Басты ақпаратБілім

Инклюзивті білім беру өзекті

Астана қаласында инклюзивті білім беру сапасын жақсарту, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Таяуда білім беру мекемелерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алу бөлігінде инклюзивті білім беруді іске асыру мәселелері бойынша білім беру мекемелерінің басшыларына арналған қалалық оқыту семинары өткізілді.

Семинарды Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназия­сы ұйымдастырды. Тақырыбы «Әлемді ашамыз. Инклюзивті білім: тең құқылы тұлға, шынайы қарым-қатынас, мүмкіндіктер мекені» деп аталды.

Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру – бұл жалпы білім берудің транформациясы. Мұнда бала мектептің қажеттіліктеріне емес, мектеп баланың қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Сондықтан ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеусіз және олардың білім алу қажеттіліктерін бағалаусыз инклюзивті білім беру туралы айтуға болмайды.
Семинардың Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев атындағы № 10 мектеп-гимназиясында өтуі де – заңдылық. Бұл мектеп елордадағы мүмкіндігі шектеулі балалар – көру қабілеті бұзылған балалар білім алып, тәрбиеленетін бірден-бір білім ордасы. Көзі көрмесе де көкірегі ояу, қабілетті балаларға бағыт-бағдар беріп, білімін жетілдіріп жатқан мектеп педагогтарының бұл саладағы тәжірибесі мол.

–Уайымдайтыным, осы балалар мектеп бітіргесін үлкен өмірге қалай бейімделер екен, кейін бір кәсіпті меңгеріп, жақсы маман иесі болса екен деп алаңдаймын, болашақта колледждерде оларға арналған мамандықтар ашса, – дейді мектеп директоры Б.Шәріпбекұлы. Біз қала бойынша осындай мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беретін болғандықтан, қажетті логопед, дефектолог, тифлопедагог мамандар жетіспей жатады. Сабақтан тыс уақытта әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау, емдік дене шынықтыру, мимика, тіл дамыту, кеңістікті бағдарлау қосымша пәндері жүргізіледі, яғни балалардың болашақта ересек өмірде өзіне тамақ жасап, өмірге қажетті үй қызметтерін, шаруаларын үйренуге бейімдеуге тырысамыз. 8-сыныптағы көру қабілеттері бұзылған (зағип) Айтуар Диас пен Изтилеуов Инсар атты оқушыларымыз биылғы оқу жылынан бастап қалыпты жағдайда оқитын сыныпта оқып, білім алуда. Сабақ үлгерімі, ынтасы өте жақсы, өзінің замандас құрбыларынан қалыспай жақсы сабақ оқып жүр. Соған қуанамын! Көру қабілеті бұзылған сыныптарда оқитын балаларымыз оқушылары арасында өткізілген Шоудаун, Голбол, Паракаратэден паралимпиада жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жантөре Мөлдір, Мустафин Абылай, Хижняк Елизавета халықаралық, республикалық өнер жарыстарына қатысып, түрлі байқаулардың жеңімпаздары атанды. Ендігі ойым – білім сапасын жақсарту мақсатында, қазір тығыз орналасқан сыныптардағы балаларды азайту үшін мүмкіндігі шектеулі балаларды тек бастауышта біздің мектеп базасында оқытып, сосын оларды өз тұрғылықты жері бойынша мектептерде оқыту мақсатында мектебімізде биылғы оқу жылында көру қабілеті бұзылған балаларды оқытатын арнайы сыныптарда сабақ беретін мамандарды даярлайтын Ресурс­тық орталық ашылды. Арнайы пәндерді жүргізетін педагогтар тапшылығын азайтсақ деген тілек бар, – дейді мектеп директоры Бақытжан Орынбаев.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерінде олардың жеке мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымы басшыларының кәсіби құзыреттілігін арттыруды мақсат еткен семинарда міндеттер айқындалып, болашақ атқарылар жұмыстар сараланды. Оның ішінде білім беру мекемелерінде инклюзивті білім беруді іске асыру шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылау, инклюзивті білім беру мәселелері бойынша базалық білім беру мекемелерінің желілік өзара іс-қимыл тәжірибесімен бөлісу, білім беру мекемелерінде көру қабілеті бұзылған балаларды бірлесіп оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудың практикалық тәжірибесін талқылау сөз болды.

Талқыланған
мәселелер:
• Көру қабілеті бұзылған балалардың жалпы білім беру мекемелерінде білім алуы бөлігінде олардың жеке және бейімделу бағдарламаларын іске асыру жөніндегі білім беру мекемелерінің қызметін ұйымдастыруды нормативтік және құқықтық қамтамасыз ету
• Көру қабілеті бұзылған оқушылармен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жүзеге асыру
• Білім беру мекемелерінде білім алу бөлігінде көру қабілеті бұзылған балалардың жеке және бейімделу бағдарламасын іске асыру үшін арнайы жағдайлар жасау.
Елордада өткен семинарға білім беру ұйымдарының басшылары, директорлардың оқу-тәрбие және түзету жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, психология­лық қызметтердің басшылары, инклюзивті білім беру жөніндегі үйлестірушілер, әлеуметтік педагогтер, педагог-психологтар, дефектолог мұғалімдер қатысты.

Семинардың теориялық бөлігінде «Көру қабілеті бұзылған балаларды мектепке енгізу үрдісін сүйемелдеу», «Көру қабілеті бұзылған балаларды жалпы білім беретін мектепке енгізу үрдісіндегі ресурстық орталықтың рөлі», «Жалпы білім беретін мекемеде инклюзивті білім беруді қалыптастыру мен дамытудың әлеуметтік-білім беру шарттары», «Инклюзивті практиканы іске асыратын білім беру мекемесінде оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» секілді осы саланың өзекті мәселелері талқыланды.

Семинардың практикалық бөлігінде оқушылардың жұмыс­тарының көрмесі ұйымдастырылып, көру қабілеті бұзылған балалармен шеберлік сыныптары өткізілді, онда қатысушылар пікір алмасып, әдеттегі білім беру мекемелерінде көру қабілеті бұзылған балалардың жеке және бейімделу білім беру бағдарламасын іске асыруға байланысты өзекті мәселелерді талқылады.
Өйткені ерекше қажеттіліктері бар балалар өз құрбы-құрдастарымен тең деңгейде білім алуға құқылы. Әр балаға қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты екендігі даусыз.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button