқарасын, біріншіден, Есенбұғаның ол кезде қарудың күшімен солтүстік көшпенділерінің шапқыншылықтарын тойтара алатын мүмкіндігінің болмауымен, екіншіден, Керей мен Жәнібекті және олардың әскерін өзінің иеліктерінің батыс шекарасын Тимур Әбу Саид қолдайтын бауыры Жүністің тартып алу ниетінен қорғайтын тірек деп қабылдауымен түсіндіруге болады.
Есенбұғаны осындай шешім қабылдауға итермелеген екінші себеп – ханның ішкі де, сыртқы да қатынастардағы маңызы оны қолдайтын феодал ақсүйектердің және ұлыс адамдарының басым санымен айқындалатын жағдайы. Сол себепті оның өз жағына күшті көршілерінің жауларын тартып, оларды пайдалану, егер қажет болса, оларға қарсы өздерінің ру-тайпаластарын да пайдалану ниеті туған-ды. Есенбұға 1462 жылы қайтыс болған соң, Моғолстанда іс жүзінде толық өкіметсіздік орнады. Дәл осындай жағдайда Жетісуда Қазақ хандығының пайда болып, нығаюы әбден заңды әрекет еді.

Керей мен Жәнібек Алтын Орда мен Ақорданың алдыңғы мемлекеттік бірлестіктері дәстүрлерін иеленген мұрагерлер болды. Қазақ мемлекеттілігінің негізін салушылар – Керей мен Жәнібектің қазақтардың тарихына сіңірген еңбегін шын мәнінде орасан деп және қазақстандық сәйкестік пен ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы қазақстандық отаншылдықтың нығаюы үшін тарихи негіз болып табылады деп айта аламыз. Сөйтіп, XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасында пайда болған Қазақ хандығы қысқа мерзім ішінде шағын көшпенді құрылымнан Орта Азиядағы аса қуатты және тұрақты мемлекеттердің біріне айналды.
XVII ғасырға қарай қазақтардың біртұтас халық болып қалыптасу үдерісі аяқталды. Нәтижесінде енді қазақтар деп Орталық Азияның Қазақ хандығына кірген барлық түрік және түріктерге жатпайтын ру-тайпалары аталатын болды. Сөйтіп, сол уақытқа қарай этностық дәстүрлер мен салт-ғұрыптардың, біртұтас діннің, тілдер мен мәдениеттердің қалыптасуы аяқталды.

Жасампаз табандылықпен дала билеушілері мен халық мемлекет аумағының бүтіндігі сақталуы үшін күресті. Қазақ хандығы бірте-бірте халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне айналды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Алтын Орда мен біздің бүгінгі мемлекеттігіміздің арасында тікелей байланыс бар деп айтуға болады. Профессор, т.ғ.д. Зиябек Қабылдиновтың пікірінше, Алтын Орда біздің тарихымыздан ойып тұрып орын алады. Оның қазақ халқының тарихына тура, тікелей байланысы бар. Біріншіден, Қазақ хандығы аспаннан түскен жоқ. Қазақ хандығын жайдан-жай, сырттан келген біреулер бізге құрып берген жоқ. Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері. 600 жылдай Қазақ хандығын Жошы ханның ұрпақтары биледі. Оны біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Екіншіден, Алтын Орданың жартысынан көбі, территория жағынан, Қазақ хандығын құрайды. Соны ешқашан ұмытпауымыз керек. Үшіншіден, Алтын Орданы құрған Жошының ұрпақтары Қазақстанда бүгінге дейін өмір сүріп жатыр. Кейбір деректер және шежіре бойынша олардың саны 25-30 мың деп айтылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019-2020 жылдар Алтын Орданың 750 жылдығы белгісімен өтті. «Біз оның мұрагерлері ретінде бүкіл әлем алдында көрініп, сол арқылы тарихи әділдікті қалпына келтірудің негізін қаладық. Бірақ бұл ретте Мемлекет басшысы айтқан «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы тиіс» деген маңызды ұстанымды есте сақтау қажет. Өз ұлылығымен рахаттану, тарихты мифтермен араластыру, өткеніміздің беттерін романтизациялау – өлі және пайдасыз жол. Жоқ, біз конъюнктурадан оқшау тарихты тыңғылықты зерделеп, оның ақ дақтарын бояп, тағдыршешті оқиғалардың егжей-тегжейлі деконструкциясын жүргізуіміз керек. Осы мақсатта Президенттің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі жанынан «Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты» құрылады» деп мәлімдеді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев.
Жалпы алғанда, Ұлы далада мемлекеттің құрылуы, шын мәнінде, бір мезгілде қазақ халқының саны өсуіне, орасан үлкен этностық кеңістік шектерінде ортақ заңнамалық нормаларды мойындайтын шаруашылық-мәдени, тіл бірлігі негізінде оның тұрақты бүтін ұлттық бірлестікке айналуына жағдай туғызды. Қазақ хандығы мен Алтын Орданың тікелей байланысы бар. Алтын Орда ыдыраған кезде Астрахань, Қазақ, Қырым хандықтары пайда болды. Сол кезде Қазақ хандығы да қалыптасты. Ана мемлекетті де, мына мемлекетті де төрелер биледі. Сондықтан біздің тарихымызда Алтын Орданың алатын орны ерекше. Оны біз мақтан етуіміз керек, оны үнемі зерттеп, зерделеп отырғанымыз жөн.

Талғатбек ӘМИНОВ,  Мемлекет тарихы институтының

аға  ғылыми қызметкері, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button