Басты ақпаратБілім

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Кеше елорданың барлық мектептерінде сыңғырлаған үнімен жүректі тебірентетін соңғы қоңырау соғылды. Әсіресе, он бір жыл білім нәрін жинаған алтын ұяларынан арман жолына қанат қаққан 5 870 түлек үшін бұл айтулы шараның мәні бөлек. Енді олар мұндай салтанатты сәтті ешқашан бастан кешпейді. Бозбала мен бойжеткендердің бал-бұл жанған жүздерінен балалықтан арылмаған толқыныс, ұстаздарымен қоштасқысы келмеген қимастық сезім байқалып тұрды.

Жалпы, елордалық оқушылар астаналық мәртебе атына әбден лайық. Биыл да олар республика бойынша 12 рет қатарынан «Үздік команда» атағына ие болды. Сондай-ақ, біздің жеткіншектердің 2017-2018 оқу жылында халықаралық, рес­публикалық олимпиадаларда және ғылыми жобаларда қанжығалары бос қайтқан емес. Олар 39 алтын, 53 күміс және 90 қола жеңіп алып, бас-аяғы 182 медальді иеленді.
Жыл сайын мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы күтіп тұрады. Осы жылы оған елордадан 5 329 оқушы қатыспақ. Айтқандай, биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны былтырдан көп. Яғни, 277 түлек өз білімдерін қорғауға тас-түйін дайындалуда. Сонымен қатар, 318 оқушы үздік аттестат алуға бағын сынамақ. «Алтын белгі» үміткерлерінің көп бөлігін шаһардағы №48, №1, №54, №66 және №75-ші мектептің оқушылары құрап отыр.
Айта кетейік, Астанада ұлттық емтихан жылдағыдай 3 университеттің базасында ұйымдас­тырылады. Оның өту мерзімі: 20 маусымнан 1 шілдеге дейін жобаланған. Алдағы маусымның соңында қала басшылығы атынан «Алтын белгі» иегерлеріне арналған «Елорда мақтанышы» атты шара өткізіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button