Басты ақпаратТалайғы тарих

Жоғалған дивизияның дерегі

1942 жылдың жазында Украина жерінде «жоғалып» кеткен бұл дивизия туралы ақпар жалпы халыққа бұдан оншақты жыл бұрын ғана белгілі бола бастады. №106 атты әскерлер дивизиясы. Төрт мыңнан астам жауынгер. Оларға берілгені – бар болғаны жүз винтовка. Қалғандарының қолдарында жалаңдаған қылыш. Ал дивизия сарбаздары Ақмола облысынан жиналған жауынгерлерден құралған еді.Міне, осы жалаң қылышты жауынгерлер алғаш рет Харьковтің түбінде бірінші рет ұрысқа кірген. Ат үстінде құйғытқан иен даланың ерен ұлдары Красноград қалашығын жаудан азат ету жолындағы шайқаста танктер колоннасына шабуыл жасапты. Қыннан суырылған қайқы қылышпен. Кезекті мылтықты боздақ оққа ұшқаннан кейін ғана қаруды келесі жауынгер оның қолынан алып, жауға қарай атып тұрған. Кеңес әскери басшылығы осылай мыңдаған қазақ ұланын ашық өлім алаңына қарай арандатып айдап салған. Бірақ ержүрек сарбаздардың артында даңқы қалды. Соғыстың алғашқы жылдарында осындай атты дивизия болғаны туралы аңыз ақырын ауыздан ауызға көшіп, қазіргі заманға дейін жеткен. Алайда олар жайлы бірде-бір архивте тиісті құжат, анықтама, бұйрық, шешім қалдырылмаған, оқулықтар мен кітаптарда да оған қатысты бірде-бір дерек жоқ. Қазақ жастарынан құралған кавалерияның Красноград деген қаланы жаудан азат етуге қатысып, көбінің жер жастанып қалғаны еш жерде ресми түрде қағаз жүзіне түсірілмеген.
Тіпті 2007 жылға дейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінде де аталмыш дивизия кейін тылға алдырылып, таратылды дегеннен өзге титімдей де мәлімет болмаған. Тек министрліктің мемориалды жобалар жөніндегі жауапты маманы Мағжан Қаһармановтың қолына сол кездегі жауынгерлердің «106-ншының құрамында Харьков түбінде болдық. Савинцы стансасына дейін жеттік» деген жазуы бар сарғайып кеткен хаты жеткеннен кейін ғана сең қозғалды. Сосын министрлік сол «соғыспаған» сарбаздардың ұрпақтарынан, кәнігі із кесушілерден және ведомство өкілдерінен іздестіру тобын құрды. Топ сол бойда бірден Украинаға аттанды. Соғыс кезіндегі қазақ атты әскерлерінің алғашқы дерегі солай табылды. Бірақ толық мәлімет алу оңайға түскен жоқ.
Бұл оқиға 1941 жылдың қазан айында басталып еді. Сол кезде КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің майданға аттандыру үшін ұлттық атқыштар және атты әскерлер бөлімшелерін құру туралы, әлбетте, «барынша құпия» деген ескертпесі бар қаулысы шығады. Олар тап осылай ұлттық белгілер бойынша құрылады. Сондықтан әрбір одақтас республикаға өздерінен қанша жауынгер талап етілетіні жөніндегі разнарядка жіберіледі. Соның ішінде Қазақ КСР екі атқыштар бригадасы мен екі кавалерия дивизиясын жасақтап жіберуге тиіс болады. Біздің жақ тапсырманы толығымен орындайды…
Сөйтіп, 1942 жылдың көктемінде Ақмолада шұғыл түрде 106-кавалерия дивизиясы жасақталады. Сәуір айында түгел дерлік қазақ жігіттерінен құралған атты әскер қосыны бірнеше эшелон болып Харьковке қарай бағыт түзейді. Бірақ олар діттеген жеріне жетпей, жолда бара жатқан кезінде-ақ Орта Азия әскери округінен Қазақ КСР-іне 106-дивизияны таратып, оны Қызыл Армияның басқа әскери бөлімдерінің сапын толықтыру үшін бөліп жіберу туралы бұйрық келіп түседі. Бірақ мұндағылар құжат бойынша еш жерде жоқ бірлікті жолдан тоқтатуға ешқандай әрекет жасай қоймайды. Қаперлерінде дәнеңе жоқ дивизия жауынгерлері осылайша Украинаның Харьков облысындағы Савинцы стансасына барып тоқтайды. Мұнда соңғы эшелон 12 мамыр күні келіп жетеді. Бұл жерде оларды Оңтүстік-Батыс майданның бір бөлігі болып табылатын 6-кавалерия корпусы құрамына қосады. Дәл сол күні Харьковті жаудан азат ету операциясы басталады. Бұл сүргіннің ішінде кімнің қайда жүргені белгісіз болды. Сол сапта соғысқан есепте жоқ атты әскер дивизиясы турасында нақты деректердің жазылмай қалуына себеп болған да осы жай еді.
Алайда арада 65 жыл өткеннен кейін майдан даласына бара салып ұрысқа кірісіп кеткен 106-ншы қазақ дивизиясы сарбаздарының жаман соғыспағаны туралы деректер мәлім бола бастады. Олар 6-корпус құрамында Харьковке түстік жақпен шабуылдамақ болып тым ілгері кетіп, Красноград қаласы үшін қырғынға кіреді. Сол шапқыншылықта адамдар да, аттар да әбден болдырады. Азық-түлік пен оқ-дәрілер де таусылады. Қоршау ішінде қалған оларға сосын жоғарыдан көмек көрсетілмек болады. Бірақ оның орайы келмейді. Себебі қалған майдандардың да ахуалы оңып тұрмаған еді. Командование соңынан бұларды мүлдем ұмытып кеткендей сыңай танытады. Осындай жағдайда жау ішінде соғысқан атты әскерлер жауынгерлері 26 мамырға дейін шыдас береді. Содан кейін бәрі тынады.
Бір таңғалдыратыны, 102 винтовкамен, 1,5 мың қылышпен ғана қаруланған 4091 адам тура екі апта бойы жасанған жауға ерік бермей, қарсыласып бағады. Атты әскерлер мезгілдің мамыр айы болғанына қарамастан, әлі қыстық тондармен, байпақ пималармен жүр еді. Ал олармен ине-жіптен жаңа шыққандай ықшам да ыңғайлы әскери форма киініп алған неміс солдаттары соғысты. Содан кейін фашистер қазақ жауынгерлеріне қарсы танк колоннасын айдап салды. Біздің ұландардың фашистер танкілеріне қылышпен қарсы ұмтылғаны жайлы аңыз әңгіме осыдан кейін шыққан-тын.
Қызыл әскерлер тағы біршама уақыт кескілескен шайқас үстінде кейін шегініп, қоршаудан шықпақшы болады. Бірақ Оңтүстік-Батыс майданның 600 мың адамының тек 22 мыңы, атты әскерлердің бір жарым мыңы ғана суырылып кете алды. Қалғандары ұрыс даласында қалды не жау қолына түсті. Кейін соғыс жылнамашылары жазатын «Харьков қазандығы» осы кезде орын алды. Көз көргендердің айтуларынша, мұнда нағыз қанды қасап болғанға ұқсайды. Қырғын болған жерде адамдар мен аттардың денелері мылжа-мылжа болып көп күн жатқан. Ақырында бұл маңнан жан төзгісіз иіс тарай бастаған. Сосын немістер әуеден ұшақпен хлор сеуіп өткен.
Осымен 106-дивизия туралы дерек түгесіледі. Себебі басқа мәліметтердің бәрі архивтерден шұғыл жойылып жіберілген екен. Құдды мұндай дивизия, мұндай оқиға болмаған сияқты. Кеңес командованиесі осыған мүдделілік танытқанға ұқсайды. Мұның тағы бір мынадай себебі бар көрінеді. Тап осы жылдары Украинаны басқарған Никита Хрущев 42-нің көктемінде тап жаңағы Оңтүстік-Батыс майданы әскери кеңесінің мүшесі болыпты. Сол Сталинге баянат жасап тұрғанында, өзін жақсы атты көрсету үшін бұл жақ ешқандай көмек керек етпейді, өз күшімен шығады деген мазмұнда мәлімдеме жасапты. Сөйтіп, жағдайға дұрыс баға бере білмеген. Оның салдары алапат апатқа алып барған.
Жоғалған дивизияның дерегін табуға Харьков қаласындағы қазақ жерлестігі қауымдастығының жетекшісі Макка Қаражанова көп көмектесіпті.
– Әдепкі іздестіру жұмыстары бұл дивизия туралы ешкімнің ештеңе білмейтінін көрсетті, – дейді ол. – Менің бір Татьяна Крупа деген керемет құрбым бар еді. Сол бізбен бірге іздестіру жұмыс­тарына қосылып кетті. Оның өзі археолог, тарихшы, өз ортасында айтарлықтай белгілі адам. Құрбым да өз айналасынан дивизия жайында сұрастыра бастайды. Бірақ оған білетіндер 106-кавалерия дивизиясы дегеннің жоқ екенін, барлық майданда 106-дивизияның атқыштар есебінде көрсетілгенін айтады. Біз соған қарамастан іздестіруімізді тоқтатпадық. Бір жолы, түнгі сағат екіде менің электронды поштама хат келіп түсті. Оны Шайық Қалқынбаев деген атты әскердің қыз немересі жазыпты. Хатында ол көпшіліктен атасының жерленген жерін тауып беруге көмектесуді сұрайды. Іздеу салушы сонымен бірге атасының соңғы хатын Харьков түбінен жібергенін атап көрсетіпті. Хат жолданған деревняның аты Алексеевка деп тұр. Ал мұндай деревня Харьков түбіндегі Первомай деген ауданда бар еді. Сондықтан біз іздестіруді тура осы ауданнан бастадық. Сөйтіп, Красноград қаласына бардық. Бірінші кезекте қалалық музейге соғып, аталған дивизия жайында сұрастырып көрдік. Ешқандай ақпар жоқ болып шықты. Біз кетейін деп жатқанда, музейде істейтін қартаң әйел келіп: «Қыздар, Ұлы Отан соғысының Красноград қаласына қатысты материалдарын баяғыдан бері жинастырып жүрген бір кісі бар. Бәлкім, іздегендеріңіз содан табылып қалар» дегенді айтты.
– Ең бастысы, біз дивизияның корпус құрамына берілгені туралы актіні тауып алдық, – дейді Макка Қаражанова. – Бұл Ақмола атты әскер дивизиясының майдан шебіне дейін жеткені ғана емес, сонымен бірге ұрыс қимылдарына қатысқанын білдіреді. Бұдан біршама уақыт өткеннен кейін біз тағы бір құжат тауып алдық. Ол бұған дейін еш жерде жарияланбаған екен, мен оны «Наследники славы» деген сайттан жақында ғана ашқан парақшама орналастырдым. Ол – 1942 жылғы 9 мамырдағы бір баянат. Онда 6-кавалерия корпусында өткен жиналыс туралы сөз қозғалады. Содан алынған бір дәйектеме бізге: «…бүгін бізге толықтыру келді. Корпусқа құрамында 4175 адамы, соның ішінде 356 басшы командирлік құрамы, 528 кіші бастықтар құрамы, 3291 қатардағы жауынгерлері бар дивизия қосылды. Дивизияның басшылық ету бөлігі 200 командалық құрамнан, 59 саяси құрамнан, 31 әкімшілік-шаруашылық құрамнан, 27 медициналық персоналдан, 21 ветеринарлық құрамнан, 7 техникалық құрамнан тұрады. Ұлттық жағынан жалпы құрамның 90 па­йызын қазақтар құрайды…».
Ал атты әскерлер құрылымы ресми түрде «Ақмола кавалериялық дивизиясы» деп аталған екен. Бірақ дивизияның негізін ақмолалықтар құрағанымен, оған Қазақстанның тағы 9 облысынан жауынгерлер алыныпты. Бұдан бөлек, қырғыздардың 107-атты әскер дивизиясынан ауысып келгендер де болған.
Қорғаныс министрлігінің өкілі Мағжан Қаһарманов іздестіру жұмыстары кезінде табылған бір қағаздың нағыз сенсация болғанын әңгімелейді. Ол жоғарыда Макка Қаражанова айтқан акті еді. Шынында да, 106-кавалериялық дивизияның 6-корпустың құрамына қабылданып алуы жөнінде акті деп аталатын құжатта қазақстандық жауынгерлердің аты-жөндері, олардың саяси-моральдық ахуалдары және жазба уақыты толық көрсетілген. Кейін Харьковке барып қайтқан біздің іздестіру тобының мүшелері аталмыш қанды қасапты өз көздерімен көрген украин қарияларымен кездесу мүмкіндігіне ие болады. Олар атты әскерлер құрамындағы жауынгерлердің қазақтар болғанын бірден айтқан. Делегация сол сапарда екі бауырластар зиратында болудың да орайын келтіреді. Солардың бірі 30 жылдан бері жан баласы тұрмайтын «Казачий майдан» деген селоның жанында орналасыпты. Мемориалда 25 жауынгердің аты-жөні жазылыпты. Бұлардың арасында қазақ фамилиялары аз кездеспейді. Ал төменде бұл жерде 752 адамның мәйіті жатқаны жазылыпты. Кім білсін, осылардың арасында Ақмола дивизиясының боздақтары да аз емес шығар…
Харьков облысының басшылығы осы дүмпуден кейін ұмыт болған қазақ дивизиясы құрметіне екі мемориал орнатпаққа уәде берген екен. Бұлай болатыны, 42-нің көктемінде ақмолалық атты әскерлер жасай алмаған тірлікті 43-тің басында олардың басқа жерлестері орындапты. Атап айтқанда, 106-дивизияның бітпей қалған ісін тура бір жылдан кейін ақмолалықтардан құралған 310-атқыштар дивизиясы табысты аяқтап, Красноградтан немістерді қуып шығыпты. Осы үшін оған «Красноград дивизиясы» деген құрметті атақ беріліпті.
Міне, «жоғалған ақмолалық дивизияның» бір дерегі осылай елге мәлім болды.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button