Басты ақпарат

Ұлы дала сазы мен бай мұрасы

Осы аптаның басынан елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ құрылтайы аясында «Ұлы Дала сазы» этнофестивалі өтіп жатыр. Бұл – заманауи этникалық музыка жанрындағы ауқымды жоба. 16 қыркүйекке дейін жалғасатын этнофестиваль шеңберінде «Бәйтерек» монументінің алаңында этноауыл орын тепті.  

Фестиваль мақсаты – қала тұрғындарын, туристерді, құрылтайға қатысушыларды Ұлы даланың мұрагері – қазақ халқының бай мәдениетімен таныстыру. Онда дәстүрлі орындаушылық өнердің өкілдері, этно-фольк­лорлық ұжымдар және басқа да танымал қазіргі заманғы этникалық музыкалық өнер иелері өнер көрсетіп жатыр. Концерттік бөлімді күн сайын сағат 18:00-ден бастап, 20:00-ге дейін тамашалауға болады.

Ал күнделікті сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істеп жатқан этноауылда сегіз қанатты киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылып, қолөнер шеберлерінің жұмыстарын көрсететін «Шеберлер ауылы», шағын сәулет нысандары және т.б. алаңдар ұйымдастырылды. Этноауыл бірнеше секторға бөлінді.

«Дәстүрлі көлөнер түрлері» секторында Қазақстан қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл секторда ұлттық нақыштағы заманауи бұйымдар да (жейделер, бас киімдер және т.б.) ұсынылды.

Ақмола облысының Шортанды ауданынан келген Бектас Кәрімұлы сүйектен жасалған бұйымдарды және майлы бояумен салынған картиналарды әкелді.

– Сүйек жұмыстары дегенде, бәрі де қара мал мен ұсақ малдың жауырын сүйегінен жасалған. Қазақ тұрмысында жауырын қастерлі болып саналатынын білесіздер. Оны ата-бабаларымыз әртүрлі ырымдарға пайдаланған. Кезінде жауырынға қарап, бал ашатын көріпкелдер болған. Мен осы жауырыннан көркем туындыларды жасаймын. Бұл жұмыстар әртүрлі мағынада бедерленген. Республикалық және халықаралық, жалпы осы уақытқа дейін бес көрмеге қатыстым. Негізгі мамандығым – суретші. Картиналарымда қазақ халқының саятшылық өнерін, ұлт тұрмысын бейнелеймін, – дейді Бектас Кәрімұлы.

Ақмола облысы Қосшы қаласының тұрғыны Асхат Бозымбай қолөнермен айналысқанына 27 жылдан асты.

– Көбіне тері бұйымдарын жасаймын. Соның ішінде ат әбзелдерін, қазақтың ежелгі қару-жарақтарын жасап, қамшы өремін. Ата-бабамыздан мұра болып қалған өнерді әрі қарай жалғастырып жатырмын. Ұлттық бағыттағы көрмелерге шақыртуды көп аламын. Осында да шақырғаннан кейін халыққа өнерімізді паш етіп, шеберлік сабақтарын өткізіп жатырмыз. Қамшының қадір-қасиеті бар. Ол қалай өріледі, оны қалай ілу керек – соның әрқайсының өз әдебі бар, – дейді қолөнер шебері.

Қарағанды облысының Шахтинск қаласынан келген Ермек Кәрімұлы – ағаштан түйін түйген шебер. Ол он жылға жуық уақыт домбыра, қобыз сияқты ұлтымыздың төл аспаптарын, қонақтарға ет тартатын астау сияқты бұйымдарды жасайды. Этноауыл басынан осы қолөнер шебері де табылды.

«Археология, тарих, этнография» секторында Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен жеткізілген жәдігерлер, танымал зергер Берік Әлібайдың музей-үйіндегі қолөнер үлгілері қойылды.

– Біз музейде сақтаулы қазақ халқының көне, бүгінгі таңда қолданыстан шығып қалған халық аспаптарын және әйгілі тұлғалардың домбыраларының көшірмелерін әкелдік. Соның ішінде Махамбет Өтемісұлының, күй атасы – Құрманғазының, Ақан серінің, Дина Нұрпейісованың, ұлы Абай мен Жамбылдың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, тағы басқа да әйгілі күйші-композиторлардың, ақын-жыраулардың домбыралары бар. Бұл домбыралар құнды, бағалы болғандықтан әрі-бері тасымалдау қиынға түседі, оларды музейден шығармауға тырысамыз. Бірақ халықты тұлғаларымыздың домбыраларының үлгісімен таныстыру мақсатында көшірмелерін жеткіздік, – дейді Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғылым бөлімінің жетекшісі Жансая Қожахан.

Гид болып жүрген Ұлттық музейдің бұрынғы қызметкері Анар Байтемірованың айтуынша, Берік Әлібайдың коллекциясынан алынған жәдігерлер арасында ХVI-XVII ғасырларда ата-бабаларымыз тұрмыста пайдаланған заттар – сандықтар, әбдірелер, ертоқымдар, кісе белдіктер, бес қару, зергерлік бұйымдар бар.

Елордада саятшылық өнерді кәсіп еткен Күнтуған Тоқтыбайұлы деген ақсақал тұрды. Бірнеше жыл бұрын өмірден өтіп кеткен саятшының өнерін қазір ұрпағы жалғастырып жатыр. «Аңшы үйі» секторында оның ұлы Серікбек Күнтуғанұлы қыран құстары мен тазыларымен жайғасты. Ол екі бүркіт пен қос тазыны әкелді. «Ақбалақ» атты бүркіті әкесінен қалған екен. Жасы қазір 28-де. Ал екінші бүркіттің аты – «Ақиық». Бұл – бірге енді толатын жас бүркіт. Ал тазылардың бірінің аты – «Сарғалдақ».

Этноауылда киіз үйлерге кіріп, көшпенді халықтың мәдениеті мен тұрмысымен танысуға болады. Қонақтар шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық ойын түрлері – алтыбақан, асық және т.б. ойындар ойнай алады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button