Басты ақпаратКарантин

«Қызыл аймаққа» қайта оралдық

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында індеттің таралуына, қаладағы карантин режимінің сақталуына қатысты онлайн брифинг өтті.

Естеріңізде болса, 10 желтоқсаннан бастап елорда коронавирус инфекциясы бойынша «қызыл аймаққа» кірген еді. Осыған байланысты карантин талаптарын бақылайтын мониторинг тобының жұмысы жалғасуда. Кездесуде Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева 13 наурыз-10 желтоқсан аралығында бас шаһарда 16880 індетке шалдыққандар тіркелгенін атап айтты. «Қазіргі уақытта 23934 адам карантиннен шығарылды. 15583 адам амбулаториялық ем алды. Бүгінге дейін 340 адам қайтыс болды. 837 адам стационарлық және амбулаториялық ем алып жатыр. Коронавирус инфекциясының тіркелуі әлі де жалғасуда. Тәулігіне 50-120-ға дейін ауру белгілері тіркелуде» деді Жанна Пірәлиева.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елордадағы инфекциялық стационарларда дәрі қорының жеткілікті екенін атап өтті. «Қазіргі уақытта қаланың инфекциялық стационарларында 204 науқас ем алып жатыр. Жалпы төсек орындар саны – 560. Оның 38 пайызы бос емес, яғни науқастар жатқызылған. Ал 705 нау­қас амбулаторлық түрде ем алуда. Бұл дегеніміз – симптомсыз жағдайлар. Мобильді бригадалар олардың үйі­не қажетті дәрілерін апарып беріп жатыр. Алдын ала дайындалған жағдай бойынша қазіргі күнде негізгі күш амбулаторлық емдеуге түсіп отыр. Әр емханада 2-3 фильтр кабинеттен ашылды. Егер жедел респираторлық инфекциялардың симптомдары болса, науқастар өздері емханаға барып, бөлек есіктен кіріп, сол фильтр кабинеттерде қызуы өлшеніп, ПТР тест тапсыра алады. Ал егер науқастың жағдайы нашарласа, 103 нөміріне немесе жақын жердегі амбулаториялық емханаға хабарласып, мобильді топты үйіне шақыра алады. Олар үйге дәрі-дәрмекпен және ПТР тест алуға арналған құралмен бірге барады. Қазіргі уақытта қаладағы стационарларда дәрі қоры жеткілікті. Оттегімен қамтамасыз етілген» деді ол.
Мониторингтік топтың рейдтік жұмыстары нәтижесінде санитарлық талапты бұзған 107 қоғамдық тамақтану нысаны, 9 дүкен, көңіл көтеру нысандары, 41 СОО жанындағы батут орталығы, ойын-сауық орталығы, түнгі клуб және 1 шиномонтаж анықталған. «Қазіргі уақытта алдағы мерекелерге байланысты әлеуметтік желілерде корпоративтік кештер ұйым­дастырылатыны туралы ақпараттар түсіп жатыр. Біз бұл бойынша арнайы мониторинг жүргіздік. Қоғамдық орындар, әсіресе көңіл көтеру орындары, азаматтар көп шоғырланатын тұстар толықтай бақылауымызда» деді Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметiнiң бас­тығы Ғосман Жакин.
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Тәуелсіздік күнінде қала тұрғындарының 4 күн демалатынын айтып: «Осы мейрам күндері барынша сақтықпен үйде болыңыз­дар. Жақындарыңыздың және өздеріңіздің денсаулықтарыңызды сақтаңыз­дар» деп ескертті.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button