Білім

Абай суреттерінің сиқыры

Астана қаласындағы №87 мектеп-гимназиядағы «Абай музейі» залында ұлы ақынның екі суреті қойылған. Суреттің түсірілген кезі фотоға түсіру өнері өмірге енді ғана еніп жатқан кезең болатын.

Семей қаласында Каримов­тардың, Кузнецовтардың, Белослюдовтардың фотоүйлері жұмыс істеді. Бұлар әртүрлі тапсырмалармен қыр даласына келіп, қажетті мекенжайларды, айтулы адамдарды, қазақ тұрмыс-салттарын түсіріп алып, өз қажеттеріне жұмсады. Ресейдің ірі қалаларына апарып көрмелер ұйымдастырып, альбом жасап сатты. Абай ауылының адамдары да суретке түсіп, өздеріне жинап, сақтауды әдетке айналдырды. Ауылдан қалаға қатынағанда елге апарар сыйлығы фотосурет болды. Елге барып, фотоға түсірушілерді кезекпен қонақ етіп, фотоға түсуге барынша әуестенген. Заман ағымына қарай байдың тұқымы, молда, тағы басқа деп қудалау басталған жылдары қолда бар суреттердің барлығын жыртып, өртеп, амал жоқ жасырған. Тек, кейбір жүректі адамдар ғана Абай, Шәкәрімдердің бірді-екілі фотосуретін жасырып, аманат ретінде сақтап, біздің заманымызға зорға жеткізген. Абай ауылындағы фотосуреттердің көптігі сондай 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда Кәкітай Ысқақов пен Әрхам Кәкітайұлы Құнанбай, Абай туыстарының 44 фотосуретін екі жылдың ішінде жинап берген. Онда 78 адамның бейнесі болыпты. Амал қанша, соның ішінде данышпан ақынның екі фотосуреті ғана сақталған екен.

Бұл суреттердің де сақталу тарихы өте күрделі. Ауыр жағдайды бастан кешірген бұл суреттер қудалауға ұшырап, Шымкент еліне жер аударылған Құнанбайдың, Күнтудың, Оразбайдың ұрпақтары өздерімен бірге жасырып, тығып алып кетіп сақтаған. Кейін Алматыда тұрған Мұхтар Әуезовке табыс еткен. Оның өзінде өз есімдерін айтпай, белгісіз біреу­лер бүркеншік атпен өткізуге тура келген. Соның бірі өзіміз куә болып жүрген данышпан ақынның екі суретінің алғашқысы – 1896 жылы Семей қаласында түсірілген Абай, Ақылбай, Мағауия фотосуреттері. Түпнұсқа. Ұзындығы мен ені – 8-13 см. Абай мұражайына 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау актісі бойынша өткізілген. Фотоны тауып, сақтап мұражайға өткізуші – Мұхтар Әуезов.

Абай екінші рет 1903 жылдың жазында Жидебай жерінде өзінің отбасындағы адамдарымен фотосуретке түседі. Бұл сурет «Абай жанұясымен» деп аталады. Абай өзінің Жидебайдағы үй-ішімен жаз уақытында үйдің ішінде түсірілген.

Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясы

«Абайтану» музей-орталығының жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button