Мәдениет

Кітапханалардағы клубтар шақырады

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты бес кітапхананың базасында қоғамдық-мәдени орталықтар тегін жұмыс істейді. Сонда ашылған үйірмелер мен клубтардың негізгі міндеттері – балалар мен ересектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру.

Күн сайын №15 көпшілік кітап­ханада ағылшын тілі, арттерапия, шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелерінің сабақтары өтеді. Ал №5 көпшілік кітапханада аптасына бір рет «Флора» атты өсімдіктерді сүйетіндер клубы мүшелерінің отырысы ұйым­дастырылады.

Сондай-ақ «Жетістікке жету жолы» іскерлік әдебиетті сүйе­тіндер клубы жұмыс істейді. Негізгі міндет – клуб мүшелерін психология, бизнес және коммуникация саласындағы өзін-өзі дамытуға, қоғамда тұлғаны бейімдеуге, іскерлік мансабын құруға ықпал ететін әдебиеттермен таныстыру. Ай сайын клуб отырысына қатысушылар «Іскерлік әдебиет» жаңалықтарымен танысып, бұрын оқылған басылымдарды талқылай алады.

Балалардың суретші болу арманын жүзеге асыру үшін №3 көпшілік кітапханада апта сайын сурет салу, ересектер мен балаларға арналған арт-терапия курстары өтеді. Арттерапия өмірдің жаңа түстерін ашуға арналған. «Қолөнер» курсында балалар пайдалы және жағымды интерьер шешімдерінің үйлесімін біріктіре отырып, сәндік қолөнер жасайды.

№12 көпшілік кітапханадағы «Тілдік қоғамдастық» клубы әлеуметтік-мәдени және іскерлік салаларда қарым-қатынас жасау­ға, мемлекеттік тілде оқытуға ықпал етеді. Оған Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығы мамандары, ұстаздары шақырылып, олар мемлекеттік тілді оқытудан тегін курстар жүргізеді. Жалпы оқу курсы – 4 ай, сабақтар аптасына 3 рет өтеді. Курстар аяқталғаннан кейін білім алушылар тестілеуден өтеді, сертификаттар алады.

№4 балалар кітапханасының «Негештер» клубы бастауыш сынып жасындағы балалардың ой-өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Кітапхана қызметкерлері аптасына екі рет клуб мүшелерін шақырады. Өсімдіктер мен жануарлар әлеміне енгізеді. Бірге оқыған кітаптарды, ертегілерді талқылайды. Балаларға ішкі әлемін ашуға мүмкіндік беріледі.

«Железнодорожный» кентіндегі қарт адамдардың бос уақытын өткізуге арналған №4 көпшілік кітапхананың жанындағы «Әжетай» клубы мүшелері аптасына бір рет кітапханаға жиналады. Олар бос уақыттарын кітаптар арасында өткізеді, әңгімелеседі, салауатты өмір салтын ұстану тәжірибелерімен бөліседі. Кітап­хана қызметкерлері оларға дәрігерлермен, заңгерлермен, психологтармен және т.б. кездесулер ұйымдастырады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button