Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Қандастың қамынан, бидайдың наны артық па?

Жақында елімізге Ауғанстанның билік өкілдері келді. Біздің билік өкілдері тәліптермен екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту жөнінде кеңесті. Қазақстан – Ауғанс­тан бизнес-форумы аясында елордада Ауғанстаннан тауарлар көрмесін де өткізді.

Тәліптер Ауған билігін қайта қолына алған кезде өңірлік қауіпсіздік мәселесіне байланысты бірқанша жиналыстар өткізіп, қырағылығын арттырған Қазақстанның аяқ астынан тәліптердің талабын тыңдап, қабағына қарай қалуын сыртқы әлем де сан-саққа жүгіртіп жатыр. Кейбір сарапшылар «өңірлік қауіпсіздік үшін тәліптермен тіл табысу қажет болды» деп тұспалдаса, ал кейбір сарапшылар «Украинадағы жағдайға байланысты Ресей астығының бағасы төмендеп, Қазақстаннан астық сатып алып отырған елдердің көбі Ресей астығын сатып алып, Қазақстанның астығы өтпей қалды да, Қазақстан Ауғанстанға астық сатуға мәжбүр болды. Бұл жолғы кездесу әне соның айғағы» деп болжам жасайды. Бізше де соңғы болжамның жаны бар секілді, өйт­кені біздің ел келісім бойынша алдағы уақытта Ауғанстанға астық сатуға уағдаласты.

Дей тұрғанмен, осы реткі кездесуде астық мәселесі айтылды да, Ауғанстандағы қазақ мәселесі ескерусіз қалды. 2021 жылы тәліптер билік басына қайта келіп, Ауғанстан елінде «қаш-қаш» басталған кезде Қазақстан Қарулы күшінің арнайы ұшағы Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масына сәйкес Ауғанстаннан 35 қандасты тарихи отанына көшіріп әкелді. Сол кезде бәріміз «бәрекелді» айтып, қуанып едік. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды. Одан кейін де қаншама қазақ «Тоқаев аға, елімізге алып кетіңізші!», «бізге көмектесіңіздерші» деп өтініш жасағанымен, билік «олар қазақ емес», «қазақ екенін дәлелдесін», «құжаттары жоқ» деген секілді әртүрлі сылтау айтып, тәліптердің таптауында қалып бара жатқан қандастарға еш қайыр қылған жоқ. Есесіне «Олар ешқандай айғақ-дәлел ұсына алмады. Кейбірі қазақша мүлде білмейді, Ауғанстанға ата-бабасы қалай барғанын, руын айта алмайды» деп мәлімдеді (2021 жылы 18 тамыз күні СІМ өкілі). Астанаға тәліптер келе жатыр дегенде билік сол қандастардың мәселесін қайта қаузайтын шығар деп үміттенген едік. Бақсақ, ол үмітіміз де селге кеткен сияқты.

1991 жылдан бері Ауғанстаннан 13 мыңға жуық адам тарихи отанына көшіп келді. Олардың айтуынша, Ауғанстанда қалған қазақтардың қазіргі ұрпағы жергілікті халыққа сіңіп кеткендіктен, кейбіреуі ана тілінен ажырап қалған, отбасында өзбекше я дари тілінде сөйлейді. Олардың саны да аз емес. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі болса, Ауғанстанда 200-дей ғана қазақ бар деп санайды. Бірақ, соңғы дерек бойынша Ауғанстанның Кабул, Мазари-Шариф, Құндыз сияқты қаларының өзінде неше жүз қазақтың бар екені мәлім болды. Кабулда жұмыс істеп тұрған қазақ мәдениет орталығы да бар екен. Ауғанстан қазақтарын Қазақстанға көшіріп алу жұмысына атсалысып жүрген бастамшыл топ мүшерлерінің айтуынша, Ауған елінен 6000-ға жуық адам «қазақпыз, қазақ еліне көшкіміз келеді» деп өтініш білдірген. Демек, Ауғанстанда бірнеше жүз емес, бірқанша мың қазақ тұрады. Ендеше біздің билік неге олардың жағдайына назар аударып, алдымызға өзі келген тәліптерден қандастардың өміріне араша сұрамайды?! Ауған қазақтары десе біздің билік «қазақ тілін білмейді», «құжаттары жоқ» деген сылтау айтады. Қазақ тілін білмейтін қазақ «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен Ауғанстанды қойып, осы қазақ елінің өзінде де толып жүр емес пе?! Екіншіден, тәліптер наннан тарығып, бізбен саудаласуға келгенде біздің билік неге осы орайды пайдаланып, ол елдегі қандастар мәселесін де қозғамады?! «Бидай сататын болдық» деп мақтанатындай қандастың қамынан, бидайдың наны артық па?! Ойланатын мәселе

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button