Басты ақпаратМәселе

Тұрмыстағы озбырлық неге көбейді?

Біздің қоғамдағы қазіргі өткір мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт көбеюі. Екі жыл бұрынғы COVID-19 індеті әйелдерге қатысты үйдегі озбырлықтың өсуіне жол ашып берді. Әлемдегі 13 елде жүргізілген зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, әрбір екінші әйел өзінің я болмаса жақын танысының тұрмыстық зорлықпен бетпе-бет келетінін ашық айтыпты. Human Rights Watch ұйымы өзінің сараптамалық есебінде Қазақстанда үйдегі зорлыққа тап болған әйелдердің әділетке қолжетімділігі жоғын, заң тұрғысынан толық қорғалмағанын хабарлады.

Күн сайын – 342 адам

Мынадай сорақы статистиканы бұрын-соңды көргеніңіз бар ма?! Елімізде әр күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Әр күн сайын 4 бала өзінің отбасындағы немесе айналасындағы озбыр жандардың қатыгездігі мен надандығына тап болып, таяқ жейтін көрінеді. Соңғы үш айда астаналық учаскелік инспекторлар өмірлік қиын жағдайда қалған 120 отбасын анықтап, тізімін жасапты. Мәжіліс депутаттары тағдыры тәлкек болған жандарға араша түсіп, заңнамаға түзету енгізуді ұсынып отыр. Бұл түзетулерді құзырлы мемлекеттік органдар мақұлдап, қазір Парламентте талқылау жүргізілуде.

«Елімізде қазір 7 млн-ға жуық отбасының жартысынан астамы қолдауға зәру. Олар өздеріне тиесілі мемлекеттік көмекті де ала алмайды, себебі құжаттардың жоғы, заңды білмеуі кедергі келтіреді. Мұндай жағдай орын алмауы үшін өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларға көмек көрсету бағытында заңнамаға нақты түзетулер енгізуіміз қажет. Мұндай түзетулерді дайындап, қазір Мәжілісте талқылап жатырмыз. Біздің бастамамыз бойынша мұндай отбасыларға жедел көмек көрсететін топтар құрылды. Оның құрамына полицияның учаскелік инспекторлары, жергілікті әкімдік және отбасын қолдау орталығының өкілдері кіреді» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева.

Зорлықшыл күйеуі 5 тәулікке қамалды

Қазан айында елорда аумағында өткізілген «Учаске» атты жедел қылмыстардың алдын алуға арналған іс-шаралар барысында астаналық полицейлер тұрмыстық зорлыққа қатысты бірнеше фактіні тіркеді. Соның бірі – Республика даңғылындағы бір үйдің тұрғыны өз күйеуінің үстінен шағым түсірді. Шағымда айтылғандай, күйеуі мас күйінде жұбайына балағат сөздер айтып, жанжал шығарып, озбырлық көрсеткен. Бұл ерлі-зайыптылар арасындағы алғашқы жанжал емес екен.

2021 жылы 157 884 қылмыс тіркелсе, соның ішінде 61 464-і тұрмыстық зорлыққа жатады. Алайда бұл тіркелген қылмыстар ғана, шынайы көрсеткіш бұдан да жоғары

Байқоңыр ауданының учаскелік инспекторы Б.Намазбаев ер адамға қатысты қорғау ұйғарымын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 461-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Себебі бұған дейін 35 жастағы озбыр отағасына қатысты 1 ай мерзімге қорғау ұйғарымы берілген болатын. Ұйғарымның аяқталуына бірнеше күн қалғанда әйелі қайтадан полицияға хабарласып, күйеуінің тағы жанжал шығарғанын айтты. Сот қаулысына сәйкес, арыз беруші әйелдің күйеуі кінәлі деп танылып, ол 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Жазаны қатайту қылмысты азайта ма?

Ішкі істер министрлігі тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту үшін жәбірлеу­шіні әкімшілік қамауға алудың мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзартуды ұсынды. Құзырлы министрлік басшысы Марат Ахметжанов 2022 жылғы 18 қазанда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралған жиында осындай ұсыныс айтты.

Ішкі істер министрі зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілер туралы белсенді хабарлай бастағанын мәлімдеді.

«Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабар келіп түсті. Олардың көпшілігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында орын алған. Алайда олардың 60 пайызы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан. Бір өкініштісі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полицейлер жәбірленушінің өтінішінсіз үй бұзақыларын жауапқа тарта алмайды. Мұндай жазасыздық өз бетімен кетуге жол береді. Қол жұмсау әдетке айналып, түбінде ауыр зардаптарға апарады. Биылдың өзінде елімізде отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс тіркелді. Жыл басынан бері отбасындағы сойқаншылдарға қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынды, 8,5 мың адамға ескерту берілді, 675 адамға айыппұл салынды. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 67 мың қорғау нұсқамасы шығарылды» деді министр.

Ер-азаматтардың зорлы­ғынан зардап шегетін әйелдердің 70-90% ұзақ уақыт полицияға  шағым түсірмейді.15 пен 49 жас аралығындағы әйелдердің 60,2% өмірінде бір рет болса да өз күйеуінің немесе жыныстық серігінен зорлық көрген

Ол тұрмыстық озбырлыққа қарсы күресті күшейтудің 5 негізгі бағытын атады: біріншісі – мұндай фактілерді тіркеу бо­йынша «өтініш беру сипатынан анықтау сипатына» көшу. Бұл полицияға, жәбірленушінің өтініші болмаса да, әкімшілік іс-жүргізуді бастауға мүмкіндік береді. Соңғы шешімді сот қабылдайды; екіншісі – тараптардың татуласуына талапты күшейту. Сойқаншыл бірінші рет сотта ғана татуласа алады, ал қайталанса, мұндай құқық алынып тасталады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды тоқтатуға мүмкіндік береді; үшіншісі – отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алудың мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзарту қажет; төртіншісі – Конституциядағы жаңа өзгерістерге сәйкес, қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілді. Осының аясында «ескерту» сияқты жазаны «қоғамдық жұмыстарға» ауыстыру ұсынылды; бесіншісі – ең жиі жасалатын қылмыстар бойынша «отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты» деген қосымша саралау белгісін енгізу.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мың әйел бар

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Ішкі істер министрлігіне бағынатын әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің қызметін күшейтуді тапсырғаны мәлім. Президент сол жиында әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа өткір әлеуметтік проблема ретінде кеңінен тоқталды.

«Жыл сайын елімізде әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Бұл ретте Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек. Алайда кезінде олардың штаттық саны, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды. Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын» деді Президент.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, жәбірленушімен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралып, әйел-тергеушілер мамандығы енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға ерекше көңіл бөлініп, ішкі резерв есебінен олардың саны екі есе көбейтілген. Енді мұндай лауазымдар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар. Ішкі істер министрлігі бұл бағытта 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Зардап шеккендерді әлеуметтік оңалтуға 57 дағдарыс орталығы көмек көрсетеді. Мәселен, биыл полицейлер өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберген. Олардың 2 мыңнан астамы баспанаға орналасқан. Демек, орталықтардың саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мың хабарлама келіп түскенімен, тек бір ғана дағдарыс орталығы бар. Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыс­тарында да ұқсас жағдай. Абай және Қызылорда облыстарында мүлдем жоқ. Яғни осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту мәселесін қолға алу керек.

Маскүнемдер мен нашақорлар айықтырғышқа сыймайды

Қош делік. Бүгінгі таңда бұл мәселені күштеумен, мәжбүрлеумен шеше алмайтынымыз анық. Полицияның әкімшілік, қылмыстық хаттама толтыруы – тек салдармен күрес қана. Ал бұл мезгіл мәселесінің түп тамыры әлеуметтік проблемаларға барып тіреледі. Үкіметтегі отырыста Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мұны да батырып айтты.

«Әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі – осылардың бәрі тұрмыстық озбырлықтың туындауына алып келеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар – қоғам болып күш біріктіруі керек. Бұл бағытта тек зорлық-зомбылық құрбандарымен ғана емес, құқық бұзушылармен де қайта оңалту жұмыстарын жүргізу қажет» деді министр.

Оның айтуынша, күнделікті өмірдегі қылмыстардың көбі адамдардың мас күйінде жасалады. Бірақ мас «дебоширлерді» оқшаулау мәселесі әлі шешілген жоқ. Еліміз бойынша 778 орынға арналған 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Орысша айтқанда, «медвытрезвитель». Бұл өте аз. Полицейлер жеткізген 7 мың құқық бұзушының 5 мыңы ғана айықтырғышқа орналастырылған. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орны бар бір ғана мекеме бар. Көкшетау­да мүлде жоқ. Жалпы еліміз бойынша 594 орынға арналған тағы 32 мекеме қажет.

Ішкі істер министрінің айтуынша, 2022 жылдың 9 айында Қазақстанда тұрмыстық зорлыққа қатысты 100 000 астам қылмыс тіркелген, алайда соның 60% полиция зорлықшыл адамдарға ешқандай шара қолданбаған. 2021 жылы тұрмыс­тық зорлық-зомбы­лыққа қатысты 81 648 қорғау ұйғарымы және 11 202 ерекше ­қорғау ұйғарымы ­шығарылған

Марат Ахметжанов мәжбүрлеп емдеуді қажет ететін созылмалы «маскүнемдер» үшін де төсек-­орын тапшылығы барын айтты.

«Еліміз бойынша бар-жоғы 21 ғана мамандандырылған наркологиялық мекеме жұмыс істейді. Бұл ретте оларға азаматтарды жіберу процедурасы қатаң бюрократияға айналып кеткен. Ал наркологиялық мекемелердің медицина қызметкерлері мен наркологтары тиісті шешім қабылдағысы келмейді. Нәтижесінде полицейлер көбінесе бұл мәселемен тек өздері жүгіреді. Атап айтқанда, материалдарды соттарға рәсімдейді, анализдерді тапсырады, сараптамадан өткізеді және құқық бұзушыны жатқызу үшін медициналық мекемеге жеткізеді. Бүгінгі таңда осындай 11 медициналық мекеме ашу керек» деп түсіндірді ол.

Зорлық-зомбылықтың құрбаны – балалар

Осы мәселеден шығатын тағы бір мәселе бар. Ол – еліміздегі 6800 тұрмысы нашар отбасындағы 10 мың бала. Олар тәуекел аумағына кіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан ерекше назарды қажет етеді. Заңнамада олардың медициналық-әлеуметтік есебін қалыптастыру туралы норма болғанымен, медициналық-әлеуметтік есепке алу ережелері әлі күнге дейін әзірленбеген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәлімдеуінше, бүгінде республика көлемінде 41 дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді, оның 14-і – мемлекеттік, 27-сі – мемлекеттік емес. Олар, негізінен, еліміздің 18 өңірінде жұмыс істейді. Жаңадан құрылған Алматы және Абай облыстарында әзірше мұндай орталықтар жоқ. Аталған орталықтарда зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметті 6 айға дейінгі мерзімде тәулік бойы немесе тәулігіне алты сағатқа күндізгі уақытта көрсету қарастырылған. Ресми дерек бойынша 9 айда орталықтар 3975 адамға қызмет көрсетіпті, соның ішінде 3055 адам медициналық көмек алған, 277 адам жұмыс орнын тапты, 350 бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналастырылды; 528 адам құжатын алды, 764 адам отбасымен қайта қауышты.

Бір өкініштісі сол, дағдарыс орталықтарынан көмек сұрағандардың 67 пайызға жуығы немесе 2661-і зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе куә болған балалар екен. Екінші мәселе – қызметті көп тұтынатын көпбалалы отбасылар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ­Тамара Дүйсенова өңірлік құрылым бойынша көмек сұрағандардың ең көп саны Павлодар облысында, Жетісуда, Шымкент қаласында, Алматы қаласында екенін айтады.

«Жоғары деңгей Астана қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында да байқалады. Жалпы алғанда, осы саладағы тәуекелдер мынадай 3 негізгі себептің бар екенін айқындап отыр:

Біріншісі – мұндай топтармен постфактум жұмыс істеу тәсілінде болып тұр;

Екіншісі – Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыс­тарын қоспағанда, өңірлерде дағдарыс орталықтары желісінің дамымағандығында. Мәселен, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша тұрақты үштіктегі жетекші өңір – Шығыс Қазақстан облысында бір ғана орталық жұмыс істейді. Ол – Өскемен қаласында орналасқан тек 12 төсек-орынға арналған орталық;

Үшіншісі – аталған орталықтардың қашықтығында, бұл сәйкесінше зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігінің оларға деген қолжетімсіздігіне алып келіп отыр. Аталған ­проблемаларды шешу зорлық-зомбылық зардабына түсу ықтималы жоғары отбасылармен немесе азаматтармен алдын ала жұмыс істеу механизмін енгізуді талап етеді» дейді құзырлы ведомство басшысы.

 

 

 

 

 

 

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button