Басты ақпарат

Жасөспірім неге қылмыс жасайды?

Астана қалалық сотының мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмаған ба­ла­лардың қатысуымен  елордада 43 қыл­мыс­тық іс қозғалыпты. Соңғы төрт жылдың ішін­де  338 бала жауапқа тартылса, 35 жас­өспірім бас бостандығынан айырылған.

Бас бостандығынан айырылған жасөспірімдердің басым бөлігі адам денсаулығына қауіп төн­діріп, жарақат салу, соққыға жы­ғып, тонау сияқты қылмыстары үшін сотталған екен. Өрімдей жастардың осындай қадамға баруына не түрткі болды? Қылмыс жасаған кімнің баласы? Ювеналды әділеттің міндеті қандай? Жасөспірімдерге қатысты басқа да мәселелерді мамандардың өзінен сұрадық.

Сара ЖАРМҰХАМБЕТОВА,
Астана қаласы Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы:

Бала бақылаусыз қалмасын

Жасөспірімдер арасын­да­ғы қыл­мыс қашан­да ұлттық тұтасты­ғы­мызға, ел болашағына қауіп төн­­дірері сөзсіз. Бас қалада жыл басынан бері кәмелеттік жасқа тол­маған бірнеше жасөспірім қылмыстық жауапқа тартылды. 43 тұлғаға қатысты 21 шешім шықса, 20 іс қысқартылды. Жауапқа тартылғандардың көбі Қылмыстық Кодексінің 178-ба­бы бойынша, яғни бө­­теннің мүлкіне қол салу, ұрлық, тонау болып отыр. Іс барысын­да сот отырысы­на жасөспірімдердің ата-анасы, туыстары және ата-анасының орнын басқан тұлғалар қатысты. Жалпы, қылмыс жасағандардың көбі өзге өңірден келгендер. Олар жаңа ортаға келгенде, үлкендердің бақылауы болмағандықтан, түрлі жағдайларға душар болады. Баланың тәрбиесіне ерекше мән беріп, түзу жолға бағыттауда ата-ананың орны қашанда бөлек.
Бәрімізге белгілі, қылмыс жа­са­­ған жасөспірім Қазақстан Рес­публикасының заң актілеріне сәй­кес жауап береді.
ҚР ҚК-нің 78-бабына сәйкес, «кәмелетке толмағандар» деп – қыл­мыс жасаған кезде жа­сы он төртке жеткен, бірақ он сегіз жасқа толмаған  балалар  та­ны­лады.

Төремұрат АЙМАҒАМБЕТОВ,
«Медиаторлар одағы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

Жеткіншектің жазасын жеңілдеткен жөн

Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық азаймай отыр. Мұндай күрделі мәселені шешу мақсатында елімізде сот әділдігінің жаңа тетігі – ювеналдық әділсот заңдық негізде іске асырылып, арнайы орган – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттар құрылды. Ювеналдық әділеттің негізі болып табылатын бұл соттарға тек жазалау шаралары ғана емес, ең алдымен алдын алу жұмыстары жүктеледі және кәмелетке толмағандарды оңалтумен айналысатын қоғамдық институттар көмекші ретінде тартылады. Біздің бірлестікте «Кәмелетке толмағандарды сот өндірісіне бағыттау орталығы» жұмыс істейді. Ондағы психологтар мен әлеуметтік жұмыскерлер кәмелетке толмағандарға қатысты сот процестеріне қатысып, айыпталушы жасөспірімдерге қатысты құжаттарды ресімдеуге тікелей қатысады. Баланың әлеуметтік портреті, отбасы, тұрмыс жағдайы туралы акті және жеткіншектің жеке психологиялық мінездемесі сияқты құжаттар сот әділдігін атқаруда, айыпталушының бұл қылмысқа баруының себептерін анықтап, баланың болашағына балта шаппайтындай, бірақ тәрбиелік мәні бар жаза түрін қолдануда шешуші рөл атқарады. Айта кетерлігі, «Кәмелетке толмағандарға қатысты сот әділдігі. Медиация» жобасының аясында бірнеше айыпталушы жеткіншектің жазасы жеңілдетіліп, оларға шартты түрде жаза қолданылды.

Жанат Хабаров,
Астана қаласы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот приставы:

Әлеуметтік жағдай әсер етпей қоймайды

Менің ойымша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне қоғамның қарқынды түрде әлеуметтiк бөлiнуi, халықтың басым көпшiлiгiнiң өмiр сүру деңгейiнiң күрт төмен түсiп кетуi, отбасылық қатынастардың өзгеруi, жасөспiрiмдерге деген қатыгездiктiң жоғарылауы әсер етеді. Сонымен қатар, отбасында баламен қатал қарым-қатынас жасау, яғни ұрып-соғу, балағаттау, ар-намысына тию де келеңсіздікке апарады. Тәрбиелеудің қатаң түрлерінің бала өміріне көп әсерін тигізетінін ескерсек, болашақта оның осындай тәсілді қолданбауына кепілдік беру қиын.
Міне, осындай жағдайлар кә­ме­леттік жасқа жетпегендердің кри­ми­но­гендік ортаны таңдауы­на, қылмысқа бой ұруына, қа­ты­гез болуына алып келеді. Ал бұлардың қоғамда абзал азамат болып қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасау мемлекетіміздің басты міндеті.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button