Қала мен Сала

Апатты үйлердің тұрғындары көшіріледі

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесі талқыланды.

Алдымен сөз алған Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Ахметов «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, елордада тұрғын үй қорын реновациялау жобасының іске асырылып жатқанын жеткізді. Бөлім басшысының мәлімдеуінше, жобаның бірінші кезеңі 2013-2017 жылдар аралығында өтті, оның барысында 228 апатты үй бұзылып, 3400-ден астам отбасы жаңа да жайлы тұрғын үй алды.

2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген екінші кезеңді іске асыру шеңберінде 1082 пәтерлі 56 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Ал 2018 жылы 86 пәтерлі 9 апатты жағдайдағы үйдің тұрғындары жаңа қоныс­тарына көшті.

– 2019 жылы 197 пәтерлі 16 апатты үйдің тұрғындары Абылай хан даңғылы мен «Артем» базары ауданында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешеніне көшірілді. 2020 жылы 209 пәтерлі 5 апатты үйдің тұрғындары Қарасай батыр көшесі мен Қордай көшесінде орналасқан тұрғын үй кешеніне қоныстанды. Былтыр елордада 257 пәтерлік 8 апатты үйдің тұрғындары Абылай хан даңғылы мен Қарасай батыр көшесінің бойындағы жаңа үйлерге көшірілді, – деді
Т.Ахметов.

Қазіргі уақытта аталған үйлерді физикалық бұзу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2018-2021 жылдары барлығы 749 пәтерлік 38 үйдің тұрғындары көшірілді. Ал ағымдағы жылы Астанада 333 пәтерге 18 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Қала аудандары әкімдерінің аппараттарымен бірлесіп, 2023-2027 жылдарға арналған бұзу жоспары құрылды.

«Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК-нің директоры ­Александр Строчковтың айтуынша, биылғы 8 ай ішінде 39 әлеуметтік нысанның құрылысы үшін 343 меншік иесінен жалпы ауданы 42,7 га құрайтын жер учаскесі алынды. Төленген өтемақының жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрады.

Сонымен бірге жалпы ауданы 14,41 га құрайтын жер учаскелерін алу бойынша жұмыс жүргізіліп, меншік иелеріне алынатын жер учаскелерінің орнына нарықтық құны бірдей жер учаскелері ұсынылды. Бұл бюджет шығындарын 4 млрд теңгеден артық сомаға үнемдеуге мүмкіндік берді.

– Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің қаулылары шеңберінде 86 тұрғын үй сатып алынды. Сонымен қатар апатты тұрғын үйлерге және ВЛ 110 кВ кабель каналын жүргізу үшін бұзуға жататын үйлерге бағалау жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қалған жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу құны шамамен 10,5 млрд теңге құрайды, – деді А.Строчков.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың 10 тамызында Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасына Биші қайың тұйық көшесі, Сырдария және Ш.Жиен­құлова көшелерін кеңейту үшін жер учаскелері берілді. Әкімдіктің жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылданып, қаржыландыру бөлінген жағдайда, басқарма осы көшелерді кеңейту шегіне түсетін тұрғын үйлерді сатып алу және бұзу жұмысын бастайды.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button