Білім

Робототехниктер жарысы өтті

Елордадағы оқушылар арасында «ROBOARENA–2024» робототехникадан қалалық жарыс өтті. Оған  жалпы  білім беретін 83 мекемеден  84 команда, 84 талапкер қатысты.

Сайыс Астана қалалық әкімдігінің Білім басқармасы, «Техникалық шығармашылық орталығы» ұйымдастыруымен “Білім парк” ғимаратында өткізілді. Жарыс демеушісі – “Атамның аманаты” қоғамдық қоры.Оқушылар  «Лабиринт»,«Интеллектуалды сумо», «Сызық бойымен жүру», «Робогеометрия» бағыттары бойынша бақ сынады.

– ROBOARENA–2024» қалалық жарысы биыл төртінші рет осындай атаумен ұйымдастырылды, осы сайыс Қазақстан Республикасы Мәжілісінің 30 жылдығына арналып отыр. Мұндай жарыс, додалар робототехника, инженерия және бағдарламалау салаларында дарынды балаларды анықтау және оларды қолдау үшін қажет. Жастар арасында техникалық мамандықтарды танымал ету, болашақ өндіріске қажет мамандардың негізін жасайтын дағдыны қалыптастырады, сол арқылы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, керек маман иесі бола алады,  – дейді жарысты ұйымдастырушының бірі, осы кәсіптік білім беру саласында 40 жылдай еңбек еткен педагог, Астана қаласы әкімдігінің Техникалық және көркем шығармашылық орталығының директоры Қанағат Чарахметов.

– Робототехника әртүрлі көптеген бағыттарды қамтиды. Жасанды интеллект және робототехника саласындағы жылдам жетістіктер арқылы машиналар адам жұмысының көбінің орнына өтуі мүмкін.  Осындай жаңа технологиямен айналысқан жастар техниканы жасап көріп, қолданып көріп, жарысқа қатысуы керемет әсер сыйлап, баланың болашағына қызмет етеді. Шамамен 6-7 сыныптарда оқушылар робототехникада жақсы нәтиже көрсетеді,-дейді «Astana Polytechnic» жоғары колледжі директорының орынбасары Самир Каримов.

Кәсіптік білім беретін колледжде ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар: «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Мехатроника», IT, «Дизайн, азаматтық ғимараттарды жобалау, қалпына келтіру, қайта құру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» екені түсінікті.

Робототехника – бұл заман талабы. Қазір елде 3000-ға жуық мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Астана мектептерінің оқушылары да қалалық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр.
         «ROBOARENA–2024» қалалық жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары арасында робототехникадан жарыс ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, жастар  мен жасөспірімдер арасында техникалық шығармашылық және инженерлік кәсіптің беделін арттыру, сонымен қатар спорттық және робототехника саласын  кеңінен насихаттау болса, жарысқа қатысушы оқушылардың пікірін сұраған едік.

– Мен былтырдан бері осы робототехникадан жарыстарға қатысып жүрмін. «Сызық бойынша жүру» бағыты бойынша бақ сынамақпын. Ұстазым – көркем еңбек пәнінің мұғалімі Абай Қазымбек ағайым. Өткен жылы Оқушылар сарайында мектептер арасында өткен байқаудың дипломанты атандым,-дейді Нәзір Төреқұлов атындағы № 35 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Қайсар Қуанышбай.

Мұхтар Әуезов атындағы № 86 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Әуезхан биыл жарысқа төртінші рет қатысып отыр екен. 2022 жылы елордада өткен STEAM олимпиадасында I орынды жеңіп алған екен. Нқрдәулет болашақта IT маманы болғысы келеді, болашақта оқитын жоғары оқу орнын да таңдап қойыпты – Astana IT University студенті атансам дейді. Шетелде білімін жетілдіруді де армандайды.

– Негізінен өз бетіммен дайындалдым, YouTube-тан теория жинақтасам, практика жүзінде техниканы барынша меңгеруге тырыстым, – дейді ол.

– Жасым 10-да, 8 жасымнан бастап осы робототехникамен айналысып келемін. Биылғы наурызда Назарбаев мектептерінде өткен республикалық жарыста жүлделі II орынды жеңіп алдым. Мектепте бағыт берген ағайым – Серік Разрединұлы, – дейді Астанадағы «Алпамыс» жеке мектебінің 5 сынып оқушысы Нұрым Қалабаев.

– Оқушылардың биылғы нәтижелері өте қомақты, жоғары деп айтуға болады. Әсіресе, маған ұнағаны – Нұрым Қалабаевтың нәтижелері, өте жоғары деп атап өтуге болады, – дейді қазылар алқасының мүшесі Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті киберқауіпсіздік мамандығы бойынша оқып жатқан студент Мейрамбек Рысбек.

«ROBOARENA–2024» қалалық жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары арасында робототехникадан жарыс қорытындысы бойынша орын алғандар дипломдармен марапатталып, жеңімпаздарға арнайы жүлделер тапсырылды.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button