Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Ақ қардың қара жұмысын жеңілдетуге бола ма?

Астананы ақ қар басып қалғанда көлік те малтығып, жүргіншілер де омбылап, бір қадам басу мұң болады. Бұл енді алғашқы сәтте ғана, артынша қар күрейтін көліктер орталық көшелердің қарын қалқып алып кеткенде, қар тазалау­шылардың қалың қолы қарап қалмай техника тұмсығы жетпейтін жерлердің қарын күрекпен күреп шығады.

Елорданың күнделікті санитарлық жағдайын жоғары деңгейде қамтамасыз ету – «Астана Тазалық» коммуналдық кәсіп­орынның міндетінде. Жыл – он екі ай қаланың тазалығына жауап беретін «Астана Тазалық» көшелерді механикаландырылған техниканың күшін салса, шағын техника түрлерімен кварталішілік аймақтарды тазалайды. Көппәтерлі үйлердің тазалығы үй басқарушы мекемелердің мойнында болса, шағын және орта бизнеске іргелес аумақтардың уақтылы санитарлық тазалауды қамтамасыз ету үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Осылайша елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде үздіксіз жұмыс істеуде. Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 1,9 млн текше метрден астам қар шығарылды. Соңғы мәлімет бойынша қалада қар күреу жұмысына 2 мыңнан астам жол жұмысшы мен 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға барлығы 1,9 млн текше метрден астам қар шығарылды, бұл 152 748 ауыр жүк көлігінің көлеміне тең.

Сол сияқты қаладағы негізгі тротуарлар мен көшелердің бәріне көктайғақты болдырмау және тұрғындардың жайлы жүруі үшін құм-тұз қоспасы себілді.

Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 1,9 млн текше метрден астам қар шығарылды. Соңғы мәлімет бойынша қалада қар күреу жұмысына 2 мыңнан астам жол жұмысшы мен 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды

Қалай дегенде де жыл бойына қайталана беретін табиғи құбылыс болса да, тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетуге арналған ауыр еңбек. Басқа елдерде қалай қар тазалау қалай ұйымдастырылады. Көшенің қарын жергілікті биліктің міндетіне қойғанның өзінде, аулалардың қарын кімдер күрейді, кім жауапты? Жылтыр мұз, көк тайғақта көшеге не себеді? Қар тазалаудың басқа жолын тапқан жұрттар бар ма?

ШЕТЕЛДЕН НЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

АҚШ пен Канадада Арқаның қысындай қыспақ жоқ. Ауа райы біршама жұмсақ, жайлы. Қыс­тың көзі қырауда, мұндағы қар тазалау жұмысын үшке бөліп реттейді екен. Ірі қалалардағы негізгі көшелер мен магистральдар муниципалды техниканың күшімен тазартылады, ал шағын көшелер мен жол оралымдарының тазалығына мемлекетпен келісім шартқа отырған жеке адамдар жауап береді. Өзіндік ерекшелігі де жоқ емес. Мысалы, Нью-Йоркте қалың қар жауған кезде көлікпен жолға шығуға тыйым салынады. Көнбесе, айыппұл төлейді. Қала басшысы бұйрығымен барлық мекемелер, мектептер мен дүкендер жабылады. Сол сәтте жол қызметкерлері көшедегі қарды тазалап үлгереді, содан кейін ғана көлік қозғалысы қалпына келеді. Ал қар жауар алдында жолдар көктайғаққа қарсы заттармен өңделеді. Бұл қар қатып қалмау үшін әрі оңай тазалануы үшін керек екен. Синоптиктер қар жаууы мүмкін деген болжам айтса, алдын ала көшеге тұз себу (реагент) Канадамен бірге Германияда да қолданылады.

Ал жеке үйлерге тікелей іргелес кеңістікті осы үйлердің иелерінің өздері тазалауы керек. 24 сағат ішінде үйге іргелес аумақты қардан тазартуға әрекет етпесе тұрғындарына айыппұл салынады.

Бұл жерде реагент туралы айта кеткен жөн. Технологиялық тұрғыдан алғанда, АҚШ-тағы көшелерді тазалау үшін себілетін тұз магний хлоридінен тұрады. Ресейде және осы елден біздерге әкелінетін реагент натрий хлориді бар. Соңғысына қарағанда алдыңғы магний хлориді зияны көптеу. Ол темір біткеннің соры, көктемде қар ерігенде жердің де сортаңын шығарады, сол тұздан екі ай киген қыстық етіктердің желімі ашылып кетеді. Алайда АҚШ-та қар тазалау жылдам жүреді және тұз көшеде біздікіндей ұзағынан жатпайды.

Канадаға келетін болсақ, қарды еріту технологиясын алғашқы болып ендірді. Яғни жиналған қарды бірден суға айналдыратын жылжымалы қар еріткіштер алғаш рет 70-жылдары Торонтода қолданылған. Бұл не үшін керек? Қоршаған ортаның тазалығын әріден ойлаған канадалықтар қардың да былғанбауына мән береді. Қардың жерге түскеннен кейінгі машиналардың зиянды шығындыларынан болатын зиян­ды қосылыстар мен еріген химия­лық заттардан аршып барып, полигондарға төгіледі. Әйтпесе, көктемде құрамы тазартылмаған қардың суы өзен-көлдерге құйы­лып нағыз экологиялық апат алып келеді деп түсіндіреді. Бұл елде сағатына 60 тонна қарды ерітетін қар еріткіш машиналар бар.

Осындай түйсікпен Скандинавия мен Орталық Еуропа елдері де көшелеріне тұз себуден бас тартқалы көп болыпты. Берлинде қатерлі жол қиылыстарында ғана қолданылса, басқа жерлерде тастың ұсақталған қиқымын төгеді. Бұларды бір рет емес, қармен бірге жинап алып тазартып бірнеше мәрте қолданады. Алайда жұмысы көп болған себепті, көпшілік елдерге кең тарамаған. Әрі бұл әдіс көк мұздан құтқармайды. Бірақ қиыршық тастан көлік тайғанамайды, жол апатын болдыртпайды.

Егер Еуропа ақ қар мен көк мұзбен күресудің ескі әдістеріне оралса, Жапония мен Исландия­ біршама алға озып кетіпті. Исландия қалаларында үйлер геотермалдық көздерден алынған сумен жылытылатыны белгілі. Жаңғыртпалы жылу көзімен экзотикалық жемістерді өсіруге арналған арнайы жылыжайларды жылытса, жолдар мен тротуарларды да жылытатын құбыр тартып, түскен қарды бірден ерітіп отыр. Табиғи қайнаған суы бар құбыр­лар қала көшелерінің бойын басып өтетіндей етіп төселген. Нәтижесінде бетіндегі қар лезде еріп, жаяу жүргіншілер жолы бар жолдар таза болып қалады.

Дәл осындай әдіс Жапония­ның Саппоро қаласында да қолданылады. Онда жылына 5 метрге дейін қар жауады екен. Жергілікті билік өнбес тірліктен шаршаған болуы керек, жылыту батареяларын жолдарға орнатады. Әзірге қала орталығында ғана тұр. Сонымен қатар, Саппоро тұрғындары заң бойынша үйлерінің алдындағы аумақты қардан тазартуға міндетті. Бұған уақыт пен күш жұмсағысы келмейтін көптеген азаматтар үйлерінің алдына осындай жер асты батареяларын орнатады екен. Арзан емес. 10 мың АҚШ доллары. Алайда Саппороның жылуы жоқ көшелерінде мұз құрсауы алынбайды. Өйткені елде оларды реагентпен өңдеуге тыйым салынады.

Үлкен мегаполистің қарын тазалауды тек жылыту пеш қалап шешу тиімді емес. Сонымен бірге Жапонияның кейбір солтүстік аймақтарында қар одан да көп түседі. Түнде жаңбыр жаууы мүмкін. Нәтижесінде жолдар толығымен жабылып, көлік жүретін жолдарды ғана дәліз жасап аршиды. Бұл жағдайда жол арнайы техниканың көмегімен жолдың қос бүйіріне қар қабырғаларын қабаттай жинап биіктете береді. Нәтижесінде әсерлі қар дәлізі пайда болады, оны тіпті басқа елдерден турис­тер көруге барады. Көктем түссе, қардың қамалдары өздігінен ериді.

Жаңа Зеландия. Бұл ел – бізден алыс және таулы ел. Қар қалың түскенмен, бұл елдің қалаларында қыс қатты, аязды емес. Бұл билікке көшелерде кальций-магний ацетаты сияқты реагентті қолдануға мүмкіндік береді. Ол металға және қоршаған ортаға іс жүзінде зиянсыз, бірақ минус 7 градус Цельсийден төмен температурада жұмысын тоқтатады. Бұл да климаты суық, бізге қолайлы емес. Мүмкін жаңа технологиялар шығып, адамға да, қоршаған ортаға да қолайлы түрі табылып жатар. Әзірге біздің елдің де өзгелерден үйренері көп.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button