Басты ақпаратДенсаулық

№6 ПАЛАТА

Елордада №25 бағыт бойынша қатынайтын автобустың ең соңғы аялдамасын жұртшылық сырттай жақсы біледі. Жақсы білгенмен, мақсатты түрде сонда баратындар көп емес. Өйткені, ол жер – күйкі тірлік тұралатып тастағандардың, анасынан ақыл-есі ауытқып туғандардың, қоғам қабылдамайтын мінез-құлқы бар кісілердің емделетін мекені. Ресми түрде Психикалық денсаулық  медициналық орталығы деп аталатын бұл ғимараттың тыныс-тіршілігі мен қызметі бұқараға беймәлім. Сондықтан жақында ат басын арнайы бұрып, ондағы өмірді бақылап қайтқан едік. 

Дәуіріне қарай дерті
Бізді мекеменің психиатр дәрігері Төлеуғазы Букашов қарсы алды. Бурыл шашты, бидай өңді дәрігердің соңынан еріп, бөлмесіне кірдік.
– Ал, құлағым сіздерде, – деді ол қалың әйнекті көзілдірігін үстелдің үстіне қойып жатып.
– Әуелі жындыхананың тарихын баяндап берсеңіз.
– Психиатриялық аурухана деңіз…
Дәрігер қабағын кілт түйді. Іле-шала:
– Елдің қойып алған аты ғой ол. Өздерінше кемсіткілері келеді, – деді басын шайқап. – 1949 жылға дейін Ақмола облысының психикалық ауыт­қушылықтары бар бар­лық науқастары Көкшетау қаласынан 30 шақырым жер­дегі Алексеевка қаласының облыстық психиатриялық ауруханасына жатқызылды. Тек 1953 жылы 18 маусымда қаладан 35 шақырым тұс­тағы Ақмола ауданының Малиновка ауылында 35 тө­сектік облыстық психо­нев­ро­логиялық диспансер құ­рылды. Біраз уақыттан кейін оның атауы облыстық пси­хиатриялық ауруханаға ауы­тырылды. Диспансер Халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагерінде (АЛЖИР) орналас­ты. Міне, 63 жылдық та­рихы бар мекеме бүгінде үлкен орталыққа айналып отыр.
Неге екені белгісіз, АЛЖИР-дің атын естігенімде, денем түршігіп сала берді. Сол кез­дегі науқастар мен қазіргі емделушілер арасында қандай ұқсастық бар екен деген де ой бір сәт санамда жылт етті.
– Айтыңызшы, пациенттердің сандырақтары заман ағымына қарай өзгеріп тұра ма?
– Әрине, қазіргі уақытта Наполеондар арамызда жоқ. Есесіне өздерін танымал шенеуніктердің жұбайы, ірі саяси қайраткер санайтындар бар. Кейбіреулерінің сөздерін тыңдасақ, әлемнің бүкіл қалаларын аралап, беделді оқиғалардың дәл ортасында болып қайтқан.
Осыны айтты да, дәрігер қолыма бір бума қағазды ұс­татты. Ақ парақтағы ши­майға көз жүгірттім. Құдды ресми құжаттағыдай хаттың түп­нұс­қасын аурухана басшысына «жолдапты». Жазуы ұқыпты. «Мен спорт журналисімін» деп басталады алғашқы абзац. Мәтіннің мазмұны спорт туралы екен. Автор өзінің Англияда, Мексикада, Аргентинада, Испанияда өткен Әлем чемпионаттарының құрметті қонағы болғанын баяндайды. Бұдан соң Финляндияда, Авс­тралияда, Италияда, Канадада, Жапонияда ұйымдастырылған Жазғы олимпиада ойындарына қатысқандығын әңгімелейді. Сөйтсек, бұл да шизофренияның бір түрі болып шықты.

Ысырапшылдық та ауру
Медициналық орталықта 400-ге жуық науқас емделуде. Олар балалар бөлімшесі, неврологиялық бөлімше және аурудың асқынған түрлеріне арналған ерлер және әйелдер бөлімшесінде сауығады. Мұнда түскен пациент кемінде бір-екі ай ем-дом қабылдайды.
– Көп дегенде қанша уақыт ұстайсыздар? – деп сұрадым дәрігерден.
– Төрт-бес ай.
– Онда да жазылмаса ше?
– Амал жоқ, мүгедектікке өткіземіз. Әлеуметтік жағдайы нашар кісілерді психо­хро­никтердің ауруханасына жі­береміз.
Бұл сөз маған «Үмітсіздер үйі» дегендей естілді.
– Орталықтан емделіп шық­қандардың арасында құлан-таза айығып кететіндер бар ма?
– Бар, бірақ шамамен 20-25 пайыздайы ғана.
Дәрігердің күмілжіңкіреп айтқан жауабынан сауалымның ауырлығын сездім. Емделіп шыққан күннің өзінде кейбі­реулері сырқатының барысына байланысты психикалық аурулардың есебінде тұрады. Елорда бойынша шамамен 10 мыңдай кісі осы тізімге тіркелген екен.
– Науқастарды палатада бө­лектегеннен гөрі үйінде, отбасында ұстау жақсырақ емес пе? Қоғаммен араласып, басқа адамдармен қарым-қатынас құрып үйренгендері дұрыс шығар?! Мұнда олар жалғызсырап, бұрынғыдан да бетер өз-өздерін іштей жеп тастайтын тәрізді…
– Ойыңыз жөн, – деді психиатр басын изеп. – Алайда аурудың да алуан түрі болады. Шизофрения дегеніміз фамилия секілді. Оның синдромдарын ажыратып, барысын анықтауымыз керек. Мәселен, біреулері деп­рессияға шалдыққан. Олар сәл нәрсеге мұңайып қала береді. Ондайларды біздегі реаби­литациялық орталыққа жөнел­теміз. Шеберханаға апарып, арт-терапиямен шұғыл­дандырамыз. Тігін­ші­лікке, ағаш жонуға, ән айтуға үйретеміз. Солайша көңіл­­дерін басқан уайымнан арылуға көмектесеміз. Енді біреу­лерінікі – желікпе син­дром. Бұлар, керісінше, ұш­қалақ, еш нәрсенің байыбына бара бермейтін жеңілтек келеді. Мұнда сондай бір науқас емделді. Әкесі ертіп келген еді. Әлгі бала ақшаны оңды-солды шаша берген, қымбат ұялы телефондардың бірінен соң бірін сатып ала берген, тіпті, үйіндегі бағалы бұйымдарды өткізіп, соның ақшасын да жұмсап жіберген. Оны да емдедік. Енді біреулері бар, көздеріне түрлі бейнелер елестейді. Медицина тілімен ондайларды галлюцинация деп атаймыз. Елестер сол адамға әлдекімді өлтір, ұр, соқ, қират деген сықылды бұйрықтар береді. Сондықтан мұндай халдегі жандардың қоғам ортасында болуы қауіпті.
– «Ішіне жын кіріп кетті» деп айтатындар соған жата ма?
– Иә. Ешқандай да жын емес. Өкінішке қарай, жұрт тәуіп-балгер жағалап, уа­қытын өлтіреді. Бізге келуге жүрексінеді. Әйелі не баласын ауру деп өсектегеннен қорқады.
– Сонда дерт аяқ асты пайда болуы да мүмкін бе?
– Аурудың бір төркіні – тұқым қуалаушылықтан. «Ойбай, біздің тұқымда жынды болмаған» деп көбісі әдепкіде басын алып қашады. Шын мәнісінде ата-баба­ларының қайсысында осы аурудың белгілері болғанын білмейді ғой. Мың сан ұрпақ ауысқаннан кейін де дерт аяқ асты бір сәбиде байқалуы мүмкін. Сонымен қатар, анасы жүктілік шағында темекі шексе, алкогольді ішім­дік ішсе, жиі жанжалдасып, көңіл-күйі бұзыла берсе, іштегі бала психикалық ауруға шалдығады. Туу кезіндегі кедергілер де сәбидің жүйке жүйесіне кесірін тигізеді.

Түрлі-түрлі тағдыр бар
Психикалық дерттің келесі себебі айналадағы әлеуметтік жайттарға байланысты екен. Әсіресе, мәселе қомақты ақшаға тірелгенде көп кісілер дәрменсіз қалыпқа түсіп, тез жүнжіп кететін көрінеді.
– Бірнеше жыл бұрын бізде жас жігіт емделді. Әп-әдемі бала, кезінде компания ашып, әжептәуір кәсіпті дөңгелеткен. Кішкентайынан бірге өскен досымен бірге сол жұмыстың басы-қасында жүріп, мол пайда тапқан. Ойда-жоқта әлгі жолдасы бүкіл ақшаны жымқырып, шет елге тайып
тұрған. Сөйтіп қаржыға қатысты барлық бүлік мына жігіттің мойнына ілінген. Ақыр аяғында іс сотқа дейін жетіп, күйікке шыдамаған бала асылып өлуге әрекет жасаған. Туыстары әзер аман алып қалып, бізге орналастырды. Кейін өздері қарызды түгелдей жауып, соттан құтылды. Ал біз баланы емдеп жаздық, – деді Төлеуғазы Саратбайұлы.
Жап-жас тағдырдың кенеттен морт сынғанын есту қандай қиын! Ешкім ауруды тілеп алмайды. Қашан, қай тұста, қалай шатасарын кім болжап-біліпті?! Аурухананы аралап жүргенімізде Берік есімді пациентпен таныстық. Жиырма бестің маңайындағы жігітті сырт қарағанда сау адамдардан айыра алмайсың.
– Он бірінші сыныпқа дейін мен де қалыпты тірлік кештім, – деп бастады ол әңгімесін. – Мектеп бітіруге жақын қалғанда ұлдармен төбелесіп, басымнан қатты соққы алдым. Сол кездері ҰБТ-ны да уайымдап жүргенмін. Бәрі қосылып, жаныма ты­ныштық бермеді. Күйзеліске душар болдым. Ақырында осы жерден бір-ақ шықтым.
– Мұнда өзіңді қалай сезінесің?
– Қазір аурухананың реаби­ли­тациялық орталығына келіп жүрмін. Музыкаға қатысамын, ағаш жонамын. Өзіме ұнайды. Адамдармен де қарым-қатынасым ретке келіп жатыр.
– Болашақта қан­дай маман­дықтың иесі болғың келеді? Жоспар­ларың бар ма?
Осы тұста кейіп­керіміз үнсіз қалды. Жарасын тырнамайын деп, мен де бұдан әрі сұрақ жаудырмадым.
Ал Володяның жағдайы Беріктікіне мүлдем қарама-қарсы. Ол да осы орта­лыққа алты айдан бері тұрақты келеді.
– Білесіз бе, мен осы күнге дейін қаладағы үйірмелердің барлығына қатысып шықтым. Биге барып едім, ондағы қыздар мені жақтырмай, менсінбей, шеттетті. Менімен ешқайсысының билегісі келмейді. Қолымды сілтедім де, тенниске жазылдым. Ондағы жетекшім де уақыт өте келе менен қашқақтай бастады. Суретке де бардым. Бір қызығы, түлкі деп салғаным қасқырға, қасқыр деп салғаным итке ұқсап кете беретін. Өзімнен ұлы суретші шықпасын түсінген соң, футболға кірістім. Өкінішке қарай, оның да нәтижесі шамалы болды. Міне, осы орталыққа келіп жүргеніме жарты жылға жуықтады. Көп достар таптым. Бәрі мені жақсы көреді, – деп тісін ақсита күлді Володя.
– Саған ұнамайтын нәрселер бар ма?
– Мен кішкентайымда балалардың мазақ қылғанына төзбейтінмін. Тілім «р» әрпіне келмеді. Сақауланып сөй­ледім. Сонымды бетіме басып, ылғи келемеждейтін. Есіме түссе, зығыр­даным қайнайды. Біреуді мазақ ететіндер әлі күнге дейін ұнамайды.
Қатігезсіңдер, иә, адамдар?! Те­резең тең, қабырғаң бүтін болса, біреудің қайғысы не тұрады сендер үшін?! «Жынды» деп кемсіту де бәріңе оп-оңай. Сендер күлкі қылатын сол «жындылардың» ішінде өмірдің қадірін өздеріңнен он есе тереңірек түсінетін, түстеріңе де кіріп шықпайтын қасіретті көрген жандар көп. Тек оларға сәл ғана сәттілік жетіспеген. Бар кінәсі сол.

P.S. Редакцияға қайтар жолда орыс жазушысы Антон Чеховтың «№6 палата» повесі ойыма орала берді. Сонда дәрігер Андрей Ефимычтың былай деп айтатын сөзі бар. «Барлығы жағдайға байла­нысты. Кімді әкелді – сол отыр, ал әкелінбегендері далада тайраңдап жүр. Менің – дәрігер, ал сіздің жан күйзелісіне ұшыраған науқас еке­ніңізде ешқандай адамгершілік те, логика да жоқ. Жай ғана кез­дей­соқтық». Шынында да, осы сапардан кейін ешкімнің еште­ңеден сақтанды­рылмағанына тағы бір мәрте көз жеткіздім.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button