Әлеумет

«ӘКЕ ЖҮРЕГІ ТАУДАН ҮЛКЕН» ДЕУШІ ЕДІ…

10256970_708412855869114_7936546815498507236_o

«Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең» деген халық даналығы мен «Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек» деген Бұқар жыраудың қанатты сөздері бар. Отбасында әкенің орны бөлек. Ол – тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, әулеттің, рудың қамқоршысы.

«Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, он үш жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер» деді. Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды». Бұл – М.Әуезовтің әйгілі туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалмасын», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңе керегін дайында» деп әкеге құрмет көрсетуге, қызмет етуге баланы жасынан анасы үйрету керек.

«Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезең қазақ отбасына шеттен келген текті-тексіз мәдениетті қоса әкеліп, қалыптасқан дәстүрді бұзды. Бүгінгі таңда ер азаматтардың арасында отбасының иесі, асыраушысы бола алмай жүрген әкелер көбейді. Әке – баладан, бала мейірден ажырап, өз тамырынан үзілген гүлге ұқсас ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Бұл – болашақ үшін де, ұрпақ үшін де аса қауіпті.

Бүгінгі қоғамда «толық емес отбасы» деген сөз елең еткізбейтін тіркеске айналды. Өйткені, ер ба­лалардың тәрбиесіне көңіл бөлініп жатқан жоқ. Неке қию орта­лық­тарының мәліметтеріне жүгінсек, жаға ұстататын көрсеткішке тап боламыз. Некеге отырғандардың 65 пайызына жуығы көп ұзамай ажырасып кетеді екен.

Мектеп оқушыларының арасында 70 па­йызға жуық бала әкесіз, яғни, толық емес отбасыларының ұл-қыз­дары. Әкесінің аты тіркелмеген төл­құ­жатты да үйреншікті әдетпен қабыл­дайтын болдық.

Тұрмыс қамымен әке бір жақта, шеше бір жақта, балалары бөлек өмір сүріп жатқандардың да куәсі болып жүрміз. Бала тәрбиесінен алыс, тірлігі беймәлім әкенің бала тәрбиесіне қандай ықпалы болады? Әке неғұрлым баланың қасында жүрсе, соғұрлым әке тәрбиесін көріп өседі. Қазақтың табиғатында болмаған, өркениетімізге үлкен зауалын тигізіп отырған өзге ұлтпен некелесу, бір жынысты неке – біздің ертеңімізге, ұрпағымызға не береді?! Бұл табиғатқа қарсы келетін жаман әдеттерді бағзы бабаларымыз «мал құлағы – саңырау» деп қатты сақтандыратын.

Жасыратын несі бар, үй-жайы, айтарлықтай жағдайы бар, елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған азаматтар еліне, туған жеріне қол ұшын берудің орнына, жеке басының қызығы үшін жалғызбасты әйелдерді жағалап, екінші, үшінші, бесінші әйел алып, мақтанып жүргендер бар. Біздің текті бабаларымыз ондай екінші, үшінші бәйбішелерімен келісіп, оң жақта отырған, беті ашыл­маған қыздарға құда түсіп, ата жолымен алған. Ұрпақ көбейту үшін ол заманның бәйбішелері таңдап жүріп, текті жерден күйеулеріне өздері айттырып, кіші әйел алып беретін болған. Өздерінің мәртебесіне сай «бәйбіше» атанған. Ол заманның ерлері біреудің жесірін баласымен алғанды намыс көрген. «Сүйегімізге таңба болады» деген. Қазіргі жігіт­тер ұрланып жүріп көшедегі келін­шектерге, жалғызбасты балалы әйелдерге барып, қолдарына кіріп алуды ұят көрмейді.

Әкеден – мейір, анадан жылу көр­меген тастанды балалар туралы бөлек әңгіме, өте ауыр. Осы мәселеге тоқталарда біз үнемі бір жақты ғана қарап, көкек аналар туралы айтамыз, оны сол деңгейге жеткізген әкелер туралы айтпаймыз. Жауапкершілік екі жаққа да бірдей болу керек емес пе?! Жеке бастың қызығын ойлап, отбасын оп-оңай айырбастап кете беретін әкелер туралы неге айтпаймыз?!

Өзінің бауыр еті – баласын аз уақыттық жеке бас қызығына айырбастап кететін әкелер біреудің баласына қандай тәрбие береді?! Жатбауыр ұрпақтан намысшыл,
рухты ұрпақ емес – жасқаншақ, кек­шіл, жасық бала өседі. Өгей әкелер көбейді. Өгей әке өгейлігін көрсетпей тұр­майды.Өзінен тумаған балаға материалдық тұрғыдан көмек бере алатын шығар, шын әкелік ықыласпен мейірлене алмайды. Ол жайында Төле бидің былай дегені бар: «Бір түйеші жігіттің түйесі бошалап, туған ботасы жоғалып кетеді. Түйенің ботасының тірі екенін тау баурайында боздап, әрі-бері кезе бергенінен білген түйеші ботасын іздеп шығады. Ботасын қасқыр жесе немесе шала туса түйе олай іздемейді. Жігіт өтіп бара жатқан керуен көшінен өзінің ботасын таниды. Бірақ керуеншілер де жолдан тапқан олжасын бергісі келмейді. «Түйенің ботасын сен қалай та­нисың? Өтірік» деп мо­йын­датпайды. Екі жақ Төле биге келіп жүгінеді. «Ботаның енесі бар ма?» деп сұрайды би. «Туған енесі бар» дейді екі жақ та. «Онда екеуінің де енесін алып келіңдер» дейді. Олар алып келеді. «Ботаның тақымына қыл бұрау салыңдар»деп бұйырады би. Жігіттер айтқанын лезде орындайды. Ботаның тақымына қыл бұрауды салып, шыңғырта бұрағанда жігіттің түйесінің көзінен жас парлап, мұрындығын жұла тартып, ботаның үстіне құлаған екен. Ал, саудагердің түйесі орнынан қозғалмай, жайымен күйсеп тұра беріпті». Туған әкенің де күйі осындай.

Белгілі қаламгер Тұрсын Жұрт­байдың «Қоғамда әйел билегендіктің белгісі – анасын ғана тыңдап өскен, әкенің алдында жасқануды, ұялуды білмейтін қыздардың ертең ерін сыйлап, еліне лайық ұл өсіретініне күмәндімін» дегені бар. Рас, соңғы уақытта баланың тәрбиесін анаға жүктеп қою жиі кездеседі. Айбарлы әкенің орны әлсірегенін өкінішпен айтуға мәжбүрміз.

Кірпішешен баласын арқасына салып өсіреді екен. Енесінің тікенектей арқасы баласына мамықтай тиеді. Исламның ұлық пайғамбары «Әке – жанұяға тыныштық орнатып, перзенттерін қадағалап, олардың азат болуына жағдай жасау тиіс» деген екен. Әкелер перзенттерінің таза тәрбиесі мен адал білім алуы, отбасында, қоғамда дұрыс азамат болып өсуіне тікелей міндетті. Балалары үшін отбасына адал жолмен ырзық әкеліп жүрген әкелер үш отбасының бірінің арманы.

Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» 4-тармағында: «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын» дейді. Бұл жарғы отбасы бірлігін сақтау арқылы неке парызын өтеу, ұрпақ тазалығын сақтау үшін маңызы зор болған. Отбасындағы азаматтың орны мен қыз баланың тәрбиесі жөнінде айтарда мынандай тәмсілді басты назарда ұстаған жөн. Әйелді жылатпа! Өйткені, оның көз жасын Жаратушы санайды екен. Әйел – еркектің жанына жақын болу үшін, өзімен тең болу үшін, қолтығының астында қорғалу үшін, жүре­гіне жақын, сүйікті болу үшін қабырғасынан жаралған. Құдай әйелді ер­кектің аяғынан жа­ратқан жоқ, аяқ асты болып, қорланбау үшін. Еркектің ба­сынан да жаратпады, басынып, басына шығып кетпеу үшін. Жаратылыстың тылсымын тану – адамзаттың басты жұмбағы.

Сөз түйінін тағы да Абай сөзімен түйіндегім келеді. Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім» дейді. Тағы бірде: «Қазақты ақылды етіп түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек, әуелі, бек үкімет, бай қоғам болу керек» деді. Бек үкі­мет болу үшін – бақытты, өне­гелі ұрпақ, толыққанды отбасы болу керек деп ойлаймын.

Ел тағдырына алаңдайтын, білімді, іскер, намысшыл, өз шаңырағының тірегі болатын нағыз азамат тәрбиелеу – біз бен Сіздің борышымыз.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
«Абайтану» орталығының директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button