Таным

«ТIЛIМДI ТYЙРЕУIШТЕЙ СYЙIР ЕТIП…»

Шона Смаханұлының өмірі мен шығармашылығы хақында

740012_1447051196_________

Сөз жоқ, «Сатира мен юмор – күштілер қаруы, тәрбие құралы». Ақын-қаламгер Шона Смаханұлы сатира мен юмордың ішкі бөліктері – мысал-сықақтар мен шымшыма-шаншымаларға қаламын өткір ұштап, ұтқыр да өрнекті ой, ұтымды Һәм тапқырлыққа толы сөз жүйесін айшықты-нақышты қалыпта жеткізіп, негізгі нысанды дәл де нақты айқындап, бедерлі бейнені анық-қанық көрсетіп, бар қырынан жарқырата жеткізген.

Оның бәрі-баршасында, әсіресе, қоғам мен адам қатынасын, өмір мен уақыт шындықтарын, дәстүр мен дін сабақтастығын, қарым-қатынас мәдениеті мен сыйластық сырын, даңқ пен дақпыртты, ата мен немерені, әке мен баланы, ене мен келінді, жақсы мен жаманды, өмір мен өлімді, достық пен қастықты, тәлім-тәрбие арналарын әзіл-күлкі, сын-сықақ, шымшыма-шаншыма түрінде қалың көпке көркем қалпында жетіп, оның өзі бейнелі бедер, ойлы өрнек, тартымды көрініс-суреттер негізінде сенімді суреттеледі. Ол, әсіресе:

Тілімді түйреуіштей сүйір етіп,
Қойды мені сықаққа үйір етіп.
Жақсыға өзім деген залалым жоқ,
Кетемін жамандарды қиып өтіп,

– деп авторлық ұстанымнан, өткір ұшталған қалам қуатынан, жан-жүректің тебіреніс-тербелістері мен көңіл толқындарынан, шымыр шумақ пен ұтымды ойлардан, бастысы, әрине, әзіл-күлкі, сын-сықақ мұратынан ақиқат пен әділеттілікті жақтайтыны, жаңалық-жақсылықты қуана қарсы алатыны, шынайы шындық жолын бар асылдан да биік қоятыны айқын аңғарылады. Керісінше, қоғамдағы келеңсіз көрініс-құбылыстарға, адамдар арасында ар-ожданды аяққа таптап, намысты істе босбелбеулік танытатын кереғар жайттарға, жағымпаздық пен жатыпатарларға, көзжұмбайлар мен мақтампаздарға, дүниеқоңыздық пен тоғышарлыққа, сұсты да сиықсыз «белсенділердің» даңқ пен дақпыртқа толы тақталасты тірліктеріне, бастысы, «маймыл-құда, түлкі-достық» сынды жеңілдің үсті, ауырдың астымен «тірлік-тынысын» жалғастыратындарға жаны төзбейтіні, жолсыз жаза мен негізсіз кінарат-қаралауларға атүсті қарамайтыны әзіл-қалжың, сын-сықақ түрінде жүйелі жеткізіледі. Қысқасы, аңдамай сөйлегенді ауыртпай өлтіріп, ойнап сөйлегендерге ойлап сөйлеу қажеттілігін қысқа-нұсқа үлгіде, ақыл-парасат аясында, талғам таразысы мен ойлы өрнектер арқылы ұтымды жеткізеді. Осының негізінде: «Сықақ – от қой кеселді өртейтұғын» деп тіл-түйреуіштің тегеурінді қуат-күшіне қатысты түйінді тұжырымдар жасайды.

Жасынан өжет, бірбет болып өскен Ш.Смаханұлы ауыл-елде жүргенде ағайын-туысқа, құрдас-көршіге алуан үлгіде өлеңнен алқа тағып, «ақын бала» атанады. Көзіне-көңіліне ұнамаған қайсыбір құбылыс-көріністерді, кеудесімен көкті, танауымен тауды тіреген әкім-қараларды, желіккен жеңгейлер мен желпінген бозбала-бойжеткендерді өлең өрімімен өрнектеп, оның өзін көбіне әзіл-әжуаға айналдырып, сын-сықақпен мінеп, шымшыма-шаншымамен түйреп жүрген кездері көп болады. Ауыл-елде сын-сықақ жазып, «шатақ Шақар» атанатыны да осы тұс. Ол мектеп партасынан, төменгі сыныптан басталған ақиқатқа, өмірге, өлең-өнерге құштарлық хақында былай дейді: «Әсте сатирик болсам» деп армандамадым десем, өтірік айтқан боп шығар едім… Кейін мұғалім болып жүріп те, өлеңнен қолымды үзгенім жоқ. Ауданда мұғалімдердің август конференциясы өтер кезде «Жанды газет» шығаратынбыз. Бұл қабырға газеті де менің шымшыма, шаншымаларыма көп орын беретін. Жазғандарым республикалық газет-журналдарда да көрініп жүретін». Ұстаздық қызметтен кейінгі еңбек орны – «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Ара» журналы болды. Ол туралы: «Қай газетте, иә журналда жұмыс істейін, журналистік өмірдегі мақсатым айқын болды, ол – белең алған кемшіліктерді аяусыз сынау еді» деп жазды Шона естеліктерінде.

Ш.Смаханұлының адами әлемі мен әдеби мұрасы – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Т.Қожакеев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, Ж.Дәдебаев, Н.Омашұлы, Ә.Асылбеков, М.Серғалиев, М.Тілеужанов, С.Адамбеков, М.Рәш, Ғ.Қабышев, К.Әмірбек, т.б. ізденіс, зерттеулерінен кең орын алды. Ол қазақ мектебін, балабақшасын, ана тілін – ұлттық мұраттың қайнар бастауы ретінде қарап, бұл бағытта алуан ізденіс, игілікті істер атқарды. Оның бәрінен болашаққа үміт-сенім айқын аңғарылады. Ұлт пен ұрпаққа берілгендік бар. Әрі ұлтым, ұрпағым, тілім деген жанайқайы анық-қанық естіліп тұрды.

Ш.Смаханұлының сын-сықақтары қоғамда, өмірде орын алған келеңсіз көріністерді, адамдар қатынасы мен іс-әрекеттеріндегі жайсыз, ұнамсыз жағдаяттарды, айнала-әлемдегі кереғар, оғаш «таныс-бейтаныс» құбылыстарды басты арқау етеді. Сол арқылы тарих тағылымдарын, кеше-бүгін байланысын, ұлттық-дәстүр өнегелерін, дін құндылықтарын, тәлім-тәрбие арналарын алға тартады. Ақын-сатирик шығармашылық мұрасының айшықты бөлігін ән-өлең құрайды. Бұл бағыт-арналардан да ақынның өлең-өнеріне, адам әлеміне, өмірге құштарлығы байқалады.

«Айнабұлақ» (1989) атты ән-өлеңдер жинағына енген шығармалар автордың қатаң талап-сүзгісінен өткен. Әрбір ән-өлең тақырып, жанр, мазмұн-құрылымы тұрғысынан жүйелі түзіліс құрап, белгілі бір мақсат-мұраттарға негізделеді. Халық өмірімен, ел-жер тағдырымен, дәстүр мен дін сабақтастығымен, тарих-таным тоғысымен, танымал тұлғалардың тағдыр-талайымен тығыз байланыста беріледі. Маңыздысы, ұлт руханияты, ел-жер мұраты, Отан мен отбасы, ана мен бала, тәлім-тәрбие арналары айрықша мәнге, өзгеше сипаттарға ие болады. «Айнабұлақ» ән-өлеңдер жинағы «Әнді сүйсең, менше сүй» деген алғы сөзден және «Моншақ өлеңдер», «Махаббатсыз дүние бос…», «Әзілің жарасса – ән шырқа», «Жұлдыздарға жол салсақ» деген бөлімдерден тұрады.

Ән-өлеңдер жинағына енген туындылар табиғаты мен құрылымы, тақырыбы мен мазмұны тұрғысынан ерекшеленеді әрі көзқарас пен қолтаңба мәнері байқалады. Бастысы, кітап авторының өзі айтқанындай: «…Әдебиеттің басқа жанрында – сатира саласында жүріп, жылына орта есеппен төрт-бес әнге ғана текст жазған екенмін. Демек, ән жазу қиынның қиыны дер едім. Әнін Мыңжасар Маңғытаев шығарған «Фараби сағынышын» жазу үшін алдымен ұлы ғалымның өмір жолын, трактаттарын оқып шықтым. Ән өлеңдерінің сөзі түгелге жуық ашық дауысты болғаны жөн. Айтылып жүрген ән текстерінің басым көпшілігі қысаң дыбысты сөздерге толы. Бұл әншінің кеуде кере шырқауына кедергі жасайды.

…Біздің ән өнерімізде лирикалық-философиялық өлеңдер тым аз. Ал, әзіл әндер жоққа тән десе болғандай. «Бұтасына дейін ән салып» тұратын өнерпаз халқымыз үшін мұндай өлеңдер керек-ақ!».

Ән-өлеңдер жинағына енген «Отаным», «Қасиетті кең далам», «Ардақты ана», «Анамның ақ сүтіндей», «Ұшыңдар, қанатты достарым», «Айнабұлақ», «Жер-Ананы сақтайық», «Туған жерім – жүрегім», «Мұғалімдер жыры», «Алтыбақан», «Әжейдің бесік жыры», «Анамның тілі – аяулы үні», «Ортеке», «Тұсаукесер» сынды туындылар тақырыптық-мазмұндық һәм көркемдік-эстетикалық қуатымен, әуендік-саздық сипаттарымен мәнді болып табылады. Ел-жердің қасиет-құдіреті, тарих пен таным тоғысы, тұлғалар тағдыры мен талқысы, ұлт пен ұрпақ, бейбіт күн, өмір өнегесі, ұстаз ұлағаты, дәстүр мен сабақтастық, татулық пен туыстық, сыйластық сырлары кең орын алады.

Ақынның «Ай арба», «Айға аттанамын, апа», «Ешкімелер», «Күйік құлақ», «Сүйікті ұстазым – мектебім», «Тасып жатыр Таласым» сынды балаларға арналған өлеңдері тақырыбы тұрғысынан ізденісі мол, мазмұн жағынан қызық көрініс, оқиғаларға негізделген әрі анық-қанық, қысқа-нұсқа, нақышты өрнек, өнегелі өрімдерімен де жеңіл жеткізіледі.

Ақынның «Таң нұрындай Отаным» атты ән-өлең (әуені – Ж.Тұрсынбаевтікі) Отан, ел-жер, достық, тарих-таным, дәстүр-дін, жақын-жуық, туыстық туралы толғам-толғаныстарына толы. Айталық, Отанның мәні мен нәрі көз бен таңның нұрымен салыстырылса, қазақ ұлты ана мен бала, бесік төңірегінде өріс алады. Ал, достық баршаға ортақ құбылыс ретінде есте қалады. Мұның бәрі, сөз жоқ, ел-жер, Отанның қадір-қасиетін арттыра түседі. Жас ұрпаққа ұлт мұратын, руханият арналарын кең көлемде көрсетуде мәні мол. Өлең-өнердің мәтін құрылымына назар аударып, оқып көрелік:

Сенде ғана жаралдым,
Таң нұрындай Отаным.
Сенен ғана нәр алдым,
Көз нұрындай Отаным.

Қайырмасы:
Шоқ жұлдыздай көктегі,
Бауырласып көп елмен.
Достық күйін шерткелі,
Көсегеміз көгерген.
Ана сүтін арда емген,
Ақпейілді қазақпын.
Бесік болып тербеген,
Алтын қанат азат күн.

Осындағы: «Ана сүтін арда емген», «Достық күйін шерткелі», «Бесік болып тербеген», «Көсегеміз көгерген» сынды ән-өлең жолдарында ұлт пен ұрпаққа қатысты кеңдік пен кемелдік, дәстүр мен дін сабақтастығы, тарих пен таным тоғысы, болашақ бағдары, арман-аңсарлар, сағыныш пен сүйіспеншілік сынды жоғары сезім, аялау мен бағалауға қатысты ұлттық құндылықтар бар. Бастысы, азаттық идеясы, тәуелсіздік мұраттары, патриоттық серпін айқын аңғарылады. Ел-жердің мәні, Отанның құдірет-күші де жіті танылады. Халықтар достығы, татулық пен туыстық сырлары да мол.

«Фараби сағынышы» ән-өлеңінде (әні: М.Маңғытаев) өмірі мен өнегесі даналық пен даралықтан тұратын тұғырлы тұлға Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты бейнесі мен орны, біліми-ғылыми ғұмыры, сағыныш пен сүйіспеншілікке негізделген адами болмысы кең орын алады. Ән-өлеңнің табиғаты мен мәтін құрылымы, сағыныш сазы мен сүйіспеншілік сезімі төмендегіше түзіліс құрайды:

Өткіздім қилы өмірдің бәрін бастан,
Елім де, жерім де көп бауыр басқан.
Дариға-ай, туған жерді ойлағанда,
Жас шығар жастық болған қара тастан.

Қайырмасы:
Түсесің еске,
Түсесің еске,
Ерте ме, кеш пе,
Жейдемді желмен жуған жер.
Ерте ме, кеш пе,
Жетемін саған, туған жер.
Сағындым. Сағындым-ау қайран елім,
Қанатын кең дүнияға жайған елім.
Өмірге қайта келіп, қайтып барсам,
Бағыңда бұлбұлың боп сайрар едім.

Немесе:
Бір уыс қалтамда жүр топырағың,
Армысың, аманбысың, Отырарым?
Кетпейді көкейімнен бала күнгі,
Көктемде гүл жамылған атырабың.

Қайырмасы:
Өкінбен өткен өмір бұрқағына,
Сенемін тағдырымның нұр таңына.
Жұлдыздай сәуле шашқан ғарыштағы,
Сенемін келер күнге, ұрпағыма.

Ән-өлең мұратынан ел-жердің қасиет-құдіреті, өмір-дүние сыры, Отырар топырағы, тарих-таным арналары айқын аңғарылады. Ұлт пен ұрпақ байланысы, өмір-тағдыр тағылымы, жастық шақ әсерлері, табиғат тамашалары адам әлемімен астасып, сыр-сезім тұтастығын алуан бояу-бедермен өрнектеп, жан жылуы мен мейірім шуағын бел-белесті, көркем көріністі көкжиектермен әспеттеп, оған өзгеше мән-нәр беріп, әсер-сазға толы ерекше екпін, соны сипаттар дарытады.
Ш.Смаханұлының ән-өлеңдері арасында – Ана орны, оны аялау мен бағалау мәні жан-жақты көрінген, мектеп ісі мен ұстаз ұлағаты, ұлттық тіл мұраты мен маңызы кеңінен ашылған, оған алуан үлгі-өрнекті арқау еткен әрі кең тараған туындысы «Анамның тілі – аяулы үні» (әуені: Ә.Тінәлиев) деп аталады.
Мектеп оқулықтарынан бастап, ұлттық әндер жинағынан берік орын алған бұл ән-өлең – ұлт байлығы – тіл, өмір нұры – ана мен бала, оның тәлім-тәрбиесі туралы терең мәнді, алуан қырлы, мың сан сырлы ойлар мен толғаныстарға толы. Ән-өлеңнің мазмұн жүйесі, мәтін құрылымы, рухани байлығына қатысты тағылымды тұстарынан өмір-думан мәні, байтақ ел сипаты, ана тілінің қасиет-құдіреті, жүрек нұры, арайлы таң мен самал желдің өзіндік өзгешеліктері ерекше екпін-серпінімен назар аударады.

Өмірге келдім
Анамды көрдім,
Деді ол: «Жаным»,
Арайлы таңым.
Самал боп желпіп,
Жырымен елтіп,
Үйретті тынбай
Бал тілін, әнін.

Қайырмасы:
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – Ай, Күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі өмірді думан.
Келесі кезекте мектеп мұраты мен ұстаз ұлағаты айқындалып, ана тілінің мол мүмкіндіктері кеңінен көрініс береді:
Мектепке келдім,
Ұстазды көрдім,
Тыңдадым сөзін
Табынып, сүйіп.
Анамның тілі-
Аяулы үні.
Жүрекке нұрын
Жіберді құйып.

Немесе, соңғы бөліктегі:
Көңілге көрік,
Өмірге серік.
Әсем ән-жыр,
Қайрат, қуатым,
Сөйлесем мыңға,
Өрлесем шыңға.
Анамның тілі –
Асыл мұратым,

– деген жолдардан өмірдің мәні мен нәрі – өлең-жыр екендігі, ондағы қайрат пен қуат, жігер мен намыс оты «Анамның тілі – аяулы үні» болып табылатындығы анық көрінеді.

Демек, Ш.Смаханұлының ән-өлең мұрасы қоғам-кезең көріністерінен бастап адам өмірі мен еңбегін, ұлт пен ұрпақ сабақтастығын, дәстүр мен дінді, тарих пен танымды, тіл мұратын, тәлім-тәрбие арналарын, жан-жануарлар әлемін, халықаралық тақырыптарға арналған аса ауқымды әрі тым шетін мәселелердің бәрі-баршасын тамыршыдай тап басып, жіті бақылап, сергек саралайды. Жан-жүрек қозғалысы, көңіл толқындары, көзқарас мұраттары да айшықты бедер, өрнекті өріс-өнегесімен көркемдік мәнге ие болып, реалистік сипат алып, жүйелі жеткізіледі. Осы орайда, әдебиет зертеушісі, профессор Ж.Дәдебаевтың тану мен талдауға, ойлар мен толғаныстарға негізделген көзқарастарының маңызы зор. «Шона Смаханұлының әдеби мұрасының басты саласын сықақ, мысал жанрында жазылған шығармалар құрайды. Ақынның сықақ өлеңдері негізінен, белгілі бір ғана ой айналасына құрылады әрі етек-жеңі жинақы, көлемі жағынан шағын болып келеді. Олардың қай-қайсысында да адам бойындағы кемшілікке, қоғамдағы олқылыққа сын айтылады. Ақын айтқан сынның өзі бірде әжуа, бірде мазақ, бірде келеке түрінде келіп, әлденеше құбылып отырады да көркемдік-эстетикалық тұрғыда мейлінше әсерлі. Ақынның сыншыл ойы көбінесе өсек-өтірік, мақтаншақ, еріншек, жалақорлық пен пәлеқорлық, қулық пен сұмдық секілді кісі бойындағы оңбаған қылық пен құлықты аяусыз әшкерелеп, адам болам деген азаматты олардан аулақ болуға, абай болуға шақырады» дейді ол.

Ш.Смаханұлының шығармашылық мұрасына байыппен ден қойып, көркемдік кеңістігіне жіті назар аударар болсақ:

* алуан ізденіс арналарын;
* қоғам, кезең көріністері мен өмір, уақыт сырларын;
* қазақ әдебиетінің сатира саласына ұлттық үрдіс қалыптастырып, өмір шындықтарын реалистік сипатта шебер, шешен суреттейтінін;
* сатиралық жанрлар арқылы әлеуметтік-қоғамдық, мәдени-рухани мәселелерді тереңнен толғап, «түйреуіштей түйреп», өткір ой, уытты юмор, әзіл-оспақтармен серпінді, сенімді сөз ететінін;
* сын-сықақтар мен шаншыма-шымшымалар шағын көлем арқылы қоғамдық құбылыстарды, адам әлемінің мың сан қырларын бай мазмұн, кемел ойға құрып, әрекет-қимыл, алуан көріністер шынайы шындықтарымен, сенімді сипаттарымен табиғи өріс алатынын;
* сатиралық поэзия, проза арқылы әдеби сюжеттерді, көркемдік өрнектерді, символдық образдарды, поэтикалық компоненттерді табиғи көрініс, нақтылы бедер, сенімді суреттермен жеткізетінін;
* жекелеген еңбектерден, әңгіме-фельетондарын, туындылардан, ән-өлең мұрасынан жанрлық-көркемдік ерекшеліктерді, тіл мүмкіндіктерін, стилдік құбылыстарды көркем көрсететінін;
* сатиралық туындылардан тақырып табиғаты, өмір шындығы мен көркемдік шешім, дәстүр жалғастығы мен уақыт үндестігі, шығармашылық шеберлік, шешендік сынды белгі-ерекшеліктер бар қырынан жарқырай көрініп, айшықты-нақышты, кең өрісті сипат алады. Ш.Смаханұлы шығармашылығының шынайы шындығы,әлеуметтік мәні мен көркемдік кеңістігі, мәдени-рухани байлығы мен тағылымы осы.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button