Басты ақпаратРухани жаңғыру

«Қазақтың Паганиниі» киноға сұранып тұр

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, тұтқынға түскен, өнер құдіреті өмірін сақтап қалған қазақтың кәсіби скрипкашысы Айткеш Толғанбаев өзі туралы «Қатал тағдыр тәлкегі» атты кітап жазып кетті. Кезінде бұл кітапты оқып шыққан Өзбекәлі Жәнібеков белгілі журналист Қали Сәрсенбаймен әңгімелескенде «Не деген бейқам халықпыз? Мен де мәдениет министрі болдым ғой. Қанша қызмет атқардым десем де, тағдырдан аяу көрмеген мына бір қазақты білмейді екенмін. Тозаққа түсіп шыққан екен. Музыкант, понимаешь» деп толғанған екен.

СКРИПКАШЫШЕРТКЕН СЫР

Осы әңгімеден кейін Қали ағамыз Айткеш ақсақалды іздеп тауып, оның тағдыры туралы «Қазақтың Паганиниі» атты эссе жазды. Айтқандай, скрипкашының таланты жайында алғашқы болып «Құлагер» ақын Ілияс Жансүгіров сонау 1936 жылы қалам тербеді. Бертінде музыканттың мехнатқа толы өмірі жайлы біршама жазылды. Өзіміздің «Астана ақшамы» газетінің 1999 жылғы бір санында «Айткеш ағаның аманаты» аталатын мақала жарық көрді. Онда өмірден ерте озған жазушы-публицист Армиял Тасымбековке скрипкашының көзі тірісінде шерткен сыры баяндалған.
Айткеш ата қайда туғанын, қай­­дан шыққанын, кім екенін қаламгерге айтып берген. «Ту­ған жерім – Семей облысы, Шыңғыстау ауданы, Қарауыл ауы­лы. Ата-бабамыз Ырғызбайдан тарайды. Ырғызбайдан – Өскенбай мен Мырзатай. Өскенбайдан – Құнанбай, одан Абай, Шәкәрім. Ал Мырзатайдан – Жұман, Толғанбай. Толғанбайдан – мен – Айткеш» деген еді скрипкашы. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы ұлы Абай болса, скрипка аспабын ұлтымызда алғашқыларының бірі болып еркін меңгерген оның немере інісі болып шығады. Бұл, біздіңше, ғажап сәйкестік!
Осы өнері жау қолына түскен музыкантты аман алып қалды. Мұны жоғарыда аталған сыр-сұхбаттағы Айткеш Толғанбаевтың мына сөзінен білеміз: «Менің өмірімде ән мен күй ерекше орын алады. Бәлкім, қиямет-қайымда тірі қалуыма бойыма біткен өнер, әсіресе скрипка аспабын меңгеруім себеп болған шығар… Венаны таңдандырдым осы өнеріммен. Скрипка тартатын мені, азиатты немістер, француздар қатты бағалады. Олардың арасында өнерді бағалайтындар асып-төгіліп жатады. Әсіресе, сұлу бикештері мені – азиат скрипачты қалай ұнатты, ойпыр-ай! Жүрегім жылады. Өнер тірі болса мен де тірімін ғой деп өзіме өзім тәубе жасадым. Скрипкада Верди, Бизе, Брамс шығармаларын сызылтқанымда олар таңдай қағатын. Сарасатенің «Цыганские напевыйын» орын­дағанымда олар аттай желетін. Тұтқындардың мейірі қанып, ал мені тұтқындаушылар тіпті бостандыққа шығарып жібергісі келеді… Өнер барлық тілге ортақ. Жау бомбасынан жаралы болып тұтқынға түскенімде, немістің обер-лейтенанты өнер адамы екеніме басында сенбеді. Ал мен скрипкада ойнағанда ол басын құшақтап ойға қалды».

ТҰТҚЫНДЫҚ ӨМІРДЕГІ ТАМҰҚТЫҚ ДЕКАДАСЫ

Айткеш Толғанбаев тұтқында жүріп, Әміре Қашаубаев секілді Еуропаға қазақ өнерін таныстырды. Құрманғазының «Сарыарқа», «Ақбай», «Кісенашқан», «Түрмеден қашқан», «Балбырауын», «Қайран шешем» күйлерін, Түркештің «Көңілашар» күйін скрипкада күңірентті. Ал «Елім-айды» еңіреткенде немістердің өзі күрсінетін.

Осы жылдың басында 101 жасқа қараған шағында Түркияда өмірден озған скрипкашы Әлім Алмат, әнші Мұхаметқали Бақыткерейұлы, қаламгер Хамза Абдуллин, ақын Мәжит Айтбаев Айткеш Толғанбаев секілді Түркістан легионы сапында болды. «Біз Екінші дүниежүзілік соғыста «қазақ өнері мен әдебиетінің тұтқындық өмірдегі тамұқтық декадасын» Вена қаласында көрсеттік» деген еді Айткеш ата Армиял Тасымбековпен әңгімесінде.
Арада 80 жылға жуық уақыт өткенде сол Вена қаласы қазақ скрип­кашысының тағдырын ө­нер тілінде кестелеуге пейіл танытты. Жуырда Австрияның Қазақстандағы елшілігі Қазақ ұлттық өнер университетімен бірге Астананың 20 жылдығына арнап «Скрипкашы» атты драманы сахналады. Елші Герхард Сайлердің шақыруымен австриялық режиссер Лукас Сежпик аталмыш университеттің студенттерімен қосылып қойған қойылымға университет ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева қолдау көрсетті. Роза Мұқанова, Ерсайын Тәпенов, Тілектес Мейрамов сынды қазақ әдебиеті мен театр өнерінде өзіндік орны бар тұлғалардың шәкірттері спектакльді жастық жалынмен алып шықты. Сценарий негізіне Айткеш Толғанбаевтың «Қатал тағдыр тәлкегі» кітабы алынды.
Спектакль университеттің ша­ғын залында қойылды. Туындыны тамашалап отырып, осындай тағдырлы тұлғаның өмірін үлкен сахнаға шығарса, артық етпейді деп ойладық. Бұған қоса, кино түсірілсе, тіпті тамаша болар еді деген ойға келдік.

ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ ҚАЙДА?

Бірақ мынаны ескеру керек: бірнеше жыл бұрын Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік акаде­мия­лық Қазақ музыкалық драма театры қойған «Әміре» драмасы мен биыл кинотеатрларда көрсетілген «Әміре» кинотуындысын біразымыз көрдік. Кино көңілден шықпаған соң, кей әріптестеріміздің «спектакль фильмнен асып кеткен екен» деген пікірін естідік. Америкалық режиссер Джеф Веспа түсіріп, оның отандасы Бенжамин А.Ванн дер Вин сценарийін жазған кинотуындыдан, шынымен, ұлттың жанын көре алмадық.
Жақында Ұлы Жеңіс күніне орай отандық телеарналардан Қазақстан мен Ресей бірігіп түсірген «28 панфиловшы» фильмі көрсетілді. Ким Дружинин мен Андрей Шальопа режиссері болған, кейінгісі сценарийін де жазған. Бұл екеуі де ресейлік мамандар. Актерлер де, негізінен, Ресейден тартылған. Өзіміз Әзиз Бейшенәлиевтен басқа ешкімді жыға танымадық. Бастапқыда Әзиздің кімді сом­дағанын да түсінбей қалдық. Бауыржан Момышұлын шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, оған Болатов дейтін кейіпкер бұйырыпты. Ең сорақысы, Алматы облысының Ақсу ауданынан шыққан Кеңес Одағының Батыры Нарсұтбай Есеболатовтың рөлін Владислав Погиба сомдады. Қазақ жігітін өзге ұлт өкілі сомдайтындай басымызға не күн туды?! Тұлғаларымызға қатысты кинотуындылардың тізгінін қашанға бері басқа біреуге бере береміз?!

ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАНЫТУДЫҢ БІРДЕН-БІР ЖОЛЫ

Өзбекәлі Жәнібековтің атын мақаламыздың басында бекер келтірмедік. Ол сияқты ұлт тұлғаларына жаны ашитын, ұлттық өнердің болашағын ойлайтын басшы бар ма қазір?! Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы киноға сұранып тұрған Айткеш Толғанбаевтың Германия, Австрия, Франция, Италия сынды Еуропаның маңдайалды мемлекеттер халқын тамсандырған өнері мен өмірі жайлы біле ме?
Айтпақшы, саңлақ скрипкашы туралы спектакльдің сахналануына қол ұшын созған Айман Мұсақожаева Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясының президенті қызметін қоса атқарып отыр. Айман Қожабекқызы Айткеш Толғанбаев жөнінде кинотуындының түсірілуіне атсалысуы тиіс деп ойлаймыз. Сценарий керек болса, белгілі журналист Серік Жанболат тегін жазып беремін деп «Фейсбук» арқылы жар салғанына да бір жылдан асты.
Шәкәрімнің тәрбиесін көрген, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди сияқты аса көрнекті ком­позиторлардың батасын алған, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Евгений Брусиловский, Күләш Байсейітова, Ғабит Мүсірепов сынды алыптармен араласқан Айткеш Толғанбаев туралы фильмде аттары аталған тұлғалар көрінсе, тіпті ғажап болар еді. Тұлғаларды танытудың бірден-бір жолы – олар туралы сапалы, әсерлі фильмдерді түсіру.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button