Басты ақпарат

Сыршыл сезім суреткері

Кейде бір сапта жүрген әріптестер арасында ­журналистика туралы сөз бола қалғанда, кейбіреулер шетелдегі әлдебір атақты журналисті мысалға алып, соның туындыларын үлгі етіп, мақтап жатады. Жөн-ақ дейсіз! Бір жағынан, әркімнің таным-түсінігі, талғамы басқаша, сондықтан оған артық пікір айту қисынсыз. Алайда сол аяғын жерге тигізбей мақтаған тұлғадан еш кем емес, қазақ журналистикасының топ жарған тарландары да баршылық. Әріге бармай-ақ, кешегі қырағы кеңестік заманда мерзімді баспасөзде ұлт сөзін айта білген Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов секілді ардақтыларымыз неге тұрады?! Осы асылдардың ізін басып, өзі де журналистиканың көрнекті өкіліне айналған журналист-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат ЕЛШІБЕК ағамыздың да сан қырлы таланты мен еңбегін үлгі десек болады.

[smartslider3 slider=2940]

Кез келген таланттың ұшқыны адам бойынан бала күнінен байқалады. Біздің кейіп­керіміз жасынан кітаппен дос болып, жазуға деген ынтасы ерте қалыптасты. Оған анасының ықпалы да болып, «Балам, сен қарап жүрмей, жан-жағындағы көрген-білгеніңді қағазға түсіріп, күнделік жазып үйрен. Сосын мектебің туралы, ауылдағы жағымды жаңалықтар жайында газет-журналға хабар-ошар жазып жібер…» деп ақыл-кеңесін береді. Осы сөз қамшы болды ма, жас өрен енді ауылдағы жаңалықтарды мақала етіп, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жолдайды. Сөйтіп, Жанат ағамыздың алғашқы мақаласы 6-сыныпта сол кездегі «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде жарық көрді. Басылымда тұңғыш жарияланған дүниесі талапты жеткіншекке шабыт сыйлап, одан сайын мөлтек әңгіме, этюд, суреттеме жазып, қаламы ұштала түсті. Енді оның есімі туған ауылына ғана емес, балалар басылымын жаздырып оқитын оқырмандарға таныс болды. Сабақты да ешкімнен кем оқымады. Орта мектепті күміс медальмен тәмамдап, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне түсті. Жоғары оқу орнының соңғы курсында «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне қызметке қабылданып, талай жас журналистің қанатын қатайтқан бас редактор Шерхан Мұртазаның мектебінен өтті. Осы басылымда әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші, жауапты хатшының орынбасары болып қана қоймай, майталман еңбек адамдары мен табиғат туралы көркем очерктерімен, эсселерімен елге танылды. Сөйтіп, он жыл маңдай терін төгіп, еңбек еткен жастар газетінен талантты журналисті сол дәуірдегі «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы, белгілі публицист Сапар Байжанов аттай қалап шақырып алды. Осы басылымда қырық жылға жуық қызмет істеп, айшықты ізін қалдырды. Оның көбінде газеттің «жарым ырысы» дейтін жауапты хатшы қызметін атқарды. Бейнелеп айтқанда, редакциядағы жауапты хатшының бөлмесі – басылымның бас штабы. Осы штабтан журналистердің жазған дүниелері қорытылып, баспаханаға жол тартады. Қазіргі күні жауапты хатшылардың жұмысы көп өзгерген, жеңілдеді десе болады. Ертедегідей қарындашпен қағаз бояп отырмайды. Газет шығатын күні түні бойы баспаханада сабылып жүрмейді. Уақыт талабына сай бәрі де компьютермен атқарылады. Басылымды безендірумен дизайнер-верстальщик айналысады. Ал Жанат ағаның кезіндегі жауапты хатшылардың міндетін жанкештілікке жатқызуға болады. Газетті көркемдеу де өнердің бір түрі, оған шеберлік қана емес, суретшілік қабілет те керек. Осы қасиеттің бәрі ол кісінің бойынан табылды. Оның газеттегі макеттері мазмұндылығымен ғана емес, көркемдігімен ерекшеленді. Сондықтан бас редакторлар Жанат аға секілді бесаспап маманның қадірін білді. Сейдахмет Бердіқұловтың өзі оны: «Юнкорым – оң қолым» десе, Шерхан Мұртаза: «Жанат – жауапты хатшы ғана емес, жауапты азамат» деп бағалады. Баспасөз майданында аузы дуалы ағаларымен қатар жүріп, өнегесін алды. Бас басылымды басқарған Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Әбіш Кекілбайұлы секілді тұғырлы тұлғалардан тағылым түйді.

 

Жанат Елшібектің ұлттық журналистикадағы танымдық жанрды қалыптастыр­ған қаламгер ретінде де орны бөлек. Уақытында «Егемен ­Қазақстан», «Жас Алаш», «Ұлан», «Білім және еңбек», «Ақжелкен» газет-журналдарында тұрақты айдар ашып, таным бұрышын жүргізіп, әр басылым оқырмандарының зердесін байытты

 

1976 жылы жарық көрген «Жауқазын» атты алғашқы деректі хикаяты жарасымды жалғасын тауып, әртүрлі баспалардан «Студенттік меридиандар», «Алтын ұя», «Атамекен», «Қарлығаш», «Жоғалған теңіз», «Зерек», «Шағалалар жылай ма осы?», «Мың бір қызық», «Қош бол, теңіз», «Таным», «Уақыт – сынап», «Тағдыр желі» тәрізді публицистикалық-танымдық көркем әдеби кітаптары оқыр­ман олжасына айналды. Айтпақшы, «Жалын» баспасынан шыққан әдемі бір жинаққа «Шағалалар жылай ма осы?» атты эссесі «Шағалалар жырлай ма осы?» деп қызыл империяның сақтығынан көпе-көрінеу өзгертілді. Сондай-ақ генерал Сабыр Рақымовтың зайыбы Құралай Натуллаева туралы очеркінде генералдың ұлтын әдейі ашық айтпай, оңтүстік өңірде туған деп жазғаны үшін Қазақстан Орталық Комитетіне түсінік жазуға тура келді.

Жанат Елшібектің ұлттық журналистикадағы танымдық жанрды қалыптастырған қаламгер ретінде де орны бөлек. Уақытында «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ұлан», «Білім және еңбек», «Ақжелкен» газет-журнал­дарында тұрақты айдар ашып, таным бұрышын жүргізіп, әр басылым оқырмандарының зердесін байытты. Жазушы Жақау Дәуренбек қатарлас досының осы қырына ерекше тоқтала келіп: «Жанаттың журналистикадағы осы бір жұмбағы жайлы айтылып та, жазылып та жүрмегені өзіме мәлім-ді. Осы жолы шығармашылық шабыттың жолында көзге онша шалынбай келген оның осы жұмбағын алға тартудың реті келгендей. Ол жұмбақ Жанаттың өмір бойы журналистік жолында жарасым тауып келеді. Оның аты да, заты да – «Таным» атты оның қызықты қоры. Қор болғанда, баршаны қызықтыратын, еліктіретін, ойландыратын қор. «Сен білесің бе?» дегеннен бастап, «Оқы, қызықта» дейінгі орасан зор мағлұмат, дерек пен дәйек қоры өмір бойы тынымсыз тірнектің толағай табысы деуге болады» десе, журналист-ғалым Жетпісбай Бекболатұлы «Жанат Елшібек – қазақтың тәрбиетану ғылымында сөзжұмбақтың тарихын, оларды құрастыру тәсілдерін танумен түбегейлі айналысқан зерттеуші-журналист қана емес, ол қазақ тілінде құрастырылған тұңғыш алып кроссвордтың авторы да. Сөзжұмбақ құрастыру үздіксіз ізденуді, көп ойлануды, жан-жақты білімділікті, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Әсіресе танымдық ой-жұмбақтардың мектеп оқушылары мен жастардың ой-өрісін кеңейтуге, білім аясының артуына үлкен ықпал жасайтыны аян» депті.

***

Қазақ жырының өрен жүйрігі Ғафаң, кәдімгі Ғафу ­Қайырбеков: «Жазушыға керегі екі нәрсе – суретшілік талант, екіншісі – әдемі көркем тіл. Бірі болмаса, бірі жоқ. Көп жағдайда соның біреуінің жоқтығын мойындамай, қаншамыз ұзақ әуре боламыз. Жанатта, Құдайға шүкір, екеуі де бар» деп жазыпты қаламгердің шығармашылығы туралы жазған мақаласында.

Жалпы кейіпкеріміз жазу­шылық шеберлікке жету үшін журналистік ұзақ жолдан өтті. Бұл мамандықтың жазушы боламын дегенге берері де мол. Газетте қызмет істей жүріп, еліміздің әр өлкесін аралап, болмысы, мінез-құлқы бір-біріне ұқсамайтын қаншама адамдармен тілдесті. Солардың қайғы-қасіретін көзбен көріп, арман-мұңын құлағымен естіді. Жұмбақ жанына үңілді. Негізінен, қаламгер шығармашылығы теңізден тамыр тартады. Орыстың тамаша жазушысы К.Паустовскийдің «Теңізде туғандардың ақын болмасқа хақысы жоқ» деген сөзі осындайда еске түседі. Оның жұртшылық жылы қабылдаған «Жетім жұрт», «Қош бол, теңіз…» повестерінде туған жер тағдыры, бүгінгі ауыл бейнесі айшықты бейнеленген. «Қош бол, теңіз…» туралы көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова: «Жанаттың қаламынан теңіз бойының құмды ауылында балалығымыз өткен бәріміздің басымыздан кешкен өміріміз қаз-қалпында, айна-қатесіз қылқалам шеберінің суретіндей өрнектеледі. Әлемдік проблемаға айналып бара жатқан еліміздің байлығы – Арал мен Балқаштың көзі суала бастаған құдықтай көз алдымызда тартылып бара жатқанын, баяғы тұяғынан жел ескен жәудір жанар жануар – киік тобының да бұл күнде кәрі қойдың тісіндей сирегенін Жанат өз шығармаларында қарапайым тілмен нанымды да шебер суреттейді» дейді.

Талант иесі «Сырлы әлем» атты жинағында да елімізге белгілі сөз зергерлері мен өнер қайраткерлерінің жан дүниесі мен шығармашылық әлеміне терең бойлап, шынайы сыр толғайды. Әсіресе автордың дара қолтаңбасын танытқан бұл туындылардың қай-қайсысы да өзіндік жазу мәнерімен, танымдық-қызықты дерегімен, сезім пернесін шертер сипатымен көңілді, жылы әсерге бөлейді. Осы кітапқа алғы сөз жазған көрнекті ғалым, әдебиет сыншысы Серік Қирабаев: «Халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Мағауин, қазақ сөз өнерінің майталмандары мен маңмаңгерлері Балғабек ҚыдырӨбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Марфуға Айтқожина, Темірхан Медетбек, Жақау Дәуренбеков, Мағриа Қожахметова, Қастек Баянбай, Есенғали Раушанов, атақты қылқалам шеберлері Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Раушан Момбекова жайында жазылған дүниелердің бәрі де көркем әңгімедей ғажайып әсерге бөлейді. Маған сөз қасиетін жақсы танитын Жанаттың сыншылық, зерттеушілік, қыры қатты ұнады. Сондай-ақ жинаққа енген өзге де өнер иелерінің шығармашылық әлемін әңгімелеген эсселері ешкімді бей-жай қалдырмасы анық» деп лайықты бағасын берген.

Осы кітаптағы Шерхан Мұртаза туралы «Жебе-қалам» атты эссесінде мінезді тұлғаның болмысын, тектілігін, парасаттылығын үзік-үзік штрихтар арқылы ашады. Мына бір штрихқа үңіліп көрейікші: «1991 жылғы 15 мамыр. Сәрсенбі. Газеттің соңғы бетіндегі бас редактордың фамилиясынан бастап, редакция алқасы мүшелерінің аты-жөндері түгел тұңғыш рет «ов», «ев» жұрнақтарын алып тастап шықты. Осы нөмірді бекіту үстінде төртінші беттің макетінің оң жақ бұрышына Шерағаң қара сиямен бадырайтып аты-жөнін жаза бастады.

– Мырзалар, сәрсенбінің сәтінен бастап мен Шерхан Мұртазамын, – деді төңірегіне назар аударып. – «Ов», «ев» қамытынан құтылатын кез жетті. Осы идеяны көптен қолдап, әрі ұдайы қузап жүрген өзгелеріміз де макеттің шетіне жарыса қол қойдық. Айтпақшы, біз үшін үлкен оқиға саналған сол күннің куәсіндей төртінші беттің макеті менде сақтаулы, – дейді автор.

Жанат аға мерзімді баспасөз саласында он бір редактормен қызмет істепті. Он бір редактор дегеніміз – үлкен мектеп. Осы жинақта сол туралы парасатты ой өрбітеді. «Әр бастықтың, әр редактордың газет жасаудағы өз жұмыс стилі бар. Оларды бір-бірінен өзгешелеп, даралап тұратын қабілет-қасиеттері де осы күнделікті газетті шығарудан ап-анық байқалса керек. Өзім бірге қызмет істеген он бір редактордың бір-біріне ұқсамайтын түрлі-түрлі темірқазық еткен талаптары ә дегеннен басылымның кескін-келбетінен көрініп шыға келетініне куәгермін. Бірі материалдардың тақырыбы мен жанрына көңіл бөлсе, бірі кез келген мақаланың орналасуына, яғни газеттің макеті мен ажар-әлпетіне көбірек назар аударса, енді бірі хабардан бастап, үлкенді-кішілі дүниелердің ішкі мазмұны мен салмағын қатты қадағалайтын» дейді автор. Қысқасы, аталған кітаптан жас журналистердің өз кәсібінің қыр-сырын біліп, ой түйетін, үйренетін үлгісі көп екендігін түсіндік.

***

Қарымды қаламгердің осыдан екі жыл бұрын «Жұлдыз» журналының қос санында көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин жайындағы «Сұңғыла» атты роман-эссесінің үзіндісі жарияланды.

Жанат ағаның кітаптарын бала күнімнен оқып өскеніммен, ол кісіні алғаш астанада көрдім. Бір қарағанда, тұйықтау, ойлы кейіпте жүреді. Кісіге көп ашыла қоймайды. Бойынан бекзаттығы байқалады. Қаламгермен телефон арқылы бір-екі рет тілдескенім болмаса, жақын әңгімелескен емеспін. Бірақ газет-журналдан кейінгі жас журналистердің аяқ алысына зер салып, қырағы көз жіберіп отыратынын білемін. Жетпіс бес жасқа желіп жеткен сыршыл сезім суреткерінің қолынан қаламы әлі түскен жоқ, тағы бір соқталы дүние жазып жүр деп ойлаймын. Оны мен ғана емес, талғампаз оқырмандары да күтеді. Өйткені әрдайым оқырмандар үдесінен шығуды ойлайтын қаламгер елең еткізер көркем дүниелерімен ғана қуантқанды жөн көреді. Сол қуанышты күндері көп болсын!

Азамат Есенжол

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button