Экономика

Шағын және орта бизнес Астана қаласында қарқынды дамып, республика бойынша бірінші орында тұр

Бүгінде елордада бизнес бастаймын деген әрбір адамға қолдаудың түр-түрі бар. Қаржысы жетпей қолы байланып жүргендерге төмен пайызбен несие берілсе, мүмкіндігі бола тұра кәсіп бастауға тәуекел ете алмай жүрген жандарға да жол ашық. Арнайы тренингтерге қатысып, қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтуге болады. Ол үшін тек жақсы бизнес-идеяңыз болса жетіп жатыр.

IMG_2256 (1)

Осы мақсатта Астана әкімдігі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несиелік және басқа да қаржылық қолдаулар көрсетуге негізделген бағдарламаларды қолға алып отырғаны белгілі. Соның ішінде жас буынға қолдау бағытында қолға алынған «Astana-ZhasStarT» бағдарламасын айтуға болады. Бұл бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер қатысып, 7 пайыздық үстемемен 20 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Бағдарлама барысында негізінен франшиза тартуға, ритейлдік, яғни, супермаркеттер, гипермаркеттер желілерін, қоғамдық тамақтану пункттерін дамытуға және модернизациялауға арналған жобаларды қаржыландыруға басымдық беріледі. Аталмыш бағдарлама «Болашақ» қауымдастығы мен «Даму» қоры арасындағы арнайы меморандум негізінде іске асырылып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған бес-алты жылдың ішінде барлығы 500-ден астам жоба мақұлданды. Тек өткен жылдың өзінде ғана 11,9 млрд теңгенің 67 жобасы қолдауға ие болды. Ал несиелерге жартылай кепілдік беру бойынша жалпы кепіл сомасының өзі 4 млрд теңгеге жуықтап қалды. Оның 1,1 млрд теңгені құрайтын 35 жобасы былтыр мақұлданды. Сонымен қатар, күні-бүгінге дейін қаржылық көлемі 60 млн теңге шамасында 20 гранттық жоба қабылданды. Соның бесеуі, яғни, 15 млн теңгесі өткен жылғы көрсеткіштің үлесінде» дейді Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Нұргүл Назарова.

IMG_8680
Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, 2016 жылдың қаңтар-наурыз айларының өзінде ғана Астана қаласының экономикасына деп жалпы көлемі 242,6 млрд теңге несие беріліпті. Оның 118,8 млрд теңгесі шағын және орта бизнес өкілдеріне бағытталып отыр.
Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында елордамыздағы шағын және орта бизнес нысандарының саны біршама артып, 105 мыңға жуықтап отыр. Бұлардың 70 мыңнан астамы – жеке кәсіпкер, 27 мыңы – заңды тұлға ретінде тіркелгендер. Қалғандары – жеке шаруа қожалықтары. Шағын және орта бизнес секторындағы қосымша құнның жиын­тық үлесі қала экономикасының жалпы көлемінің 62 пайызына жетіп отыр.

DSC_8371
Осылайша Астана қаласы өңірлік жалпы өнімінің көлемі 4 трлн 560 млрд теңгеге жетіп, өсім қарқыны бойынша ел аумағында бірінші болып тұр. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 80,5 пайызды құрайды деп күтіліп отыр. Аталмыш бизнес өкілдері тек өткен жылдың өзінде ғана 3 215,8 млрд теңгенің тауарын өндіріп, қала бюджетіне 399,48 млрд теңге көлемінде кіріс кіргізген. Барлығы 287,74 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.
Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне қарағанда, елордада өткен жылдың соңғы бірнеше айдың өзінде ғана шағын және орта бизнес саласында 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылған екен.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button