Басты ақпаратБілім

Әрі тынығады, әрі шынығады

Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуға, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауға қолайлы уақыт. Жаз маусымы басталысымен оқушылардың арманына арқау болатын демалыс орындары мен балалар лагерьлері өз жұмыстарын жалғастырды. Елорда сыртында «Арман» және «Боровичок» жазғы сауықтыру-спорт лагерьлері бар. Олар Ақмола облысының Ақкөл ауданында орналасқан. Астаналық балалар 29 тамызға дейін онкүндік жазғы демалысын осы лагерьлерде өткізеді. Қазірдің өзінде 1363 бала барды. Оның ішінде 500 бала «Жалпыға бірдей міндетті оқумен қамту» бағдарламасы аясында тегін қамтылды.

Астана қаласының Білім басқармасы қала сыртында орналасқан «Боровичок» сауықтыру орталығында жазғы демалысты ұйымдас­тыру бойынша баспасөз турын өткізді. Оған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысты.

Жазғы лагерь көңілді

– Біз мұнда балаларға арналған жазғы демалыстың қалай өтіп жатқанын көрсету мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз және ол «Абай күнімен» тұспа-тұс келіп тұр. Осы жазғы маусымды Абай күніне арнап, ақынның тағылымын жеткіншектерге танытуды мақсат еттік. Бір маусым – Астана күніне, бір маусым – Балаларды қорғау күніне арналды. Балалардың он күнде демалып қана емес, қандай тәрбие алуына қатты мән береміз, сондықтан да оқу жылының аяғында, мамыр айын­да жазғы лагерьдегі тәрбиелік жұмыстардың тұжырымдамасын бекітіп, сол бойынша жұмыстар қолға алынды. Оның ішінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін тәрбие жұмыстарына баса көңіл бөлдік. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады. «Арман», «Боровичок» жазғы сауықтыру лагерьлеріне барлық оқушыны қамту мүмкін емес, сондықтан, қала мектептері жанындағы лагерьлерде осы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілді. 1-4 сынып аралығындағы жас балаларға арналған бастауыш сынып лагерьлері, сондай-ақ биылдан бастап 65 тақырыптық лагерьлер тілдерді үйретуге, еңбек, көркемсурет салу және жылдан жылға қарқынды дамып жатқан спорт бойынша жұмыс жасаған лагерьлер белсенді еңбек етті.

Елордада жазғы кезеңде балалардың шамамен 98%-ы жазғы лагерьмен қамтылды. Бұл 1-ден 10 сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам оқушы болса,  оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мыңды құрайды. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейіндік лагерьлер жұмыс істеді

1 тамыздағы мәліметке қарасақ,  жоспарланған 2 мыңнан астам баланың мың жарымы демалып үлгерді, қалған екі мау­сымда 500-дей бала демалып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қорытындылаймыз. Жалпы, ұлттық құндылықтарға бейімделген тәрбие жұмыстары лагерьде ғана емес, қала мектептеріне де енгізгенімізді білесіздер. Былтырдан бері осы бағытта қанатқақты жоба іске қосылды, әуелі 5 мектептің базасында, осы оқу жылында оның саны 20-ға жетті. 2025 жылға дейін қаладағы барлық мектептерде ұлттық құндылықтарға бейім­делген тәрбие жұмыстары жүргізілетін болады. Ең алғаш осы қанатқақты жоба №8 мектепке енгізілген кезде оң өзгерістерді байқадық, балалар сабақтан кешікпей, олардың сабаққа келмеуі мүлде азайды, оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылық та нөл деңгейінде көрінді – бұл, әрине, педагогтармен жүргізілген үздіксіз тәрбие жұмысының нәтижесі деп айта аламыз, осы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жалпы, бүгінгі таңда қала мектебіндегі 200 мыңдай баланың 98%-ы демалып үлгерді деп айтуға болады, оның ішінде әлеуметтік осал топтарына қатысты 1100 бала бар, – деді Қасымхан Сенғазыев баспасөз туры кезінде.

– Біздің орталықтың қарамағында «Арман», «Боровичок» жазғы сауықтыру лагерьлері бар. «Арман» лагерінде бір мезгілде 240 баланы қамтимыз, биыл 7 маусым бойы балаларды қабылдадық. «Боровичок» лагерінде бір мезгілде 160 баланы қабылдап отырмыз. Әр жолдаманың құны – 42 000 теңге. Негізінен, жолдамамен астаналық оқушылар 8-15 жас аралығындағы аз қамтылған, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан жеткіншектер, көпбалалы отбасынан шыққан балалар, Балалар үйінің тәрбиеленушілері келеді. Басқа өңірлерден, Қарағандыдан, Батыс Қазақстаннан, тағы басқа аймақтардан оқушылар тұрақты келіп жүр. Мектептермен келісім-шарт жасалған. Лагерьге барғысы келген ата-ана өтінішін жазып, баланың мектебіне барады, одан конкурс қорытындысымен жолдама оқушыға беріледі. Арнайы медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жазғы лагерьдің әр маусымы түрлі бағыттарға бөлінді, мысалы, спорттық, мәдени, интеллектуалдық шаралар, тағы басқалар. Бүгін, міне, 5-маусым аяқталды, ертеңнен 6-маусым өз жұмысын бастайды. Бір ауысымда 400 бала келсе, барлығы 2800 оқушыны жазғы демалыспен қамтып отырмыз. Мектептер жазғы лагерь базасында өздерінің қызықты танымдық, мәдени іс-шараларын үнемі ұйымдас­тырады. Бүгінгі «Абай күніне» арналған іс-шара осы жоспар бойынша тұрақты ұйымдастырылып, өткізіліп жүр. Баланың он күндегі жетістіктеріне орай оларға медаль, кішігірім сыйлықтар, дипломдар беріледі, жалпы, тәрбие жұмыстары екі тілде жүргізіледі, – деді Астана қаласы әкімдігінің Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының директоры Мэлс Абенов.

Ауаның өзі – ем    

Баспасөз турына қатысқан журналистер лагерьді аралап, балалардың жатын бөлмелерін, тамақтанатын, ойнайтын, демалатын орындарын көрді. Бұрын тек қана балалар үйінің тәрбиеленушілерін қабылдаған жазғы лагерь 2020 жылдағы пандемия кезінен бастап басқа балалар мен жасөспірімдерді жолдамамен қабылдай бастаған.

Мұндағы ауаның өзі – ем, мәңгі жасыл, қылқан жапырақты ағаш – қарағай мен бүршігінің пайдасы орасан зор. Қарағайдың бүршіктері, эфир майы және шайыры бронхит, өкпе ауруларына қарсы өте пайдалы. Итмұрын, тағы басқа өсімдіктер бар. Мұнда келген балалар уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, денсаулығын нығайтып, шынығады.

Шынында да таза ауамен тыныстап, жаңа достар тауып, ұлттық құндылықтарға бейімделген тәрбие балалардың жазғы демалысының сәтті өтуіне, есте қаларлықтай болуына әсер еткені жүздерінен айқын көрініп тұрды.

«Абай күні» аталды

«Боровичок» сауықтыру орталығы таныстырылып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған іс-шара өткізілді. Ел руханияты үшін айрықша мереке саналатын «Абай күні» жас жеткіншектер арасында дәріптеліп, тағылымы мол мерекеге айналды.

«Абай ауылы», «Тоғжан ауылы» киіз үйлері тігіліп, жиналғандарға театрландырылған көрініс көрсетілді. Абай тұлғасын дәріптеу дәрісі өткізіліп, ақынның шығармаларынан үзінділер оқылып, Абайдың асыл мұраларына арналған көрме ұйымдас­тырылды. «Абай ауылы» үйін қаладағы №88 мектеп-лицейі тіксе, «Тоғжан ауылы» үйін Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия ұйымдастырып, ашық аспан аясында таңғажайып этно­ауылды тамашалап қайттық. Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерге сай көрініс­тер, жүн сабап, ұршық иірген, кесте тоқыған апа-әжелер бейнесіндегі педагогтарды көріп, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылға барғандай күй кештік.

«Көзімнің қарасы» атты Абай әндеріне арналған ән кеші таңғажайып мереке болды. Оқушылар, тәлімгерлер, педагогтар Абайдың әндерін нақышына келтіре орындады. Ән қанатында тербелген оқушылар ашық дала аспаны астындағы керемет басқосуға куә болды.

«Абайдың асыл мұрасы» атты бағдарламада ұлы ақынның балалық шағы, жастық кезеңдері, өлеңдері мен қара сөздері үш тілде өрнектеліп, келушілерді тамсантты.

Лагерьдегі шарада абайтанушы, Абай шығармашылығы мен мұрасын тануда айрықша мәні бар бастама көтеріп, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын ашып, елордада аталған орталықтың негізін қалаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Абайтану» орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы жиналғандарға тағылымды әңгіме айтты.

– «Әр қазақтың санасында Абай жайлы түсінік болу керек. Абай күні ғылыми-танымдық бағытта алқалы жиындармен, Абай мұрасын терең зерттеуге арналған іс-шаралармен өту керек. Тамыз айын толықтай Абай айы деп атасақ артық емес» деп ұлы Абайдан, шығармаларынан тағылым алу керектігін балаларға, тәлімгерлерге түсіндірді.

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушысы Досмұхаммед пен Рахметолланың оқыған Абайдың өлеңдері мен қара сөздері тыңдаушыларды тәнті етті.

Абай күніне арналған іс-шара «Ұлттық ойындар» атты тоғыз­құмалақ, қазақша күрес, асық ойындарынан интеллектуалды сайыспен қорытындыланды. Жеңімпаз балаларға «Қасым» баспасынан шыққан жаңа кітаптар табыс етілді.

Қанша оқушы лагерьге барды?

Елордада жазғы кезеңде балалардың шамамен 98%-ы жазғы лагерьмен қамтылды. Бұл 1-ден 10 сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам оқушы болса,  оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мыңды құрайды. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейіндік лагерьлер жұмыс істеді. Жазғы лагерьдің 1, 2, 3 кезеңінде 134 494 бала қамтылды. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының «Балалықтың бойтұмары», М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының «Жазғы шығармашылық мектебі» лагерь­лерінде 462 бала қамтылды, оның ішінде 120 бала «Ақниет» қоғамдық қорының демеушілігімен тегін демалды.

P.S:  Жуырда Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жазғы лагерьлерге барып, жағдайымен танысты. Ол «Арман» мен «Боровичок» ғимараттары – кешегі Кеңес одағы кезінде соғылған нысандар. Барған кезде ескі ғимараттың жағдайы бірден көзге түседі. Әкімшілік жұмысына қатысты сын да аз емес» дей келе, аталған демалыс орындарында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен балалар санын арттыру, жақсы табиғи-климаттық жағдайы бар жерде орналасқандықтан, бұл демалыс орындарының жыл бойы жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыру үшін Астана қаласының Білім басқармасына жақын арада нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу мәселесін дереу шешу қажеттілігі де туындап тұр.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button