Мәдениет

Ән-биден шашу шашты

Кеше елорада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің ашылуына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры «Қазақ жәдігерлері» атты концерттік кеш өткізді.

Қазақ өнерінің бүгінгі биік белесін би тілімен түсіндірген концерттік кештің шымылдығы «Көңілашар» биімен ашылып, әрі қарай «тау ұлы», «аққу», «серпін» сынды қойылымдармен жалғасын тапты. Әлемнің әр елінен келген қадірлі қонақтар би арқылы біздің елдің, ұлтымыздың мәдениетін түсініп, көркемөнер көкжиегіне көз жіберді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі дінаралық татулықтың тамырын тереңге жіберіп, достықты ту еткен қазақ елінің мерейін ашырса, «Наз» театры сол салтанатты шараға өнермен шашу шашты.

– «Наз» мемлекеттік би театры – қазақ өнерін, әсіресе би өнерін кеңінен насихаттап жүрген ұжым. Әлемнің көптеген елдеріне өнер сапарымен барып, қазақ ұлтының, қазақ елінің мәдениетін әйгіледік. Ал елордамыз болса, бұл күнде татулық пен достықтың берекелі алаңына айналған. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қазақ ұлтының астанасында өтуі үлкен мерей десек, сол салтанатты жиналысқа келген қонақтарға біздің ұжымның өнер көрсетуі – біз үшін үлкен мақтаныш. Біз осы Съезд аясында «Қазақ жәдігерлері» атты концерттік бағдарламасымен 23 маусымымызды аштық. Концерттік бағдарламада қазақтың ұлттық билері мен әсем әндері орындалды. Қонақтар да біздің концерттік нөмірлерімізді өте ыстық ықыласпен тамашалады, – деді «Наз» мемлекеттік би театры МКҚК-ның бас әкімгері, әншісі Айсұлтан Басықара.

1999 жылдың 9 ақпанында Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан «Наз» халық би ансамблі болып құрылған бұл ұжым 2007 жылдың 1 наурызында қала әкімінің шешімімен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры болып өз алдына шаңырақ көтерді. Өнерде өзінің беталысын байқатып, өз тұсынан оза шапқан «Наз» 2001 жылы II Республикалық Ш.Жиенқұлова атындағы қазақ би конкурсының лауреаты; 2001 жылы IV Халық­аралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран при иегері; 2002 жылы Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты; 2003 жылы Новосибирск қаласында өткен II халықаралық хореографтар конкурсының лауреаты (Ресей); 2004 жылы «Алтын мүсін» иегері (Қытай); 2017 жылы М.Эсамбаев атындағы IX Халық­аралық фестивалінің лауреаты (Грозный) атанды.

Театрда қазір 130 қызметкер бар.

 Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button