Басты ақпаратҚала тіршілігі

ҚИМАСТЫҚҚА ТОЛЫ ҚОҢЫРАУ

БИЫЛ ЕЛОРДАДАҒЫ ЕҢ КӨНЕ ОҚУ ОРДАСЫ – ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ АТЫНДАҒЫ №4 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНА 110 ЖЫЛ ТОЛДЫ.

Осы тарихи дата аясында мектеп басшылығы бір айға жуық ауқымды шаралар ұйымдастырды. Бәрі де өте қызықты, тағылымды болды. Әр жылдары білім ұясынан түлеп ұшқан түлектердің әдемі әсерге толы кездесулері өтті. Мектеп мұражайының меңгерушісі Дариға Мұстафинаның «Ғұмырлы білім ордасы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Енді айта берсе, жақсы сөз көп.
Уақыт деген – атқан оқтай, шапқан аттай жүйрік. Мен де осы мектепті тәмамдап, өмір сапарына алғашқы жолдама алдым. 1990 жылдары сол кездегі оқу ордасының басшысы Жанна Байсейітқызының шақыруымен өзім түлеп ұшқан алтын ұяма оралып, директордың эстетика жөніндегі орынбасары болдым. Дәл сол жылдары гимназияның жанынан сол уақыттағы Білім министрінің орынбасары Шәмшә Беркімбаеваның қолдауымен қаладағы алғашқы қазақ балалар музыка мектебі отау құрды. Соны ұйымдастыру маған жүктелді. Біраз қиындықтарды көрдік. Бірақ оған мойыған жоқпыз. Сол музыка мектебінен қаншама талантты жеткіншектер қанаттанды.
Әне-міне дегенше асыға күткен сыңғырлы соңғы қоңырау сәті келіп жетті. Оған мектепті 40, 51, 56 жыл бұрын бітірген түлектер жиналды. Олардың бәрі бүгінде самайларын ақ қырау басқан егде кісіге айналған. Өткен қызықты шақтарын еске алып, бір-бірімен мәре-сәре жүздесіп, тәп-тәтті күй кешті. Одан кейін жас толқын да келіп, өздерінің ізгі лебіздерін білдірді. Ең ғажабы, осыдан дәл 80 жыл бұрын білім алған, бүгінде мектептің жасы үлкен түлегі, 94 жастағы Үкіжан Сәдуақасқызы да қатысты. Тектінің тұяғы, ақылман әжеміз қыр астынан сағым болып бұлдырап қалған балалық дәуренінен естелік айтып, жиналғандарға батасын берді.

Оспан Сүлейменұлы,
ҚР білім беру ісінің үздігі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button