Басты ақпаратОқырманнан он сұрақ

Сейіл АЯҒАНОВ, әнші-гитарист: ЭСТРАДАМЕН ЕСТІ ӘНДЕР АЙТЫЛСА…

– Сейіл аға, экраннан көп көрініп, баспасөз беттерінде жиі шыға бермейсіз. Сондықтан, сіздің туып-өскен ортаңыз туралы онша біліңкіремейміз. Айтып берсеңіз…
Сағира Жанат, қала тұрғыны

– Туған жерім – Қарағанды облысының Ағадыр ауданына қарасты Қызылтау ауылы. Отбасының тұңғышымын. Қазақ дәстүрiмен ата-әженiң қолында өстім. Балалық шағым сол жерде өтті. Есiмімді «ғұмыры тек жақсылыққа толы болып, сауық-сайран, сейiлмен өтсiн» деген ырыммен әкемнің әпкесi қойыпты. Студенттік шағым Қарағанды қаласында өтті. Жалпы, Қарағанды өңірі – қазақтың басқа да жерлері сияқты кіл дарындар дүниеге келген киелі мекен ғой.

– 90-жылдардың ортасында сіздің Қарағандыда өткен «Көңілашар» әзіл-сықақ театрының концертінде ән салғаныңызды білем. Ол кезде сіз «Политехтің» құрылыс факультетінде оқитын едіңіз. Мамандығыңызды өзгерткеніңізге өкінбейсіз бе?
Еркебұлан, оқырман

– Өкінбеймін. Өйткені, жүрегің қаламаса, қанша тыраштанғаныңмен ештеңе шықпайды. Мен – өлмес, өшпес өнер жолын таңдадым. Аллаға шүкір, менің бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, қиын-қыстау кездері қалтаның қалыңдығы мен қара басымның қамы үшін өнерді сатып кетпегеніме қуанамын. Құрылысшы болып бәрібір істей алмайтын едім. Өйткені, сол құрылысшының оқуына өзім қалағандықтан емес, ата-анамның айтуымен барғанмын. Сол мамандыққа деген сүйiспеншiлiк болмағандықтан, оны оқып-тоқуға машықтанбадым. «Көңілашар» концертіндегі әнге келсек, ол – Мұхтар Шаханов ағамыздың «Тасада өскен бiр гүл» атты әні болатын.

– Секе, сіз осы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде күй класы бойынша оқыды деп естідім. Оны тастап кетіпсіз. Неге?
Мұрат, құрылысшы

– «Оқымаған музыкант» деп айтпасын, кәсіби білім алайын деп сол университетке түскенім рас. Бірақ, Жанғали Жүзбаев, Саян Ақмолда, Мұрат Әбуғазы сынды дәулескер күйшілерді біле тұра, менің де «оқыдым» деп күйшінің дипломын алып шыққаным ұят емес пе? «Дарынсыз күйші» болып жүргеннен сол дұрыс деп шештім.

– Сіз гитарамен халық әндерін айтып, тіпті, алты шекті аспаппен әннің арасында күйдің сарынын тартатыңыз бар. Соған қарағанда домбыраның құлағында да шебер ойнайсыз-ау. Сахнаға домбырамен шығу ойыңызда жоқ па?
Ерлан Сәбитов, студент

– Әрине, Қадыр ағамыз айтпақшы, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра». Өнер деген киелі қасиет қонған адамның домбырада ойнай алмауы мүмкін емес. Бірақ, мен әу баста өзіме гитараны серік еттім. Менің Сейіл болып танылуыма да себеп болған сол аспап. Осы орайда бір қызықты оқиға есіме түсіп кетті. Бала күнімнен халық әндерін тыңдап өстім. Алты жасқа толғанымда әкем домбыра сатып әперді. Күні бойы ауылдың шаңын шығарып ойнаймыз. Кешкісін үйге келген соң, ел ұйқыға жатқанда мен әлгі домбырамды алып айқайлап әнге басамын. Әжем тұрғанда әке-шешем «қой» деп айта алмайды. Сосын таңертең түнгі «концертім» үшін сыбағамды беретін. Содан бір күні мен қыдырып көрші ауылға кеткенімде әлгі домбырамды үйге қонақтап келген біреулер сындырып алыпты. Содан әкем маған гитара алып берді. Алты шекті аспапты алғаш қолыма алғанда жеті жаста едім.

– Сіздің кәсіби әнші болып қалыптасуыңызға ықпал еткен адамдар бар ма? Мен мұны гитарист әншілерге қатысты айтып отырмын. Егер болса, соларды атап берсеңіз…
Сымбат, бухгалтер

– Алла дарытқан өнердің ұшқыны қалай болғанда да жарып шығады. Әрине, сол туабітті таланттың өзек жарып шығуы алдымен өзіңе, одан соң айналаңдағы тілеулес, ниеттес адамдарға да байланысты. Мен Қорабай Есенов ағамыздың әндерін үйрендім. «Тәмам гитарашылардың ағасы» атанған Қорекеңнің әндерін келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуді аманатым деп санаймын. Нұрлан Өнербаев, Ләззат Төлегенова, Мақсұтқан Диханбаев, Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Айтбек Нығызбаев, Мейірхан Адамбеков, Ержан Белғозиев, Гүлмира Ақүрпекова сынды аға-апаларымды өзіме ұстаз тұтамын.

– Ән таңдауда қандай принцип ұстанасыз? Тағы бір сұрақ, ән жинағыңыз шықты ма? Шықса қайдан алуға болады?
Динара, журналист

– Сұрағыңызға рахмет. Кез келген өнер иесі сияқты мен де салған әнім сазы мен сөзі үйлесіп, тыңдаушының жүрегіне жетсе деймін. Сондықтан, мағыналы, лирикалық әндерге басымдық беремін. Репертуарымда «Сұржелгенше», «Сәулем-ай», «Алқоңыр», «Қарғам-ау», «Гүлдариға» сынды халық әндерi бар. Сондай-ақ, Естай, Ақан Серi, Шәмшi, Әсет Бейсеуов, Болат Сыбанов, Iлия Жақанов, Жағыпар Әлiмханов, Садық Кәрiмбаев сынды тарландардың әндерiн орындап жүрмін. Мен үшiн әр әннiң шоқтығы биiк. Ешқайсысын бөле-жарып қарай алмаймын. Ал жинаққа келсек, әлі шыққан жоқ. Ойда жүрген дүние. Алла сәтін салып шығып жатса, тыңдармандарымды хабардар етемін.

– Өнер саласында жүрген, әсіресе эстрада әншілеріне қатысты айтылатын сын көп. Бүгін не көп, әнші көп. Бірақ, айтқанға қарай нәтиже беріп жатса жақсы ғой. Айтыңызшы, сіздің эстрада жанрында орындалып жатқан әндерге көңіліңіз толады ма?
Жансұлу, заңгер

– «Әннiң де естiсi бар, есерi бар, тыңдаушының құлағын кесерi бар» деп, Абай атамыз айтпақшы, бүгiнде естi әннен есер әндердiң көкжиегi кеңдеу. Өзіңіз айтпақшы, бүгiнде не көп, әншi көп. Мейлi, бола берсiн. Тек, сол әншiлер әннiң қадiр-қасиетiн кетiрмей, жөнiмен орындаса деген ниет. Егер айтатын әннiң сөзi мен сазы үйлесiп жатса, оны тек дәстүрлi бағытта ғана емес, эстрадамен, оркестрмен, симфониялық оркестрмен, тiптi хормен орында. Өз еркiң. Бүгiнде әннiң қадiрiн қашырып жүргендердiң денi эстрадада көптеп саналатыны жасырын емес. Бiздiкi – сол эстрадамен тек естi әндер айтылса деген тiлек. Өйткенi, халықтың басым бөлiгi эстрадалық әндi көбiрек тыңдайды.

– Бір жылда бірнеше рет жеке концертін өткізетін әншілер бар. Білгім келетіні, сіз қашан елорда жұртын ән кешіңізге шақырасыз?
Нұрбақыт, оқырман

– Біреулер үшін жауап бере алмаймын. Өз басым Астанада жылына бірнеше рет тұрмақ, бір де бір концерт беріп көрген емеспін. Әрине, ондай ой жоқ емес. Мені әлдилеген арман да сол, репертуарымдағы әндерімді саралап, халықтың құлағында қалдыру. Астананың Конгесс-Холл сарайында кешімді өткізіп, Алматыдағы Республика сарайына тыңдармандарымды жинасам деймін. Ол енді келер күннің еншісіндегі дүние. Жалпы, жеке кешімді өткізу жоспарымда
бар. Білесіз бе, айтар ауызға жеңіл болғанымен, концерт өткізу оңай емес.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button