Басты ақпаратШаһар шежіресі

Реновация: қала келбеті қалай өзгереді?

Елорданың тартымды келбетін және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, өмір сапасын арттыру мақсатында әлі де атқарылатын жұмыс ауқымы алда тұр. Оның біршамасы биыл 11 шілдеде өткен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте көтеріліп, Мемлекет басшысы бас қаланың дамуына қатысты көп мәселенің басын ашып берген еді.

Атап айтқанда, апатты жағдайда тұрған ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялау, қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту үдерісі тоқтамай, жалғаса беруі керектігі баса айтылды. Оның жүйелі шешімі Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялаудың және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының» жобасында көрініс таппақ.

Елге ел қосылып, Есілдің екі жағалауында мемлекетіміздің жаңа астанасы қазық қаққанда, бұрынғы облыс орталығы аз уақытта кешенді мегаполиске айналады дегенде көп адам сенбеген болар. Жаңа әкімшілік орталықтың бой көтеруі – елорданың керегесін кеңейтіп, жаңа аумақтарын игеру ғана емес, сонымен қатар, қалалық ортаны, оның ішінде өмір сүрудің барлық жүйесін реновациялау іс-шараларын қамтитын қаланың қалыптасқан бөлігін кешенді дамыту.

Екпінді құрылыс Ақмолаға көшкен сәттен бастап, 1997-2013 жылдар аралығында Слободка деп аталатын Кенесары көшесінің, Комсомольский кентінің және басқаларының аумағындағы саяжайлар мен тұрғын үйлер бұзылды. Өткен кезең ішінде барлығы 2280 га аумақта нысандар бұзылып, оларға жаңадан 5,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл реновациялаудың шартты түрде алғанда бірінші кезеңі болатын.

Бұзылған аумақтарда тұрғын үй нысандары ғана емес, жаңа көшелер салынды, жаңа желілер жүргізілді, саябақтар, бульварлар, гүлзарлар, қоғамдық кеңістіктер жабдықталды. Соның бір мысалы: Республика даңғылындағы бес қабатты «хрущёвкалар» көз алдымызда жаңа ұлттық нақышта әрленді. Нәтижесінде үлкен көшенің бойында қатар орналасқан ғимараттар ескі қаланың көркін кіргізген көрікті даңғылға айналды. Биыл осы көшенің жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, қоғамдық кеңістіктер ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді.

Қазіргі кезде елорданың көппәтерлі тұрғын үй қоры 3309 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды екен. 2011 жылдан бастап 202 тұрғын үй жөнделді. 175 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша 10324 лифт жабдығы жұмыс істейді, оның ішінде 272 лифт жабдығы ауыстырылды, әлі де тозығы жеткен 288 лифт жабдығын ауыстыру талап етіледі.

2013 жылғы жағдай бойынша Астанада одан әрі қарай тұру адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін барлығы 450 апатты жағдайдағы үйлер саналды. 2013 және 2022 жылдар аралығы кезеңінде авариялық жағдайдағы үйлерді бұзу және тұрғындарды көшіру сол сәтте қолданыста болған «Қолжетімді баспана-2020», «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламаларының шеңберінде қарастырылған авариялық жағдайдағы үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыру аясында жүзеге асты.

Аталған бағытты іске асыру кезінде Астана қаласы әкімдігінің өкілетті органы – «Елорда даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шарт жасаған «ТOKI» мемлекеттік кәсіпорнының қатысуымен қала ортасын регенерациялау бағдарламасын іске асыру бойынша Анкара қаласының әлеуметтік тұрғын үй құрылысындағы тәжірибесі қолданылды. Бұл ретте салынған тұрғын үй үлесінің шамамен 30 пайызы апатты жағдайдағы үйлерден қоныс аударту үшін тұрғындарға өтеусіз берілді, өкілетті орган қалған бөлігінен түскен қаражатты жаңа тұрғын үй кешендерін салуға қайтадан инвестиция жасау мақсатында еркін нарықта сатты.

Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу қанатқақты жобасының бірінші кезеңінде 2013-2017 жылдар аралығы кезеңінде ауданы 592,3 мың шаршы метр болатын 64 тұрғын үй пайдалануға берілді. 228 авариялық жағдайдағы үй иелерін қоныс аударту үшін 3500-ден астам пәтер коммуналдық меншікке өтемсіз берілді. Жаңа құрылысқа қайта инвестициялау үшін 44,5 млрд теңге бөлінді.

Авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзудың екінші кезеңін іске асыру шеңберінде 2018-2020 жылдар аралығында 34 тұрғын үй немесе 342,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Коммуналдық меншікке 819 пәтер өтеусіз берілді, бұл 47 авариялық жағдайдағы үй тұрғындарының қоныс аударуын қамтамасыз етті. Жобаны қайта инвестициялауға 57,7 млрд теңге бағытталды.

2013-2022 жылдары жоба аясында 934,7 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 12501 пәтер пайдалануға берілді. Жоба аясында 146,2 млрд теңге игерілді. Тұрғын үй құрылысына өкілетті ұйымның өз қаражатынан 102,2 млрд теңге салынды, бұл бастап­қы қаржыландыру көлемінен 2,5 есеге артық. Құны 50,6 млрд теңге актив коммуналдық меншікке берілді. Авариялық жағдайдағы үйлерден қоныс аударту үшін коммуналдық меншікке 4354 тұрғын және тұрғын емес үй-жай берілді, бұл 275 авариялық жағдайдағы үйді бұзуға жағдай жасады. Бұл бұзуды қажет ететін үйлердің жалпы санының 56 пайызын құрайды. Астанада авариялық жағдайда деп танылған 200-ден астам көппәтерлі тұрғын үй бар.

Елорданың жаңа Бас жоспарының болжамы бойынша 2035 жылға қарай Астана қаласының халқы шамамен 2,3 млн адамды құрайды. Бұл ретте қала аумағын сәулет-кеңістік және функционалды-жоспарлы ұйымдастыру, инженерлік инфра­құрылым, сондай-ақ сапалы көлік жоспарлаумен және экологиялық таза қоршаған ортамен толық қамтамасыз етілген кезде елорда тұрғындарының тұрғын үйге, әлеуметтік-мәдени нысандарға, абаттандырылған қалалық ортаны дамытуға деген нормативтік қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 8 ақпандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дайынды­ғына қарай тұрғын үйді іске қосу қажеттігі туралы тапсырма берді. 2016 жылы бекітілген Бас жоспарға сәйкес, болжам бо­йынша халық саны 2030 жылға дейін 1,2 млн адамды құрауы тиіс болатын. Аталған көрсеткішке 2021 жылдың соңында қол жеткізілді. 2023 жылғы 1 қаңтарда елордада 1 млн 350 мың адам тұрады.

Соңғы 3-4 жылда елордада тұрғын үй құрылысының 5-6 жылдық нормасы орындалды және нәтижесінде 10 млн шаршы метрден астам дайын тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жаңа Бас жоспар бойынша 2035 жылға қарай елорда халқының болжамды саны (2, 3 млн адам) қосымша су, жылу және энергия көзін құру, су бұру және кәріз, оның ішінде нөсерлі кәріз мәселелерін шешу бөлігінде тың талаптар қояды. Қаланың экологиялық ахуалы да назардан тыс қалмау керек. Дегенмен тұрғын үйге деген жоғары сұраныс тұрғын үй нарығында өз қағидаларын орнатуда. Қала құрылысы қызу жүруде, көпқабатты жаңа үйлер бой көтеруде. Бірақ қазіргі уақытта бас құрылыстар мен инженерлік инфрақұрылым желілерінің өз деңгейінде қамтамасыз етілмей, тұрғындар наразылық білдіруде. Жолдар мен әлеуметтік нысандарды салу тұрғын үйді іске қосу мерзімімен теңеспеген, әлеуметтік нысандар құрылыс компанияларының жобасына кірмей, экологиялық проблемалар да шиеленісуде. Қазірдің өзінде қалада энергиямен, сумен қамтамасыз ету тапшылығы қалыптасып отыр.

Мәселелердің маңызын ескере отырып, 2023 жылғы 31 қаңтардағы Мәжілісте Мемлекет басшысы Астана қаласы әкімдігіне Үкіметпен бірлесіп реновациялау және модернизациялау бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Бағдарламаның мақсаты – қаланың қалыптасқан бөлігін жүйелі түрде қайта салу арқылы тұрғын үй құрылысындағы дәйекті қала құрылысы саясатын әзірлеу, аумақты жинақы салуды ұйымдастыру, Астана қаласының бейнесіне Қазақстан Республикасының астанасына ғана тән бірегей ерекше реңк беру.

Алға қойған мақсатқа жету үшін мына міндеттерді шешу керек: апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу, инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымды дамыту, реновация­лау аумағын игеру үшін жеке құрылыс салушыларды тарту. Одан бөлек, тұрғын үй қорын модернизациялау, қала аумағын жинақы салуды және коммуникацияларды: инженерлік, көліктік және әлеуметтік-­мәдени нысандарды теңгерімді дамытуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар құрылыс аумағын, авариялық жағдайдағы үйлерді бұзу кезеңдерін, қала ортасын реновациялау іс-шараларын айқындау да жобаның нәтижелі жемісінің кепілі болмақ.

Алдағы жылдары Астана қаласындағы авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу мәселесіне тоқтала өтсек, оның да кешенді жоспары мен тәртібі бар.

Астана қаласында авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу Астана қаласы әкімдігінің өкілетті ұйымының әкімдік бөлген жер учаскелерінде тұрғын үй құрылысын жобалау мен салуды ұйымдастыруды, салынған тұрғын үйлердің үлесін коммуналдық меншікке беруді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның авариялық жағдайдағы үйлердің иелерін қоныс аударту үшін нарықтан тұрғын үй сатып алуын, қалалардың ескі орамдарын қайта салуды көздейді.

Астана қаласында авариялық жағдайдағы үйлерді бұзуды және қолжетімді тұрғын үйді салуды ұйымдастыру жұмысының ауқымы анықталды. Сонымен қатар авариялық жағдайдағы үйлерді бұзу және азаматтарды қоныс аударту тетігін іске асыру әкімдік белгілеген іс-шаралар негізінде жүргізіледі. Осылайша елордамызда жоспарланған реновация кезең-кезеңімен іске асып, ысырылған ескі үйлердің орнында жаңа үйлер салынып, қоғамдық кеңістіктер орнатылып, қала тұрғындарына жайлы, әсем қалаға айналады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button