Басты ақпаратЖаңалықтар

СУИЦИД – РУХАНИ КЕСЕЛ

Бұрындары «жасөспiрiмдер өз-өзiне қол жұмсады» дегендi естiмеушi едiк. Соңғы кездерi «бiреудiң баласы асылып қалыпты, өзiне-өзi қол жұмсапты» деген жаманат хабарды көп еститiн болдық. Дос түгiл жауыңа тiлемейсiң ғой мұндай сұмдықты.
Он екiде бiр гүлi ашылмаған жеткiншектер өмiрiн неге қыршын қиды
екен? Күн сайын  бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай қайғылы оқиғалар туралы хабарлап жатады. Қай ата-ана болмасын «Бауыр етiм баламды мұндай дерттен қалай құтқарсам?» деп ойлары хақ. Осы тұрғыда, әрине, көптеген мә­се­лелер туындайды. Қоғамда нелiктен жасөспiрiмдер арасындағы өзiн-өзi өлтiру жағдайлары белең алып отыр? Мүмкiн, бiз балаларға шектен тыс еркiндiк берiп, өз тамырымыздан айырылдық па? Мүмкiн ұрпақаралық сабақтастық үзiлiп, қоғамның iштен iруi болып жатыр ма? Сұрақ көп, жарытымды жауап жоқ.
Пайымдай бiлген кiсiге, бұл жайбарақат айтыла салатын, не жабулы қазан күйiнде қалдыра қоятын мәселе емес. Ең өзектi проб­лема! Ресми мәлiметтерге жүгiнсек, Қазақстан 100 мың адамға шаққанда суицид бойынша әлемде үшiншi орынға шығыпты. Ойланатын жайт. Жыл сайын 1 миллион адам өзiн ажалға қиса, солардың 8 мыңы – қазақ­стандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бiр адам өз еркiмен өмiрмен қош айтысып жатады. Бiр атап өтерлiгi, елiмiзде адам өлтiр­гендерге қарағанда өз-өзiн өлтiргендер саны әлдеқайда көп екен.
Елiмiздiң Бас прокуратурасы балалар суицидiне байланысты зерттеу жүргiзiп, оларды өлiмге итермелейтiн факторларды анықтауға тырысқан. Бiрiншi кезекте баланың әлеуметтiк-психологиялық жағдайы күрделi болуы мен тұрмыс деңгейiнiң төмендiгiмен байланыстыр­ған. Алайда, осы күнi жан қиып жатқан жеткiншектер арасында ауқатты отбасыдан шыққан балалар да бар. Жасөспiрiмдер арасындағы суицидтi мамандар өтпелi кезең мен баланың жас ерекшелiгiмен байланыстырады.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы суицидтiң 800 түрiн анықтаған. Оның 41 пайызы – белгiсiз, 19-ы – жазалау алдындағы қорқы­ныш, 18-i – iшкi күйзелiс, 18-i – отбасылық жағ­­дай, 6-уы – сезiмге, 3-i – қаржылық дағдарысқа байланысты деп көрсет­кен. Сондай-ақ, денсаулығының нашарлығы да өзiне-өзi қол жұмсауға итерме­лейтiн фактор болып белгiленген. Психолог мамандардың айтуынша, суицидке итермелейтiн жалғыз себеп ол – жалғыздық. Бiзге белгiлi болғандай, елордада өз еркiмен жан тапсырған жасөспiрiмдердiң екеуi өлiмнiң себебiн баянсыз махаббатпен байланыс­тырған. Тағы бiр бала ата-анасының ажырасып, басқа отбасы құрғанын көтере алмаған. Үшiн­шiсi соңына қалдырған хатында өзiнiң жақсы бала, үлгiлi оқушы екендiгiне сенiмсiз екенiн айтқан. Бiр қызығы, мемлекет пен үкiметтiк емес ұйымдар тарапынан бұл кеселдiң себебi мен оны шешуге бағыт­талған әлеуметтiк зерттеу жоқтың қасы. Кезектi өлiм орын алғанда, ата-ана, мектеп, полицейлер болып үш жақтан анықтауға кiрiседi. Яғни, оның алдын алып, ауырмайтын жол iздеу қажеттiгi сол кезде ғана қолға алына­ды. Ата-ана баланың көп уақытын мектепте өткiзетiнiн айтып, кiнәнi сырттан iздейдi. Ал, мектептегi ұстаз болса, оның себебiн отба­сылық проблемамен бай­ланыстырып, ата-анаға ысырып қояды. По­лицейлер әлiмжеттiк көрсету, қыспақ жасаудың соңынан келген кесел деп өз тұжырымдарын айтып жатады.
Осы орайда,  ата дiнiмiз исламда өзiне-өзi қол салушыларға қатысты не айтылатыны да маңызды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерiнде өзiне-өзi қол салу ауыр күнә ретiнде сипатталады. Мысал үшiн Алланың елшiсiнен сахабасы Хурайра жеткiзген бiр хадисте: «Бiр адам өзiн таудан тастап, өлтiрсе, ол адам жаһаннамда (тозақта) болады. Сөйтiп, өзiн мәңгi тозаққа тастайтын болады. Ал, бiр адам у iшiп өзiн-өзi өлтiрсе, сол удан тозақта мәңгi iшетiн болады. Сондай-ақ, бiр адам өзiн пышақпен немесе қылышпен өлтiрсе, сосын сол пышағымен немесе қылышымен өзiн-өзi тозақта да өлтiретiн болады», – делiнген. Ата дiнiмiзде осылайша өзiн-өзi өлтiру орны толмас ауыр күнә есебiне жатқызылады.
Суицидтiң соңы барлық жағдайда өлiммен аяқтала бермейдi. Жарық дүниемен қош айтысқысы келген адамды құтқарып қалуға болады. Физикалық жарақат болмаса да, жан дүниесiн емдеуге көптеп күш жұмсауға тура келедi.
Астанада психикалық жәрдем көрсететiн жалғыз орталық бар. Ол – Астана қаласының Психикалық денсаулық мәселелерi медицина­лық орталығы. Тәулiк бойы жұмыс iстейтiн орталық мамандарының адамдарды өлiмнен «құтқарып» қалған кездерi болды. Мамандардың айтуынша, өлiмнiң себебiн материалдық жағдаймен байланыстыруға болмайды. Мәселен, әл-ауқаты бiзден жақсы саналатын Латвия – суицидтен АҚШ-тан кейiн тұрған екiншi мемлекет. Көп жағдайда ата-ананың «керек» деген сөзi баланың күйзелiске ұшырауына әкелiп соғып жатады дейдi орталық мамандары. Айталық, әке-шешесi «Сен үздiк оқушы болу керексiң. Музыкант немесе заңгер болуың керек», «Мiндеттi түрде жоғары бiлiм алуың керек» деп баласының қабiлет-қарымына қара­мастан, мiндет жүктеп жатады. Үлкендердiң сенiмiн ақтай алмаған баланың бойында қорқыныш пайда болып, оны шешудiң бiр-ақ жолы бар деп бiледi. Сондай-ақ, бұл қадамға баруға iшiмдiк пен нашақорлық, эмо, гот сынды жастар арасындағы субмәдениеттiң де ықпалы тиiп жатады. Бұдан бөлек, фильмдердiң де әсерi барын айта кеткен жөн. Кеңес заманында киноны идеология құралы ретiнде пайдаланғаны баршаға аян. Мәселен, Германияда «Студенттiң өлiмi» атты 18 сериялық хикая көрсетiлдi. Фильмнiң басты кейiпкерi соңында пойыздың астына түсiп өледi. Сол хикая аяқталысымен Германияда суицид 80 пайызға көбейiп кеткен. Бiздiң елде көрсетiлген «Школа» деген фильмнiң нәтижесiнде суицид 30 пайызға ұлғайды. Тiптi, Ресейде сол фильмдi сотқа берiп, сол процесс әлi күнге дейiн жалғасып келедi.
Суицидке итермелейтiн негiзгi фактор – депрессия. ДДҰ болжамы бойынша 2030 жылы депрессияның салдарынан болған суицид жүрек-қан тамырлары мен рак ауруларының алдын орап кетедi. Сондықтан, балаға бажылдап айқайлап алып, артынан жер сипап қалмау үшiн, ата-ана мейлi ұстаз, ең бастысы, жақсы психолог бола бiлуi керек. Өзi бола алмаса, баланы депрессиядан алып шығатын бiлiктi психоте­рапевт маманға көрсету қажет.
«Ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде» деген сөз бар. Жалпы, баланың бұзақы­лыққа салынып немесе өзiне-өзi қол жұмсауына жол бермеу үшiн, бiрiншi кезекте, ата-ана оған көңiл бөлуi қажет. Бiрiншiден, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы сенiмдiлiк негiзiнде құрылуы керек. Алғашқысы көп жағдайда баланың айтқанын елей бермейдi. Болмашы бiр нәрсеге дауыс көтерiп жататындар бар. Оның барлығы баланың еңсесiн түсiрiп, әке-шешесiне деген сенiмсiздiк туғызады. Әрi ата-ананың таңнан кешке дейiн жұмыста болатынын ескерсек, баламен отырып сөйлесуге уақыт бола бермейдi. Осы аралықта бала немен айналысты? Ол жағы белгiсiз… Кез келген бала әке-ше­шесiне телефон арқылы хабарласып сөйлесе алатын, «әрi сен маған бөгет жасап тұрсың» деген жауап естiмейтiн деңгейде болуы керек. Екiншiден, баланың кiммен және қалай араласатынын қадағалау керек. Қажет болған жағдайда баласының достарымен де араласып, мүмкiндiгiнше оның отбасы туралы бiлуге талпыну қажет. Өйткенi, ол араласатын бала тұрмыс деңгейi төмен немесе қараусыз қалған бала болса ақша сұрау, әлiмжеттiк көрсету сынды басқа да проблемаға әкелiп соғуы мүмкiн. Ең бастысы, қандай жағдай болмасын бала өз проблемасымен өзi жеке қалмай, әке-шешесi немесе туыстарымен бөлiсе алатындай ету қажет.
Өмiр – Алланың адамға берген ең үлкен нығметi және аманаты. Ендеше, аманатқа қиянат жасамай, өлшеулi өмiрдi өнегелi өткiзсек, ең бiрiншi өзiмiз үшiн пайдалы. Сондай-ақ, Жаратушының бергенiне үлкен жауапкершi­лiкпен қарау есеп күнiне дайындықтың алғышарты екендiгiн де ұмытпағанымыз абзал.
Өмiр – күрес. Бұл – өмiр заңдылығы. Мықты әлсiздi алып жығады. Ал, қоғамның әлсiз буыны ол – жасөспiрiмдер. Аңғал. Сенгiш. Тәжiрибесiз. Өмiрдiң кез келген құбылысын жанына жақын қабылдайды. Әлi келмеген, күшi жетпеген, ақыл таппаған, жалғыз қалған тұста өлiмге жүгiредi. Бәлкiм, жұрт назарын өзiне аударудың оңай жолы осы деп ойлар. Себебi, көптеген ата-аналар баласы өлiмге жүгiнгеннен кейiн ғана көңiл бөлiп,  құлазыған жан дүниесiн түсiнуге тырысады. Бiрақ, тым кешiгiп қалғандарын түсiне ме екен?!

Тұрар Шакен,

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы
Талдау және  әлеуметiк бастамаларды болжау орталығы басшысының орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button