Мәдениет

Қазтуған Қазанғаптың күйімен сөйлейді

Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасы әйгілі күйші, халық композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына 165 жыл толуына арнап «Күй шақырғыш Ақжелең» атты күй кешін ұйымдастырды.Қазанғаптың күйлері өз кезінде қазақтың ұлттық музыка үлгілерін жинақтаған этнограф Александр Затаевичті қызықтырған. Ал классик күйшінің мұрасын алғашқы зерттеген адам – академик Ахмет Жұбанов. Жалпы ­Қазанғаптың күйлері халыққа Жәлеке ­Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Матай Қуантайұлы, ­Құрманғали Өмірзақов, Нұрқат Қосуақұлы, Медеубай Бақтыбергенұлы сынды шәкірттері арқылы жетті.
Өнер зерттеуші, күйші Әбділхамит Райымбергенов біраз жылдан бері бұл күйлерді зерттеп, насихаттаумен айналысып келе жатыр. Күйші Бақыт Басығараев уақытында Қазанғаптың күйлерінің насихатталуына мол үлес қосса, қазір оның ұлы, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Еділ Басығараев әке ісін жалғас­тырып отыр. Мәселен, биыл ол «Серпер Ақжелең» атты кітап шығарды. Осы кеште Еділ Бақытұлы бірнеше күйдің шығу тарихын тарқатып, «Күй шақырғыш Ақжелең», «Кәрі Ақжелең», «Қоңыр Ақжелең», «Торы жорғаның бөгелек қақпайы» сынды күйлерді ­күмбірлетті.
Қазанғап Тілепбергенұлы Ақтөбе облысының Шалқар ауданының Ақбауыр деген жерінде туған. Алайда атажұрты қазіргі Түркістан облысының аумағында. Өз заманында кіші жүздің батыры Көтібар ұлы жүздің Шаңышқылы руындағы бір бидің қызын алып, қалыңдық жалғызсырамасын деп оның соңынан осы рудан шыққан 100 отбасы Ақтөбе өңіріне көшіп барған. Арасында Қазанғаптың аталары да болды. Осы деректі күй кешенің қонағы болған «Шаңышқылы Бердіқожа батыр» қорының төрағасы Бақтыбай ­Қасымбеков айтты.
Қазанғап – эпик күйші. Оның мұрасынан ерте және өзі өмір сүрген замандар тынысын аңдуға болады. Осы тұрғыдан «Көкіл» күйі «Қазақ хандығы» кинодастанының музыкалық әрленуіне таңдалғаны және «Қазтуғанның термесіне» айналғаны тегін емес. Ал Балжан қызға арналған күйлер циклі – бөлек дүние. Күй кешінде «Он сегіз жасар Балжан қыз» аталатын соның бір тарауын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев тартты. «Тірі Қазанғап» атанған Сәдуақас Балмағамбетовтің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынбай Дүйсен «Көкілді» және ұстазына арнаған «Сәдуақас қаратөс» күйлерімен сусындатты. Сондай-ақ Жұмабек Қадырқұлов, Ерболат Сапуанов, Батырлан Әбенов, Нұрбек Тапалов, ­Досым Мақсұтов Қазанғаптың күйлерін бебеулетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button