Басты ақпарат

Тірі «тауар»

Жыл сайын 2,5 миллионнан аса шетелдік ­Қазақстанға жұмысқа, оқуға, жеке және қызметтік мақсаттары бойынша келеді екен. Соның ішіндегі 90 пайызы – бұл ТМД елдерінің азаматтары, негізінен, еңбек мигранттары. Алматыдағы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше-мемлекеттердің заңсыз көші-қонмен күрес жөніндегі құзырлы органдары басшыларының басқосуында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев осындай ақпаратты жариялады.

Алайда еңбек мигранттарының қаншасы адам саудасының құрбанына айналатынын ешкім білмейді. Жуырда Норвегия Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің қаржыландыруымен Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) жобасының шеңберінде ұйымдастырылған «Адам сау­дасымен күресті күшейту және Қазақстандағы осал мигранттарды қорғау» атты журналистерге арналған тренингке қатысып, 2017 жылы елімізде 171 адамның құлдықтан құтқарылғанын естідім. «Жыл сайын Қазақстанда 150-160 адамды ұрлау фактілері анықталады. Құлдыққа ұрынуға бейім топтарға жұмыссыздар, сауаты жоқ адамдар жатады. Құлдықтан зардап шеккендерге тегін құқықтық және басқа көмек көрсетеміз. Барлық қалаларда құрбандарға арналған бас сауғалайтын орындар бар. Мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған. Біз азаматтарды ештеңеден қорықпай, көмегімізге жүгінуге шақырамыз. Адам саудалауға немқұрайды қарамайтын әр адам бұған үлес қоса алады» деді жобаның үйлестірушісі Аниса Куанова.

Еңбегі қаналғандар көп

Бүгінгі таңда адам саудасының түрлері көп. Соның ішінде кең тарағаны – тән саудалауға мәжбүрлеу мен еңбегін қанау. ХКҰ-ның Украинадағы бағдарламасының маманы Ирина Мидловецтің айтуынша, жаһандық тірі «тауар» бизнесінің құрығына ілінгендердің 80 пайызының еңбегін қанап, құлдыққа жегеді. «1980 жылдары адам саудасы құрбандарының 80 пайызын жезөкшелікке тартылып, тән саудалауға мәжбүрленген қыз-келіншектер құрайтын еді. Қазір құлдықтан зардап шегетіндердің 57 пайызы – ер-азаматтар. Біз көбінесе сауаты жоқ адамдарды ұрлайды деп ойлаймыз ғой. Алайда құлдыққа түскендердің 82 пайызының жоғары және техникалық білімі бар. Сондай-ақ, бұл қылмысқа еңбекке жарамды жастағы адамдардың ғана басы шатылады десек қателесеміз.

Әлемде ең жас саудаланған адам – 3 жаста, ең үлкені – 83 жаста. Ең сорақысы сол, үлкендердің 6 пайызын өз туыстары мен достары саудаға тарт­са, 18 жасқа дейінгі балалардың 27 пайызын өз ата-аналары, туыстары саудалаған.

Жезөкшелік пен құлдықты шатастырмау қажет. Жезөкшелік дегеніміз – бұл ерікті түрде сексуалды қызмет көрсету. Адам саудасы дегеніміз – бұл сексуалды қызмет көрсет­кісі келмеген қызды зорлықпен мәжбүрлеу» деп түсіндірді И.Мидловец.

80000 теңгеге саудаланған

Виканың (кейіпкер­дің е­сі­­­мі өзгертіліп алынды) шалғайдағы қаладан Астанаға қоныс аударғанына көп болған жоқ. «Жалақысы көп жұмыс тауып беремін» деп шақырған жерлесінің сөзіне имандай сенген. «Үш күн менің үйімде тұрасың. Құжаттарды реттеген соң жаңа жұмысыңа кірісесің» деген жігіт бір үйге қамап, жөніне кетті. Бір күні ол жанына ерген бейтаныс әйелмен Виканы алып кетуге келді. «Тезірек жинал!» деді асығыс бұйыра сөйлеп. Қыздың құжаттары жігіттің қалтасында болатын. Жұпынылау үйден жаңа, еңселі пәтерге келгенде түкке түсінбеді. Жұмысқа шығамын деп ойлап, үстіне өзінде бар киімін киген. Күн батып, қас қарая бастағанда пәтерге сақал-мұрты өсіп кеткен өзге ұлттың өкілі кірді. Қожайын екен. Вика өзінің тән саудасына тартылғанын сол кезде бір-ақ білді. Үсті-басын түк басқан еркек жас қызды күшпен шешіндіріп, үлкен ақ төсекке алып ұрғанда есіктің қоңырауы соғылды. Өзіне «тауарды» сатқан адамдар қайтып келді ме деп есікті ашып қалғанда, автомат асынған үш-төрт жігіт сау ете қалды. Сөйтсе, жерлесі азамат А. мен оның сыбайласы азаматша Л. Виканы бар-жоғы 80000 теңгеге (!) саудалапты. Құл сатушылардың арам пиғылы іске аспады. Полицейлер екі «сатушының», «сатып алушының» қолына кісен салды. Бұл – Астана қаласында 14-16 наурыз аралығында жүргізілген «STOP трафик» атты жедел алдын алу іс-шаралары нәтижесінде анықталған бір ғана оқиға. Және ол жалғыз емес. ХКҰ-ның статистикасы бойынша 2017 жылы Қазақстанда адам саудалағандарды ізіне түсуге қатысты 304 қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде 200-і – ҚР ҚК-нің 309-бабына («Жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру мен ұстауға»); 35-і – 308-бапқа («Жезөкшелікке тарту және айналысу»); 32-сі 128-бапқа («Адам саудасы») жатады. 309-бапты есепке алмағанда, өткен жылы адам саудасымен күрес бағыты бойынша құзырлы органдар 36 адамды (2 жыл 6 айдан 10 жылға дейін) соттаған.

Бұл бизнесті кім тоқтатады?

Экономикалық өсімі мен гео­графиялық жағынан қо­лайлы орналасуына орай, Қазақстан тірі «та­­уар» бизнесінің айы оңынан туған бірден-бір елге айналды. Мына сұрықсыз статистикадан төбе шашыңыз тік тұрады. ХКҰ-ның статистикасына сүйенсек, соңғы 13 (2004-2017) жылда адам саудалаудың құрбаны болған 1672 адамның 1529-ы Қазақстанда тіркеліпті. Батпанқұйрық «бизнес» қанатын кеңінен жайған елдер (16 мемлекет) тізіміндегі екінші орында – БАӘ (61), үшінші орында Ресей (28) тұр. Ғаламдық эконо­ми­­калық дағдарыстың салдарына қарамастан, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы тұрақсыз елдердің азаматтары үшін тартымды нүктеге айналып отыр. Оқырманға түсінікті болуы үшін ХКҰ-ның статистикасын таблицалармен көрсетейік.

Қоғамның селқостығы жанға батады

Адам сату табысы жөнінен қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейінгі үшінші орында тұр. Бұрын бұл батпанқұйрық «бизнесті» адам аулап, сыртқа саудалаумен байланыстыратын едік. Алайда сарапшылар соңғы жылдары қазақстандықтарды шетелге емес, еліміздің аумағында сату белең алғанын айтуда. Олардың пікірінше, «құл ұстау» Астана мен Алматыда, оңтүстік және батыс өңірлерде «жақсы» дамып келеді. Ай мен күннің аманында тірі «тауар» бизнесінің гүлденуіне не нәрсе әсер етуде? Белгілі адвокат, БАҚ бойынша сарапшы Жохар Өтебековтің айтуынша, бұл мәселеге немқұрайды қарайтынымыз – толық азаматтық қоғам орнаған жоқ. «Егер сексуалды қанау туралы айтар болсақ, құлдықтан зардап шеккен адамның өзін кінәлай кетеді. Ең үлкен мәселенің бірі – осы» деді Ж.Өтебеков. Ол адамның еңбегін қанауға тосқауыл қою үшін қоғамдық сананы өзгерту қажеттігін айтады. «Еңбегін қанауға ұшырайтындардың дені – шетелдіктер, яғни Орталық Азия елдерінен келетін азаматтар. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамның оларға деген көзқарасы теріс. Лас мәдениетін әкеледі, қылмыстық ахуалды ушықтырады, жаман аурулар жұқтырады деп кінәлайды. Шетелдік мигранттардың дені құрылыс саласына шоғырланатыны мәлім. Олардың еңбегін қанауға, зорлық-зомбылыққа тап болатынын жиі естиміз. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың көмегінсіз бұл мәселені көтерудің өзі қиынның қиыны. Өйткені мемлекет тарапынан үл­кен алаңдаушылық таныту байқалмайды. Мұны түсінуге де болады. Себебі бұл, педофильдік сияқты, қоғам назарын аударған ең өткір мәселе емес. Әлеу­меттік қобалжушылық пен қоғамның талабы педофильдікті тыюға қандай да бір шаралар қолдануды талап етті. Өкінішке қарай, біздің қоғам осал әлеуметтік топтарды құл сатудан қорғауды түсінетіндей деңгейге жеткен жоқ» деп түсіндірді ол мәселенің мәнісін.

13 жылда құрбандар
барған ел:

Ресей – 28
Түркия – 27
БАӘ – 61
Израиль – 6
Таиланд – 4
Германия – 1
Қытай – 2
Әзербайжан – 1
Өзбекстан – 4
Индонезия – 2
Грекия – 2
Ливан – 1
Оңтүстік Корея – 1
АҚШ – 2
Бахрейн Корольдігі – 2
Шыққан ел:
Қытай – 19
Ресей – 23
Өзбекстан – 811
Қазақстан – 706
Қырғызстан – 72
Украина – 8
Тәжікстан – 18
Беларусь – 1
Молдова – 5
Түрікменстан – 1
Моңғолия – 2
Нигерия – 1
Филиппин – 4
Оңтүстік Африка – 1
Адам саудасының түрі:
Ішкі – 566
Халықаралық – 1105
Аралас – 1
Қорытынды – 1672
Қанаудың түрі:
Сексуалды қанау – 13
Еңбегін қанау – 156
Садақа сұрауға мәжбүрлеу – 2
Еңбекпен және
сексуалды қанау – 3

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button