Басты ақпарат

Тұрмыстық жемқорлыққа тосқауыл

«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен республикалық үгіт-насихат тобы құрылды.Бұл туралы кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен басқосуда айтылды. Үгіт-насихат тобының мақсаты – өңірлерді, ауыл-аймақтарды аралап, халықпен тілдесу, қоғамда беделі бар белсенді жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін назарға ала отырып, мәселелерді жедел шешу. Қоғам мен мемлекеттік аппарат арасында тығыз байланыс орнатып, бұдан бөлек, адалдық, әділдік, парасаттылық қасиеттерді насихаттау. Ата-бабадан қалған асыл мұра мен салт-дәстүрді кеңінен тарату бойынша жұмыстар жасайды.
Бұл топтың жетекшісі болып белгілі этнодизайнер, «Құрмет» орденінің және «Алтын сапа» сыйлығының иегері Рза Тұрсынзадақызы тағайындалды. Топтың құрамына режиссер Ермек ­Тұрсынов, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, ­Қазақстандағы парламентаризм қорының басқарма төрағасы Зәуреш Батталова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, белгілі ақын Арман Бердалин сияқты танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері кірген.

Осы жоба аясында елордада атқарылған жұмыстар жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов баяндап берді. «Бұл жобаның негізгі мақсаты – өзіне әділдік, әдептілік, сатылмайтындық сияқты құндылықтарды біріктірген адалдық идеологиясын насихаттау. Жоба іске асырылғаннан бері әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, сәулет және қала құрылысы салаларындағы жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, денсаулық сақтау саласында бизнес үдерістерді цифрландыру жұмысы жолға қойылды. Соның нәтижесінде уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі парақшаларға штрих-код салынды. Яғни жұмыс беруші осы штрих-код арқылы науқас парақшасының шынайылығын тексереді. Демек, науқас парақшасына қатысты заңсыз бизнес жойылды» деді Мирас Ерғалиұлы.
«Біз таза елді таңдаймыз!» атты экологиялық қозғалысының ұйымдастырушысы Шасалим Шагалимов елордалық «Астана – адалдық алаңы» жобасының көмегімен рейдтер жүргізу барысында анықталған экологиялық мәселелерді тілге тиек етті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button