Тағзым

Алатаудай ағаларымның арманы көп еді…

2008 жыл. Қаңтар. Арқаның сақылдаған сары аязы буып тұр. Ауыр науқастан айыға алма­ған Жайлау ағамның жүрегі соғуын тоқтатты. Дауасыз дерт өлімге апарды. Өмірлік жары – Қамаш жеңгем мен ұлы Жомартын тастап, 45 жасында бақилық болды. Ауыр қаза Ақши ауылындағы Тілеубай әулетін қатты есеңгіретіп тастады. Халық қайғыға ортақтасып, қаңтардың қақаған аязына қарамастан К-700 тракторының доңғалағын жағып, жерлейтін жерді дайындады. Сол қыстың суығы әлі есімнен кетпейді. Жерлеу рәсімін, қонақасын өткізіп, әулетімізбен енді есімізді жия бергенде Балқаш қаласынан сумаңдаған суық хабар жетті. Ой, дүние-ай! Жайлау ағамның қазасына бір ай толмай, үлкен ағам Сайлау дүниеден озыпты. Ажалға өндірістегі қайғылы оқиға себеп болған. Онсыз да қайғыдан көкірегі қарс айрылған әке-шешем, Құрал ағам, ауылдас ағайындармен бірге бір автобусқа мініп, Балқашқа аттандық.

Көлдің жағасындағы шағын қала күңіреніп қарсы алды. Сайлау ағам 13 жыл қалалық ТЭЦ-те тракторшы-бульдозерші болып жұмыс істеді. Өте еңбекқор, кәсібіне адал жан еді. Құдайдың жазуына амал бар ма, ағам трактордың шынжыр табанына құлап, мерт болыпты. Мұны естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Тракторды ұршықша иіретін маманның өлімі неге техникадан болған? Оны жан баласы түсіндіріп бере алмады. Балқаш бірнеше күн жылусыз қалды. Бүрсең қаққан ел. Қара жамылған шаңырақ. Мұндайды көрген адам қатты шошитын еді. Басқа салса – баспақшыл. Бірінен соң бірі келген ауыр қаза әсіресе, әкем мен анамның жан-жүрегін жаншып, күйіктің отына аяусыз күйдірді. Баласын жоқтап аңыраған ана, жарынан айрылып боздаған әйел, әкесін жоқтап жылаған баланың даусы сай-сүйегіңді сырқыратады. Қаралы ақпан есімнен кетпейді. Көл жағасындағы қалада үшінші күні аяғымыздағы аяқ киімімізді шеше алмадық. Қала басшылығы мен ТЭЦ әкімшілігі қатты дағ­дарды. Ағамның қазасы күллі балқаштықтардың арқасына аяздай батты. Марқұмның денесін ақ матаға орап, қара жердің қойнына тапсырдық. Алла мұндай ауыр сынақты жан баласының басына бермесін деп тілеймін.
Асқар таудай әкеміз Зәрубай Тілеубайұлы мен мөлдір бұлақтай анамыз Тілеужан Досымбекқызы 9 перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Өкініштісі, әкемнің алдында қос құлыны, анамның алдында үш баласы бақилық болды. Бірі 45, екіншісі 48 жасында өмірден озған қос ағамды бүгін сағынышпен еске аламыз. Еңбекқор, мейірбан, адал, бауырмал ағаларымның орны үңірейіп тұр. Сайлау ағамның көзінің нұры, үш жауқазыны (үш қызы) жайқалып өсті. Жайлау ағамның артында қалған тұяғы – Жомартымыз жігіт болып қалды. Бауыр еті балаларының өмірлік қызығын көре алмағаны жанға батады. Алатаудай ағаларымның арманы көп еді. Жалған дүниеде сендер көрмегенді Рая және Қамаш жеңгелерім, артта қалған барлық ұрпақтарың көрсін! Рухтарың пейіштің төрінде шалқысын!
Марқұмдардың қайтыс болғанына 10 жыл өтуіне орай 2018 жылы 29 маусымда сағат 12.00-де Балқаш қаласында ас беріледі.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button