ӘлеуметБасты ақпарат

Тың эпопеясы: Тарих таразысында

(Жалғасы. Басы газетіміздің

№30 (4618) санында)

1954 жылғы 23 ақпан мен 3 наурыз аралығында Мәскеу­де КОКП ОК пленумы өтеді. Пленум «Тың және тыңайған жерді игеру арқылы астық шаруашылығын көбейту» және «2-3 жылдың ішінде еліміздегі халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету» туралы қаулы қабылдаған.

Елде алғашқы 3 жылдың өзінде 32 млн гектардан астам жер жыртылған. Бір кезде облыста басшылық қызметте болған Ж.Ғ.Ысқақов өз естелігінде: «Путь Ильича» ұжымшарының басқарма төрағасы С.Ш.Сихватуллин деген өте білімді, іскер жігіт еді. Егістік жері 5 мың гектар еді, тыңға шабуыл деп аттан салғанда тағы 5 мың гектарды жыртып тастадық. Кішкене шаруашылық үшін, әрине, бұл көп көлем еді» деп жазғандай, жыртылған жерде шек болмаған.

1954 жылдың көктемінде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмысы жаппай басталды: Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан сияқты республиканың бес облысында, сонымен қатар, аз мөлшерде болса да, Орал, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Алматы облыстарында тың игеру жұмысы басталып кетті. «Тың игерудің» алғашқы жылының өзінде Қазақстанда 8 мил­лион 531 мың гектар тың және тыңайған жер игерілді. Оның ішінде 1710 гектары – Қостанай, 1644 гектары – Ақмола, 1428 гектары – Көкшетау, 1021 гектары – Павлодар, 759 мың гектары Солтүстік Қазақстан облысында игерілген. Сол жылы Оралға 560 мың гектар тың және тыңайған жерді игеру, Ақтөбе облысына 446 мың гектар жер қарасты болды. Бұл жұмысқа Қазақстанның 1967 колхозы, 216 совхоз және 283 МТС қатысты.

Сол уақыттарда «Отан үшін бейбіт уақытта құрбан болу» ұраны үстем болып, халық ауылшаруашылық реформасынан жақсы нәтиже күтіп үміттенді де. Еліміздің барлық жеріне жүгері, шаршы ұялы әдіспен әртүрлі дақыл егілді. Н.С.Хрущевтің «жаңа бағыты» «бақытты болашаққа», елімізді аграрлы өркендетуге бағытталды. «Агроқалалар құру», «тың игеру эпопеясы», «мәдениеттің өркендеуі», «жүгері – дала аруы», «бұршақ – дала серісі», «ет, сүт, май өнімдерін өндіруде Американы қуып жетіп, басып озу» ұрандары ауыздан-ауызға таралды. Алайда болжамның нәтижесі ғылыми мекемелерде, жоспарлы органдарда ғылыми түрде жобаланбай, реформа экономикалық тұрғыдан есептелген жоқ. Реформа жүргізуде волюнтаристік көзқарас үстем болды.

Қазақстанға 1954 жылдың наурыз айына дейін 250 мың, ал 1956 жылы 640 мың тың игеруші қоныстанған. Олар, негізінен, Ресей, Украина, Беларусь қалаларынан келген еді. Жеткіліксіз жұмыс күші кеңес армия­сы қатарынан босатылған ­жауынгерлермен де толықты

1954 жылдың өзінде тың көтеру жөніндегі жоспар артығымен орындалды. Қазақстанда 6,5 миллион гектар тың жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 тонна­ға жетті.

1950 жылы Қазақстанда 7854 гектар жерге дән себіліп, одан 4,7 миллион тонна астық жиналған болатын. 1955 жылы егіс көлемі 1954 жылмен салыстырғанда екі еседен аса көбейіп, 20,6 миллион гектар жер жыртылғанмен, ауа райы­ның қолайсыздығынан 4750 тонна ғана астық алынды. Тың игерушілер айтарлықтай көрсеткішке 1956 жылы ғана жетті. Бұл жылы 16 миллион тонна астық жинады. Тың жерлерді игеруге қатысты алуан түрлі пікір бар. Мәселен, Т.Жұмасұлтанов 2004 жылы жарық көрген «Тыңға 50 жыл» кітабында: «Нақтырақ тоқтала кететін бір жайт, 1939-59 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны тек қана 481 мыңға өссе, ал 1959-79 жылдары 2,5 миллионға жетті. Ал енді одан кейінгі 20 жылда 2,7 миллионға өсті. 1970 жылдардың бірінші жартысында табиғи өсім жақсы болды. 1954-60 жылдар аралығында 25,5 миллион гектар тың жер игерілген. Компартияның басты мақсаты 1950 жылдардың бас кезіндегі азық-түлік тапшылығын жою болды. Содан сан жағына көп мән берілді. Екі жылда орасан зор жерді игеріп, өнім алу керек болды. Миллиардтаған пұт астық алынып, Қазақстан келіп қалған азық-түлік дағдарысының алдын алды деп айтуымызға болады» деп жазады. Әрине, «Тың Қазақстанға ғажайып өзгерістер әкелді» деген сөздерді жиі естиміз. Әрине, оның шындығы да жоқ емес. Бірақ бұл «ғажайып өзгерістер» қандай бағамен келді?!

Тың игерілген аудандардың географиялық, ұлттық-этнографиялық, экологиялық бейнесі өзгерді. Географиялық картада ұлттық мазмұнынан айырылған елді мекендер жаппай бой көтерді. Мәселен, «Московский», «Астрахань», «Горький», «Бау­ман», «Симферополь» және тағы басқа осындай атаулар көбейді. Л.И.Брежнев «Тың» кітабында тыңның 90 жаңа қаланың өмірге келуіне септігін тигізгенін жазады.

Қазақстанға 1954 жылдың наурыз айына дейін 250 мың, ал 1956 жылы 640 мың тың игеруші қоныстанған. Олар, негізінен, Ресей, Украина, Беларусь қалаларынан келген еді. Жеткіліксіз жұмыс күші кеңес армиясы қатарынан босатылған жауынгерлермен де толықты. Мемлекет батыс аймақтардан тыңға қоныс аударған отбасыларға көп қаражат бөлген. Респуб­ликаның ауыл шаруашылығына алғашқы екі жылда 6105 миллион сом қаржы жұмсалған. Бұл төртінші бесжылдықта жұмсалған барлық қаржыдан төрт есеге жуық көп. 1954-1958 жылдары Қазақстанда 337 жаңа совхоз ұйымдастырылды. Мемлекет совхоз құрылысына 10814 сом қаржы жұмсаған. Алайда осы тұста тарихшы ғалым Т.Омар­бековтің «Біз тың игеру ісіне мемлекеттің қыруар қаржы бөлгені туралы талмай, қайта-қайта айтқан кезде мына маңызды мәселені естен шығарып аламыз: Қазақстан тыңнан мемлекет тек қана пайда түсірді және одан мемлекет ешқандай (егер ақша қаражатымен есептейтін болсақ) зиян шеккен жоқ. Қазақстан экономистері тыңды игеруге кеткен шығынның алғашқы жылдардан бастап-ақ таза табыспен өтелгенін есептеп шығарып қойған. 1954-1962 жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстанның жаңа жыртылған жерлеріне егілген астығы мемлекетке 649 млн таза пайда бергенін КСР-дің Орталық статистика басқармасы да есептеп шығарды» деп жазғанын келтіргеніміз де жөн.

Республиканың өзге ауыл шаруашылығы аудандарының есебінен тыңға құрылыс материалдары, техника үсті-үстіне әкелінді. 1953 жылмен салыс­тырғанда 1956 жылы тыңға әкелінген тракторлардың саны 213 пайызға, комбайндар 232 пайызға артқан. Мәселен, 1958 жылы республикада 40 мың трактор болса, 1960 жылдардың басында 156,2 мыңға артқан. Комбайндар 3 есе көбейген. 1954 жылы белгіленген 6,3 млн гектар жердің орнына 8,5 млн гектар жер жыртылған. 1954 жылдың тамызында КОКП ОК мен КСРО Министрлер кеңесінің тыңға шабуылды одан әрі өрістету туралы қаулысы қабылданып, нәтижесінде 1954-1960 жылдары 26484 гектар жер жыртылған.

1954-1955 жылдары КОКП ОК Қазақстанға тың жерлерді игеруде аудандық буынды нығайту үшін 176 жауапты қызметкерді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаруға жібереді. МТС және совхоз директорлығына 250 адам тағайындалады. Тың игеруге екі жылда орталықтың жолдамасымен 26 мыңға жуық коммунист жіберілген. Басшы жұмыстарға сырттан келгендерді отырғызу әдетке айналады.

1949-1953 жылдары еліміз Одаққа жылына 111 млн пұт астық тапсырса, 1954-1958 жылдары 521,4 млн пұт астық өткізді. Ал 1956 жылы 1,483 млн пұт астық жинап, 1 млрд пұт астық тапсырған. Алайда одан кейінгі жылдары астық өндіру баяулаған. Мысалы, 1963-1964 жылдары астық өндіру 1953 жылғы мөлшерден сәл ғана асқан. Сол жылдары АҚШ, Канада, Аргентина, Франция мемлекеттерінен астық сатып алынған. 1958-1965 жылдары 3 миллион гектарға жуық егістік жер құнарсыздығына байланыс­ты айналымнан шығарылған.

Тың игерудің пайдасына шешілетін нанымды аргумент ретінде Челябі облысының ­«Петропавл» Солтүстік Қазақстан облысының «Ленин жолы» деген екі шаруашылығының қайтадан игерілген жерлердің бір гектарынан 22 және 30 центнер өнім алған (өзінен-өзі күмәнді) жекелеген тәжірибесі алынды. Осыны негізге ала отырып, Қазақстан, Сібір, Оралдағы тың аудандары мен басқа да аудандарда 13 миллион гектар тың және тыңайған жерлерді, оның ішінде Қазақстанда 6,3 млн гектарды игеру міндеті алға қойылды. 1955 жылы осы жерлерден 1100-1200 млн пұт астық алу ұйғарылды. Алға қойылған міндеттерді шешу үшін ауқымды күш пен қаржы жұмылдыруды, қаншама қиындықты жеңу қажет болды.

Тың жерлерді игеру – шаруа­шылықты жүргізудің экстенсивті формасы әрі мол күрделі қаржы салымын талап етті. Алғашқы екі жылдың ішінде республиканың ауыл шаруа­шылығына 6105 миллион рубль аударылды. Бұл ­барлық төрт бесжылдықтың ішінде жұмсалған қаржыдан төрт есе артық. 1954-1958 жылдары Қазақстанда 337 жаңа совхоз ұйымдастырылды. Олардың құрылысына мемлекет 10814 миллион рубль шығын шығарды. Негізгі өндіріс қорлары 1953 жылы 276 млн рубль болса, 1965 жылы 2,6 млрд рубльге дейін өсті, яғни 10 есеге артық.

Тыңға ауқымды материалдық қорлар тартылды. Елдегі және республикалардағы егіншілікпен айналысатын басқа аудандардың есебінен тың игеру аймағына құрылыс материалдары мен техникалар жіберілді. 1956 жылы 1953 жылмен салыстырғанда трактор саны 213 пайызға, ал комбайнмен қамтамасыз ету 237 пайызға өсті. Соған орай трактор паркі де өсті. Егер 1958 жылы республикада 40 мыңға тарта трактор тіркелсе, 1960 жылдың басында олардың саны 156,2 мыңға жетті немесе 4 есеге, ал комбайндардың саны 4,3 есеге артты. Мүмкін сол уақытта басқа бір ауданға сондай мөлшердегі техника аз жеткізіліп, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізген шығар.

«Тыңға шабуыл» ешқандай дайындықсыз, тез басталды. «Соқаның жүзі қара топырақты құнарлы жерлерге де, жайы­лымға бай бетегелі далаға да, сондай-ақ сортаң жерлерге де салынды. Екпінді комсомол жастар мен интернационал бригадалар «қазақ даласының ішек-қарнын ақтарып тастады» деп жазады Ш.Мұртаза. Жүздеген, мыңдаған және миллиондаған гектар жыртылған аймақтар туралы мәлімет-рапорттар жоғарыға беріліп жатты. Тапсырманы асыра орындау үшін 6,3 мил­лион гектар жердің орнына 1954 жылы 8,5 миллион гектар жер жыртылды. Осы нәтижемен тоқтауға да болушы еді, бірақ «құрметті Н.Сергеевич» бұған да қанағаттанбады.

Тың игеру тың жерлерді ба­ғындырушылар үшін өмірлік маңызды болды, олар тың эпопея­сы туралы айтылған сыни пікірлерді жүрегіне ауыр қабылдады. Тың игеру тарихында шынайы романтикалық, жанкештілік, жаңашылдық аз болған жоқ. Ешкім де бұл жағдайлардың болғанына, өңделмеген және себуге жарамды жер телімдерін пайдалану қажеті секілді күмән келтіре алмайды. Бұл жерде сөз 35 миллион гектар жерді талқылаусыз, қысқа мерзімде жыртудың қаншалықты ақталғаны туралы, бұл науқанның экологиялық және демографиялық, әлеуметтік-­экономикалық зардаптары туралы болып тұр. Тың жерлерді игеру саясатының жүзеге асырудағы жағымсыз көріністері тың эпопеясы барысында орын алған халық энтузиазмінің маңызын төмендете алмайды. Тың эпопея­сы жоғары қоғамдық саналы, саяси кемелденген мыңдаған адамның жанкешті еңбегінің жарқын мысалдарына толы болды. Тың игеру барысында жаңашыл бастамаларға жол ашылды. Оның бірі – студенттік құрылыс отрядтары. Жүйенің бюрократтық бұрмалауын бастан өткере отырып, студенттік құрылыс отрядтары қайта құру жағдайында жаңа өзгерістер әкелді. 1954 жылдың күзінде Қостанай облысы Таран ауданының жастары жаңа бастама көтерді. Олар республикамыздың барлық еңбекшілерін мәдени-ағарту мекемелерінің құрылыстарын салу және жөндеу, олардың жұмысын жақсартуға шақыр­ды. Бұл бастама халық тарапынан үлкен қолдау тапты. 1955-56 жылдары ауылдағы елді мекендерде 17 мәдениет үйі, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу залы, 500-ден астам қызыл бұрыш, 10 стадион және спорт алаңы салынды, 230 елді мекен радиомен, 170 елді мекен электрмен қамтамасыз етілді.

Жаппай тың игеру жылдары совхоздар мен колхоздар тарапынан ауыл мектептерін қамқорлыққа алу кеңінен таралды. Олардың көмегімен 1957 жылы ауыл мектептерінде 2828 оқу шеберханасы, 1700 пән кабинеті жабдықталды. Совхоздар мен колхоздар 3000-нан астам оқу-өндірістік бригада мен учаскені құруға көмектесті. Тың аймақтарында тұрғын үй құрылысы жүргізіле бастады. 1954-55 жылдары тың игерілген аудандарда 853 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жаңа поселкелер, автомобиль жолдары салынды, астық қоймалары тұрғызылды.

«Тыңды бағындырушы белсенділерді» жолдың, астық қоймасының болмауы еш абыр­жытқан жоқ. Үлкен еңбекпен өсірілген астық жүз мың тонналап қыр­манда, соншасы дестеленген күйі ашық далада, жаңбыр мен қардың астында шіріп қалды.

Егер бұған жалқаулық пен шаруаға қырсыздықты қосатын болсақ, 15 мың трактор сынып, үнемі жөндеуде тұрғандықтан, тың эпопеясының қорытындысын шығарғанда, бұл шығындардың есепке алынғанына күмән келтіресің.

Сәуле МӘЛІКОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button