Руханият

Шаһардағы жылқылар

«Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» атты поэма-панорамасымен қазақ поэзиясы табалдырығынан емін-еркін аттап, «Қасқырдың монологы» өлеңімен оқырмандарын тәнті еткен арқалы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлының қаламынан ХХІ ғасырда да қуатты жырлар туып жатыр. «Ақшамның» антологиясы» атты жаңа айдарымызда сондай бір топ жырды ұсынамыз.

Тұяғы жер тілгілеп,
Балшық – жоны, бүйірі,
Қарағандыға кірді кеп
Қарагердің үйірі.

Алас-күлес топтары.
Асфальт жолға боп Тәңірі –
Автобустар тоқтады,
Авто біткен тоқтады!

Қайдан келген сандалып,
Шаба-шаба жарап бір.
«Орбитаға» таңғалып,
Оқырана қарап тұр.

Жасқа толы жанары,
Бәрі де үркек ашулы.
Қымызхана жарнамалары,
Көзіне оттай басылды!

Желідегі құлын мен
Бие еді ол шідерлі.
Соны көріп… Бір үнмен
Кісінеп-кісінеп жіберді!

Үлгермеді автолар
Не – кідіріп, не – тұрып;
Көкжиекке ақты олар,
Көктей өтіп – секіріп…

Тұра шапты күйіне!
Қарагер жалт қарады:
Көзінен бұл дүние
Жылап көшіп барады.

* * *
Сыған деген ұлыстың көңілі неге
тоқ екен?
Ұлттық Мемлекеті де,
Ұлттық Мәдениеті де,
Ұлттық Әдебиеті де –
Жоқ екен…

Қазақ деген нар екен ғой, нар екен,
Ұлттық Ірі Мемлекеті,
Ұлттық Ділі,
Мәдениеті,
Ұлттық Ұлы Әдебиеті –
Бар екен!

О да, бірақ, көп нәрсеге зар екен…

* * *

«ФБ-да»: «Өткен өмірде кім болғансыз?» деген сауалнамаға: «Сіз – Цезарь болғансыз!» деп тұр…

Бұл – өтірік.
Мен өскемін жусанда,
Соған жудым бет-аузымды – жусам да;
Әкім болып көргем жоқпын ғұмыры, –
Ақын болғам қашан,
Қайда тусам да.

Талай жерді базарлаған шығармын,
Кір-қоңымнан тазармаған шығармын; –
Ақын болғам…
Мүмкін онда егіліп,
Бүгінгідей жаза алмаған шығармын?

Күллі дүние сыйып кетіп таңдайға,
«Мал қайда» деп ойламаппын,
жан қайда?!
Цезарьдайын әкім, зілді патша боп,
Елді билеу жазылмаған маңдайға.

Сонда өкініп, талай басты шайқағам,
Енді келіп:
Доспанбеттей:
«Өкінбен!» деп айта алам.
Қайта тусам, – ақын болам әдейі,
Көресінді көру үшін қайтадан.

Содан кейін…
Маңдайымнан жел есті,
Белім – белмен, елім – елмен теңесті!
Арғы атамның бәрі – патша!
Ал маған
Тағы… патша болу таңсық емес-ті.

Бұл – өтірік.
Мен өскемін жусанда,
Соған жудым бет-аузымды – жусам да;
Әкім болып көргем жоқпын ғұмыры, –
Ақын болғам қашан, қайда тусам да.

АЛМАТЫ.
МҰҚАҒАЛИ ЕСКЕРТКІШІ

Ел-жұртыңыз сүйіне бір қарады.
Күндесіңіз – күйіне бір қарады.
Е… қайтеді боққа қонған шыбындар,
Сіздей болып… гүлге қонған Араны?!.

* * *
Facebook-те бір қыз бар…
Ару қандай!
Жан-жүрегін кемел бір жан ұғардай;
Бақсыларға ішінен жан тартады,
Жақсыларға жадырап, жаны қалмай!

Ел дегенде егіліп, жер дегенде,
Facebook-те көз жасы селдегенде;
Мұхит болып кетеді мына жалған,
Теңіз деген түк болмай, көл дегенде!

«Фб-ыңда – не әңгіме?» дегенді айтпа,
Көз жүгіріп кетсе жұрт көмей жаққа,
Абай елін бетке алып, аласұрып,
Ол аттанып кетеді Семей жаққа.

Ол бар кезде оттамай, тыныш жүргей,
(ФБ-ға да мүңкіген иіс кірмей!);
…Аруменен суретке түседі бұл,
Аярлармен иығын түйістірмей…

Ол – жаралған…
Ол – қолдан жасалмаған;
Тәңірінің тезінен аса алмаған.
Магниті Музаның тартқан кезде,
Майра әнші сықылды масайраған…

ЕЛТАЙДЫҢ ЕЛГЕ КЕЛУІ*

Маңайы – қабаған ит абалаған,
Жолатпай қалың елді қамалаған…
Қортығын осыншама құдай көрген,
Қорқамын мына бір сұм заманадан?!

Меншігі менен қалған несібедей,
Мынаның, құдайым-ау, несі кедей?
Ел-жұрты егіліп бір наз айтқанда,
Тыңдауға жарамады-ау, есінемей?!.

Маңайы – қабаған ит абалаған,
Жолатпай қалың елді қамалаған…
Есерге екі көзін жаутаңдатып,
Жақсыны билей ме енді жаман адам?!

Шаһ-Кәрім!**
Абыз болар жасыңызда,
Мен ғана қалғаным ба қасыңызда?
Жанаттың*** қақпасын кеп сайтан ашып,
Балақтың биті шықты-ау, басыңызға…

(*«Жоғары мәртебелі» Елтай Ерназаров Семейге келгенде (1931 ж.) Шәкір (Мұхаммедшәкһүр ) Әбеновтің **Шаһ-Кәрім Құдайбердіге айтқан өлеңі.
***Жанат – социализм, ғажап дүние (сол кездегі халық ұғымында).

КӨШПЕЛІНІҢ ТҰЯҒЫ

Ел айтар: «Иманжүсіп (қайнаған кек!),
Сан сұмды алдына сап айдаған» деп.
Исатай баһадүр бар – Махамбетте,
Абайда – ертегіші Баймағанбет…

Мағжанда Әлихан мен Ахаңдар бар,
Әлімхан, Кейкі батыр,
Жахаңдар бар!
Замана қолын байлап жібермеді,
Әйтпесе, орман түгіл, жаһанды алар?!

Маңдайды тағдыр тасқа тіреді кеп,
Айтпайды ел бізді сондай ірі еді деп?
Дүниеге мен де дәурен салар едім,
Қайтейін, қасымда оның біреуі жоқ!..

Көмейден шықпай, қайран, қаз үнім сол,
Менің де татып жүрген азығым – сор;
Бөріден жұрт –
Түлкіге айналғанда,
Дүниеге келдім боздап, жазығым – сол.

Нысанбай жыраудайын сапқа бармай,
Дүниеден кетіп барам баптана алмай;
Шернияз ақындайын, оңбағанның
Басына ит терісін қаптай алмай!..

Қу тағдыр қолын бұлғап, шақырды иттей:
Қайтейін, біраз шаруам жатыр бітпей;
Біржандай сал, серіден нөкер жинап,
Маңына қызды ауылдың шатыр тікпей…

Жүретін жай-күйімді тақа білмей,
Көп елді көзіме ылғи жатам ілмей;
Жабығып жүрген ерді қайдан білсін,
Жауына жалғыз шапқан баһадүрдей…

* * *
Көгінде гүлзарының қалықтаған, –
Сергей ғой!*
Сергей – құстай шарықтаған!
Қарық қып Қараормандай Ресейін,
Ошағын, мархұм, бірақ жарытпаған…

Сергей ғой…
Сергей деген перідей деп,
Қашқанда ел… сүйді ол бәрін еңірей кеп…
Өлімге…
Өкіметке қарамады,
Алаштан туған Ақан серідей боп!

Замана құбылғанда не түрге еніп,
Музаға ғана аппақ бетін беріп,
Тұрған-ды ол құбылаға ғана қарап,
Жүрген-ді ол Мұқағали секілденіп!
Қу тірлік күнде аяқ-қолды тұсап,
Ірі едім,
Талай жерде болдым ұсақ;
Мен сені тастап осы, боқ-дүние,
Өлеңге кетсем бе екен?!.
Бомж құсап…

Кете алмай…
Сый-құрметке бөленгендей,
Көсегем содан күнде көгергендей,
Өңмендеп неге жүрмін?!
(Өзі – пенде,
Өлеңнен сый дәметкен өлермендей…).
(*Сергей Есенин)

* * *
Ілесе алмай уақытқа кеш қалармын.
Мен қартайғам…
Мен деген – ескі адаммын…
Қартайған соң, қайтейін, шалдарға ұсап,
Өткен-кеткен өмірді еске алармын.

Атам – Түрік,
Ұмай-ды – Ұлы анамыз.
Ғұмырымнан менің жұрт құрады аңыз.
Түрік дейтін ұлыспен бірге туғам,
(Енді менің жасымды сұрамаңыз!).

Мен эпостан көкке құс ұшырдым кеп,
Жүрегімді өзіңе ұсындым, Көк!
Мені «жаңа қазақтар» түсінбейді…
Мен де оларды жүргем жоқ түсінгім кеп!

Бір шырағы Тараздың базарының,
Бір жолымын Хафиздің ғазалының.
Мен Түріктей көнемін…
Әрбірден соң
Асан Қайғы секілді азалымын!
Күндіз мылжып, гөй-гөймен
кеш батырды,
Бәрі – дана, ержүрек, есті, ақылды…
«Жаңа ақындар» –
Ішінде Фейсбуктың!
(Қайтесіңдер мен сынды ескі ақынды?!).

Күн күркіреп,
Мұздақтың селі құлап,
Әлеуметтік осы бір желі… жылап,
Күннің күні, есі бір кірген кезде,
Боздап тұрып іздейді мені, бірақ.

 Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button