Басты ақпарат

Алтай КӨЛГІНОВ: Тұрғындарға қолайлы қала жасауымыз керек

Биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қалаға қажет дәрігер мамандарды даярлауға 500-ге жуық грант бөлді. Жергілікті бюджеттен тиісті қаржы Астана медицина университеті мен медицина колледждерінде резидентура мен интернатурада оқуға бөлінді. Грант алғандар оқумен қатар жұмыстарын істеп жатыр. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасады. ­Қазақ радиосына берген сұхбатында осыны атап өткен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов гранттар саны едәуір артқанын айтты. Бас қалада әр тарапта атқарылып жатқан
маңызды жұмыстар жайымен таныстырды.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ДЕ ҚОЛДАУ, ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ДА ТИІМДІ

Азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін қолға алынған шараларды әңгімелеген қала басшысы әкімдік «Магнум», «Смолл», «Ақмол» секілді ірі сауда орталықтары мен базар иелерімен келісімшартқа отырғанын жеткізді.
– Тауарларды көтерме бағамен тарату орталығының айналым қаражатына жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлдік. Бұл – қайтарымы бар қаржы. Оларға әлеуметтік маңызды азық-түліктің 19 түрінің бағасын ұстап тұруға шарт қойдық. Бұл – ұн, сұйық май, жұмыртқа, картоп, сәбіз, пияз сынды тұрғындар күнделікті тұтынатын тауарлар. Сауда орындарымен Жаңа жыл мерекесінің алдында бағаны көтермеу туралы келістік. Сұраныс жоғары болғандықтан, сауда орындарына қайтарымды қаражатты көбейтеміз. Бұл – кәсіпкерлерге де қолдау, тұтынушыларға да тиімді. Одан бөлек күз айларында әр апта сайын, сенбі-жексенбі күндері «Ханшатырдың» маңайында бүкіл өңірлердің ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырдық. Осындай жәрмеңкелерді жылда өткізіп тұрамыз, – деді А.Көлгінов.

ЖАҢА ЖЫЛДЫ ОТБАСЫМЕН ҚАРСЫ АЛҒАН ЖӨН

Жаз айларында, қазір де қала әкімдігі аз қамтылған, мұқтаж азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға демеушілер арқылы азық-түлік себеттерін таратып, көмек беріп жатыр. Осыны айтқан қала әкімі карантин жағдайында тиісті талаптарды сақтау мәселесінен хабар берді.
– Бұл мәселе қатаң бақылауда. Соны сақтамаған мейрамханалар мен түнгі клубтар болды. Олардың бәрін жауапқа тартуға тура келді. Айыппұл салдық. Жұмыстарын бір айға дейін тоқтаттық. Осыған саналы көзқараспен қарау керек деп ойлаймын. Өйткені карантиндік шектеулер біткен жоқ. Індет әлі тарқамады. Жаңа жыл отбасылық мереке ғой. Санитарлық дәрігерлер де отбасымен қарсы алуға шақырып жатыр. Бірақ кәсіпкерлерді де қолдап жатырмыз. Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» болған кезде мейрамханалар 22.00-ге дейін жұмыс істеді. Қазір «сары аймаққа» өттік, сондықтан ресторан иелерінің өтінішімен, санитарлық дәрігерлермен ақылдасып, 24.00-ге дейін созып бердік. Әрине, қауіпсіздіктің тиісті ережелері бар. Жаңа жылдың алдында театрлар мен кинотеатрларды да аштық. Театрлардың сыйымдылығынан 20 пайызға дейін, кинотеатрларды 30 пайызға дейін толтыруға болады, – деді А.Көлгінов.

ОҚУ САПАСЫ ТӨМЕНДЕМЕУІ ҚАЖЕТ

Қала басшысы үшінші тоқсанда 9 және 11 сынып оқушылары мектептерге барып оқитынын айта келе, мұндай қадамға түлектер жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуге сапалы дайындалу үшін барып жатқандарын жеткізді. Қашықтан оқу кезінде оқушыларды қолдау шаралары туралы айтты.
– Мемлекет тарапынан, әсіресе аз қамтылған отбасыларға ноутбуктерді, интернет нашар жерде роутурлерді алып бердік. 26 мың компьютер сатып алып, осындай отбасыларға тараттық. Қаңтар айында университеттер немесе колледждердің бірінші курс студенттері өздерінің оқу орындарына келіп, білім ала алады. Себебі олар да мектептен енді ғана түлеп ұшты. Ал оқу сапасы төмендемеуі керек, – деді елорда әкімі.

МЕКТЕПТЕР ЕДӘУІР КӨБЕЙЕДІ

Биыл пандемияға қарамастан, бас қалада қыруар жұмыс жасалды. Қала әкімдігі, әсіресе, құрылысты тоқтатпауға тырысты. Осыны айтқан А.Көлгінов осы бағыттағы алдыға қойылған мақсаттарға тоқталды.
– Балаларға жаңа мектептерді салып, бітіру керек. Біз жоспарға сәйкес қимылдап, былтыр 6 мектеп салған болсақ, биыл 12 мектеп құрылысын аяқтадық. Былтыр үш ауысымды 8 мектеп болса, оларды 4-ке дейін азайттық. 22 мектепте оқушылар саны шамадан тыс көп болса, мұны 14-ке дейін түсірдік. Енді уақытында мектептерді салмасақ, аталған орта білім беру орындары үш ауысымда оқытуы ықтимал. Бюджетке қарап, қол жайып отыра беруге болмайды. Инвесторларға да жағдай жасап жатырмыз. Бір жылдың ішінде инвестиция­лық кеңесте тек қана мектептер құрылысы бойынша 30 жобаны қолдадық. Қазір соның біршамасы бойынша жұмыс басталды. Мектептерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы да салып жатырмыз. Бұрын мектептер 1200 орынға шақталып салынатын. Қазір қаланың даму динамикасын ескеріп, 2 мың орындық орта білім беру орындарын салып жатырмыз. Ол екі ауысымда 4 мың орындық болады, – деді А.Көлгінов.

БИЫЛ 8 МЫҢҒА ЖУЫҚ ПӘТЕР БОЙ КӨТЕРДІ

Қазір елордада тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр. Оларды тезірек қолжетімді баспанамен қамту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынды. Қала басшысы осының жайын да тарқатты.
– 2018 жылы 1 мыңнан астам пәтер салынса, 2019 жылы 2 мыңнан астам пәтер салынды. Биыл 8 мыңға жуық пәтер бой көтерді. Бұл – 3 миллион шаршы метр тұрғын үй. Былтырғы көрсеткіш
1 миллион 700 мың шаршы метр еді. Келесі жылы 10 мыңнан астам пәтер салуға толық негіз бар. Біз тұрғын үй құрылысына инвестиция тартуға басымдық беріп отыр­мыз. Биыл негізгі капиталға 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарттық, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысының айтуынша, биыл елордада 30 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өз септігін тигізді. Соның 60 пайызы – тұрақты жұмыс. Атап айтқанда, 150 аула абаттандырылды. 150 көшені жөндеу жоспарланса, жоспар асыра орындалып, 173 көшеге асфальт төселді. Соның 104-і – шеткі аймақтарда. 60 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.
Өткен жылы жұмыс істейтін жастарға 5 жылға жалға 1050 пәтер, биыл 350 пәтер берілді. Оның себебін айтқан қала басшысы тиісті қаражат пандемиямен күрес­ке жұмсалғанын жеткізді.
– 2021 жылы жастарға қайтадан 1050 пәтер береміз. Бұл пәтерлер қазір салынып жатыр. Қазірге дейін 5 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Демек, жастарға арналған пәтерлер құрылысын азайтпауымыз керек. Президенттің тапсырмасымен тиісті жоспар бекітілді. Жаңа жылдың алдында кезекте тұрған азаматтарға 300 пәтер бердік. Соның ішінде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар, – деді А.Көлгінов.

ҮЛЕСКЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ҮШ ЖЫЛДА ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ

Үлескерлер мәселесіне тоқталған қала басшысы былтыр 52 проблемалы нысан болғанын, соның 10-ы пайдалануға берілгенін айтты. Ал биыл екі есеге көбейіп, 20 тұрғын үй кешені тапсырылды. Осылайша 22 проблемалы үй қалып отыр. Бұл нысандар жоспарға сәйкес алдағы үш жылдың ішінде пайдалануға беріледі.
– Қалада 200-ден астам ескі, апатты үйлер бар. Әрбір үйде 100-ден астам отбасы тұрады. Биыл 200 отбасын жаңа үйлерге көшіріп жатырмыз. Келесі жылы тағы 210 отбасын көшіреміз бе деп отырмыз. Қаңтар айында Янушкевич көшесіндегі екі үлкен жатақхана тұрғындарын көшіреміз. Сарыарқа ауданында, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жанында ескі барактар бар. Сонда тұрып жатқандар да жаңа баспанаға ие болады. Үлескерлерден кейін негізгі жүйелі мәселе – осы. Жақында Дүкенұлы, 21 мекенжайындағы 1966 жылы салынған жатақханаға барып, тұрғындармен кездестім. Жоспарға сәйкес олар 2024-2025 жылдары жаңа үйлерге көшуі тиіс. Біз мерзімді 2022 жылға түсірдік. Тұрғындар қуанып жатыр, – деді А.Көлгінов.

КӨПІРЛЕР САЛЫНЫП, КЕПТЕЛІС АЗАЯДЫ

Биыл елордадағы 173 көшеде жаңа жолдар салынды. Ендігі мақсат – жол желісіне түсетін салмақты, кептеліс­терді азайту. Елорда басшысы осыны айта келе, қосымша көпірлер құрылысынан хабар берді.
– Қазір оң жағалау мен сол жағалауды қосатын Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің жобасын жасап жатырмыз. Жоба келесі жылдың басында дайын болады. Содан кейін тиісті жұмысты бастауымыз керек. «Нұрлы жол» вокзалына Ұлы дала даңғылы арқылы апаратын жолдың жобасын да жасап қойдық. Көпір салынды, енді асфальт төсеуіміз керек. Күн жылынған кезде тиісті жұмысты атқарып, жолды ашып берсек, көлік кептелісі едәуір азаяды. Қоғамдық көлікке де, жаяу жүргіншілерге де, велосипедпен жүретін адамдарға жағдай жасауымыз керек. Қоғамдық кеңістіктерді дамытуымыз қажет. Полиорталықтарды салсақ, яғни тұрғындарға керек нысандарды үйлеріне жақын жерге орналастырсақ, сонда да көлік кептелісі азаяды. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындарға ыңғайлы қала жасауымыз керек, – деді А.Көлгінов.

ГАЗ ТАРИФІН ТӨМЕНДЕТТІК

Қаланы газдандыру жұ­мысына тоқталған қала басшысы, бұл Елбасының тарихи жобасы екенін атап өтті. Бірінші кезеңде қалада 300 шақырым ішкіорамдық желілер тартылды. Құбырлар «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық» тұрғын алаптарына келді. Алдындағы екі кентте толықтай, кейінгісіне жартылай салынды.
– Қазір газды жеке үйлерге қосу үдерісі жүріп жатыр. Қаңтар айында бұл жұмыс белсенді жүргізіледі. «Железнодорожный», «Промышленный», «Оңтүстік-шығыс» тұрғын алаптарына да газ келіп жатыр. «ҚазТрансГаз» компаниясы газды «Күйгенжар», «Мичурин» тұрғын алаптарына өз қаржысына тартып жатыр. Неғұрлым көп үй газға қосылса, сонда дұрыс болады. Қазір 3 мыңның үстінде өтініш келіп түсті. Оларға техникалық шарттарды беріп жатырмыз. Бүгіндері 1 мыңға жуық үй газға қосылуға дайын. Тариф текше метріне – 34 теңге. Бұрын 45 теңге еді. 1 және 2-жылу-энергия орталықтарындағы төрт қазандық газға ауыстырылды. Қалғаны 2021-2022 жылдары ауыстырылады. Қаланы газдандырған кезде, біріншіден, экологиялық мәселелерді шешеміз. Мамандардың айтуынша, шаһар толықтай газдандырылғанда 40 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтар ауаға таралмайды, – деді А.Көлгінов.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button