Басты ақпаратҚоғам

ҰБТ-2019: Биылғы өзгеріс не?

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) форматы өзгермейді. ҰБТ тапсыратын пәндер, берілетін сұрақтар, ұпай саны, өтетін уақыты бұрынғыша болады. Сейсенбі күні Үкімет отырысында баян­дама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тестілеуді жетілдіруге қатысты биыл қолға алынатын іс-шаралар жөнінде әңгімелеп берді. Енді соларға толығырақ тоқталайық.

ҰБТ-ға 117242 түлек қатысады

Биыл ҰБТ-ға қатысу­ға ­117 242 адам өтініш берген. Соның ішінде 96 мыңнан астамы – биылғы мектеп түлектері немесе барлық мектеп бітірушілердің 72 пайызы. Ал 20 мыңнан ас­тамы – биыл және өткен жыл­дары колледждер мен шетелдік білім беру ұйымдарын бітірушілер. Сынақ 20-30 маусым аралығында еліміздегі 169 ҰБТ тапсыру нүктелерінде өткізіледі.
Асхат Аймағамбетов құзырлы министрлік ҰБТ-ны өткізуге толық дайын екенін мәлім етті. Біріншіден, қазіргі уақытта тестілеу материалдары құпия тәртіппен өңірлерге толығымен жіберілген. Екіншіден, ҰБТ-ны ұйымдастыру үшін мемлекеттік комиссиялар құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ-тың өкілдері енгізілген. Үшіншіден, республикалық деңгейде және жергілікті әрбір ҰБТ өткізетін нүктелерде аппеляциялық комиссиялар құрылған. Төртіншіден, барлық аудиториялар бақылау бейнекамералармен және ұялы байланыс сигналдарын өшіретін құралдармен жабдықталған. Бесіншіден, жедел ақпарат алмасу үшін министрліктің арнайы CALL-орталық өз жұмысын бастаған.
Айта кетелік, ҰБТ елі­мізде биыл 16-шы рет өткізіледі. Осы аралықта сы­нақ тап­сыруға 1,8 млн адам қатысыпты.

Талапкерлерге бірқатар жеңілдіктер енгізілді

Енді талапкерлерге қатыс­ты енгізілген жеңілдіктерге келейік. Биылдан бастап ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ жылына төрт рет өткізіледі. Министр мұндай жеңілдіктер оқушыларға психологиялық қысымды азайтуға және маусым айында өтетін ҰБТ-ға тиянақты дайындалуға септігін тигізеді деп санайды.
«Бұған дейін мектеп бі­тірушілер тестілеуді тек мау­сым айында тапсырып келген еді. Биыл олар қаңтар және наурыз айларында да тапсыра бастады. Сондық­тан, осы жолғы тестілеуге оқушылар өте жақсы дайындықпен келіп отыр деп зор сеніммен айта аламын» деп мәлімдеді Асхат Қанатұлы.
Министрдің айтуынша, қаңтардағы тестілеуге 35 мыңдай, наурыз айындағы тестілеуге 80 мыңға жуық оқушылар қатысқан. «Осы екі ҰБТ-да жалпы мектеп бітіру­шілердің 78 пайызы қамтылды. Олардың 70 пайы­зы қазірдің өзінде тиісті шекті балды иеленіп, ақылы түрдегі оқуға түсуге дайын отыр. Енді осы оқушылар грантқа түсу үшін маусым айындағы тестілеуге де қатысады» деп түсіндірді құзырлы министрлік басшысы.
Биылғы жаңалықтың бірі – ҰБТ-ны тапсыру кезінде IELTS сертификаты барларға жеңілдік жасалады. Атап айтсақ, IELTS сертификаты бар түлектер шет тілі пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға осы пән бойынша максималды балл автоматты түрде беріледі. Қазіргі таңда ҰБТ-ға қатысушылардың арасында IELTS сертификаты бар оқушылардың саны – 708.

Колледж түлектері ҰБТ-дан босатылады

Сонымен қатар, колледж түлектеріне де биылғы ҰБТ кезінде жеңілдіктер беріледі. Мәселен, олар бітірген мамандығы бойынша жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түсемін десе, ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы – әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қоса арнайы ақпараттық парақ беріледі. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінетін гранттар саны, сондай-ақ өткен жылғы грант байқауының нәтижелері, оған өту балы көрсетіледі.
«Біздің ойымызша, мұндай мәлі­меттер талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс таңдауға, жинаған балына сәйкес дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, заңтану мамандығына әдетте өте үлкен, байқау жоғары, грант аз бөлінеді. Шекті балы 130-дан көп. Сондықтан, 100-120 балл жинаған балалар осы ақпаратты біле отырып, дұрыс таңдау жасай алады» деп түсіндірді жаңалықты Асхат Аймағамбетов.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button