Басты ақпаратҚоғам

Ардақты да арлы азамат еді…

«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деп кеңінен толғанып еді Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында, адалдық деген не? Ол – адам бойындағы шыншылдық, айнымастық, әділдік, ар-ұждан, жан тазалығы сияқты асыл қасиеттер жиынтығы. Данышпан Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» дейді. Адалдық, ар-ұждан, әділдік сияқты бір-бірінен ажырамайтын үштаған ұғымға әбден лайық азаматтың бірі әрі бірегейі Бердібек  Мәшбекұлы Сапарбаев еді.

Мына өмірде тірі пенде болған соң араласып-құраласып, дәмдес болып жүретін адамдарыңның арасынан ешқашан есіңнен кетпейтін асыл бейнелер болады. Уақыт өткен сайын оның қадір-қасиетін, адамгершілік тұлғасын, па­йымды парасатын одан сайын терең түсіне бастайсың. Осынау тіршілікте сондай жанмен бірге ақ дастарқан басында шүйіркелесіп, сырласып, аралас-құралас болғаныңның өзін бір ғанибет санайсың. Мен үшін Бердібек Мәшбекұлы қайталанбас ірі тұлға болатын. Ол өте қарапайым, адал және еңбекқор жан еді. Адамды мүлде алалау дегенді білмейтін, беделіне, атақ-даңқына қарап бөлмейтін, Сырдың аңқылдаған қазағы болатын. Жүздесе қалсаң жайдары мінезімен қарсы алып, адалдықты ту еткен болмысымен тамсандырып отыратын. Жоғары лауазымды қызметте жүргеніне қарамастан кішіпейіл, адамды түсініп, әрдайым қолдау көрсететін қасиетімен ерекшеленетін.

Бердібек Мәшбекұлының тағы бір ерекше қыры ел ағаларына жақын жүретін. Әбіш Кекілбайұлы ағасына деген құрметі бөлек еді. Жасыратыны жоқ, Әбіштің мәдениеттілігі, терең білімі, адамға болсын дейтін кеңдігі кім-кімді де бейжай қалдырмайтын. Сөзіміздің тұздығы болсын, Атырауда өткен құрылтайда Президентіміз «Әбіш Кекілбаев – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Ол нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын» деп ағынан жарылған болатын. Әбіш аға көзі тірісінде «Бердібек» деп мақала жазып, оның іскерлік, адамгершілік, ізгілік қасиеттерін арқау еткен.

Бұрнағы жылдары Құрбан айт мерекесі күндерін қасиетті Әулиеата жерінде өткізуіме тура келді. Бұл өңір менің жұмыс сапарымен, қоғамдық тіршіліктермен талай болып жүрген жерім ғой. Республикалық қоғамдық бірлестік жетекшілерінің бірі ретінде де, азамат ретінде де, тарихшы, саясаттанушы, ғалым ретінде де сол жолғы алған әсерім мүлдем ерекше болды.

Бердібек Мәшбекұлы – бақытын еңбектен тапқан азамат. Ол бес облыста басшылық қызметте істеді. Министр лауазымын да иеленді. Үкіметбасының бірі де болды. Үлкен мансапты қызметте жүрсе де адамдық кейпін, адамгершілік қасиетін жоғалтпады. Ақ сөйледі, адал жүрді, әділдігін айтты. Адамдарға деген кішіпейілдігін, мейірімін жоғалтпады. Халық ықыласына бөленді

Ұшақтан түсе аяғымды жерге тигізбей жергілікті азаматтар қарсы алды. Жоғары көңіл күйде басталған сапарымның алғашқы қадамын сол кезде облыс әкімі қызметінде жүрген Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың қабылдауынан бастадық. Қазақ елі Премьер-министрінің орынбасары, министрі, бес облыстың әкімі болып шыныққан, кемелденген, толысқан тәжірибелі басшы емес пе, бұрыннан бір-бірімізді білетінімізге қарамастан, кездесуіміз мен үшін өте тартымды болды, біраз пікір алмастық, қайраткер тұлғамен әңгімеміз жарасып, қоғамның біраз өзекті мәселелері туралы, оның ішінде ардагерлердің берекелі-бірлікті тіршілігіміздегі алар орны жа­йында әңгіме тиегін ағыттық.

Әрине, қай өңірде, қай аймақта болса да басшылар тарапынан аға буынға деген құрмет, қамқорлық ерекше. Мемлекеттің ардагерлерге жасап отырған әлеуметтік қолдауы туралы көп әңгіме айтуға болады. Менің осы мәнді-мағыналы, әсерлі кездесуден бір байқағаным, Бердібек Мәшбекұлының өңір ардагерлерімен қызмет бабындағы байланысы өте тығыз болды.

«Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінде басшылық қызметте жүргеніме біраз жыл болды ғой, еліміздің барлық өңірінде болып жүрмін. Ардагерлер қозғалысының белсенділерімен, әр деңгейдегі әкімдермен жиі кездесіп тұрамын. Сонда байқағаным, мен осында келерден бір ай шамасы бұрын осы облыстың ардагерлерге арналған «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Жаңабай Миллионовтың облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен сұхбаты айқара бетке жарияланған екен. Әрине, сұхбат жариялана береді ғой, менің білігімде ардагерлер ұйымдары үшін бұл сұхбаттың жөні мүлдем бөлек болған сыңайлы. Сол кезеңде Бердібек Сапарбаев облыс әкімдерінің арасынан ардагерлер газетіне сұхбат берген алғашқы басшы болды.

Бердібек Мәшбекұлының қай облыста қызмет атқарса да ардагерлерге ерекше мән беріп, оларға мейлінше қамқорлық жасаумен дараланатынынан бұрыннан хабардар едім. Осы сұхбатында Жамбыл өңіріндегі әкім ретінде өзінің алғашқы қадамдары туралы ол былай деп ой түйеді: «Облыс тізгінін сеніп тапсырғаннан кейін көп ұзатпай мен аймақтың қадірменді қария­ларымен, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездес­тім. Бұл кездесудің мен үшін маңызы зор болды. Жалпы қай жерде болмасын ардагерлердің белсенділігіне, барлық істе қоғамшыл, талапшыл, әділетті, шыншыл қасиеттеріне риза болып жүремін». Әкімнің үлкендер туралы айтқан бұл ойынан көп нәрсені аңғаруға болады. Ақыры сөзді Б.Сапарбаевтың «Үлкендерден өнеге алып, батасымен өскен ұрпақпыз» сұхбаты туралы қозғап қалдым ғой, енді ондағы әкімнің өзінің ардагер ағаларынан, ақ жаулықты аналардан не күтетіні туралы ойын көпке үлгі болу үшін тілге тиек етейін.

Біріншіден, облыс басшысы ардагерлер ұйымдарының тәрбие жұмысының өзегі ретінде ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстауын қалайды. Жалпы біз қашанда жақсы сөзді, ойлы тұжырымды, берік байламды үлкендерден күтеміз. Біздің қазақы қалпымыз сондай. Жақсы істердің жанында қашанда ардагерлер жүреді. Кейде ащы болса да шындықты, сын-­ескертпелерді ақсақалдардан естіп жатамыз. Жыл сайын әр деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиналысында ең алдымен сөз алатындар – қариялар, мәселе қоятын да, ұмыт қалған немесе кемшіл тұстарымызды бетімізге айтатындар да – үлкендер жағы.

Екіншіден, ұрпақтар сабақ­тастығы біле білген кісіге біздің бүкіл өміріміздің өзегі дер едім. Ата-бабадан келе жатқан даналығымызды былай қойғанда, қазір қоғамды көз алдымызда өмір сүріп жатқан ата-әке-­бала-немере жалғастығы – берік іргетасымыз. Осылардың алтын қазығы, діңгегі – берік отбасы. Ал «Отан – отбасынан басталады».

Үшіншіден, мен өзім мемлекетке, оның игілігі жолында жанымды салып еңбек етуге берілген адаммын. Тәжірибемде барынша шынайы, әділ әрі халыққа қайырымды болуға тырысып келемін. Әлбетте, халық өзі бағасын берер. Халықтың алғысынан артық ешқандай құрмет, марапат жоқ. Өз перзенттерім мен немерелеріме де үнемі осыны айтып, халықшыл, адал болуға тәрбиелеуге күш жұмсаудамын.

Төртіншіден, қазақ баласының үлкен адамға қарай қол шошайтуы, алдынан кесіп өтуі, басынан сөз асыруы – әдепсіздік.

Бердібек Мәшбекұлы өзінің «Ғұмыр-дарияға» берген сұхбатын мына сөздермен қорытындылайды: «Біз үлкендерден өнеге алып, батасымен өскен ұрпақ өкіліміз. Сондықтан менің айтарым – аға буынға, қарияларымызға қолдан келгенше ізетпен, құрметпен қарағанымыз дұрыс».

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың қатысуымен өткен облыс әкімімен болған кездесуде аталмыш сұхбаттың ардагерлер ұйымдарының қызметін жандандыруға және тәрбие жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған осындай тұстарына мен көбірек назар аудардым.

Әрине, әңгімеміз тек бір сұхбаттың төңірегінде болмағаны белгілі. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі, үлкендерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың жүйелі сипат алуы, облыс ардагерлер ұйымдарының соңғы жылдары жұмыс тиімділігінің және белсенділігінің артуы жайлы біраз әңгіменің басын қайырдық.

Бердібек Мәшбекұлының тікелей өзінің бастамасымен қолға алынған «Үлгілі ауыл», «Асарлатып үй салу», «Бейбітшілік пен келісім», «Ғибратты керуен», «Таразға тарту», басқа да жобаларының өңір халқының көңілінен шығып, ардагерлер қауымының үлкен қолдауына ие болып отырғанына көзіміз тағы бір рет жеткендей болды. Тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы туралы пікір алмастық, егемен еліміздің дамуына айрықша еңбек сіңірген, кезінде қызметтес, дәмдес-тұздас болған бірқатар қабырғалы қазақ қайраткері туралы әсерлі әңгіме өрбіттік.

Осы арада «Мың күніме татиды-ау осы отырған бір күнім» деп әуелете шырқалатын бір ән есіме түсіп отыр. Көп жақсы адаммен кездесіп жүрміз ғой. Бірақ Бердібек Мәшбекұлындай қазақтың арда азаматымен әңгіме-дүкен құрған осы бір сәтімді мен ұзақ есте сақтаймын. Сол күні Тараз қаласындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында болған менің сиясы кеппеген бес томдық кітабымның тұсаукесері де жоғары деңгейде өтті.

Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен Тараз қаласының осы соңғы 3-4 жылдың көлемінде құлпырып түскені көзге ұрып тұрды. Қала тұрғындарының демалыс күндерінде, түнгі уақыттарда таза ауада қыдырып, көкке оранған қала саябақтарында, гүлзарларында, тарихи орындарында серуендеуіне бар жағдай жасалған. Солардың арасында салауатты өмір салтын берік ұстанған ардагерлеріміздің көптеп жүруі бізді қуантқаны да рас.

Негізі, Бердібек Мәшбек­ұлымен таныстығымыз бұдан ертерек басталған еді. Мен де ол кісімен жұмыстас болдым, қатар жүрдім, бір адамдай кісілік қа­сиетін алыс­тан замандастарынан естіп қана қоймай, қатар жүріп, өз көзіммен көріп, сезінген, түйсінген жанның бірімін. Сонау 1988 жылы Маңғыстау облысы жабылды. «Елге ел қосылса – құт, елден ел көшсе – жұт» деген ғой халық даналығы. Облыс жабылған соң, аймақтың өркендеуіне, әлеуметтік-дамуына өзіндік үлесін қосып жатқан тәжірибелі мамандар тығырыққа тірелді. Жұмыссыз қалды. Қай жерде болса да кәсіби, мықты маман ең басты құндылық болып саналады емес пе? Кәнігі мамандар жан-жаққа тарап, тарыдай шашылды. Екі қолға бір күрек іздеп, Атырау, Алматы, Жезқазған, Шымкент қалаларын жағалап кетті.

«Көппен көрген ұлы той» деп мен де Алматы қаласына ат басын тіредім. Сабақты ине сәтімен болып, сол кезде жоғары білім, оқу-ағарту, кәсіптік-техникалық білім беру сияқты үш салалық министрлік пен комитеттің басын біріктіріп, Білім министрлігі құрылды. Министр болып Қостанай өңірінің, Әулиекөл ауылының тумасы Шайсұлтан Шаяхметов сайланды. Кеңпейілді азамат еді. Ешкімді алаламады, ешкімді шеттетпеді. Бәрін бауырындай көріп, шапағатын төгіп, жанына топтастырды. Ал вице-министр тізгінін үлкен жүректі азамат Бердібек Сапарбаев ұстады. Бәріміз жан-жақтан келген, танымайтын ортаға тап болған жандар болсақ та, осы екі басшымыз бізді өгейсіткен жоқ.

Мен сол министрліктің бұ­рынғы оқу-әдістемелік басқармаларынан құралған оқу-әдіс­темелік орталықтың директоры қызметіне тағайындалдым. Жұмыс өте қиын болды. Бір жағынан қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалған 300 адамды штат құрылымы небәрі 100 адамды ғана құрайтын бір әдіс­темелік орталығына сыйғызу мәселесі де күрмеуін таппай жатты. Бердібек Мәшбекұлы осындай қиын-қыстау кезеңде ақыл-кеңесін айтып, жол сілтеп отырды. Әрбір ұсынысымызға ыждаһаттылықпен, түсіністікпен қарап, ұтымды да ұтқыр шешім қабылдап отырды. Талап-­тілегіміздің ешқайсысы жерде қалған жоқ, бәріне құлақ асты.

«Жақсының жақсылығын айт» дейді ғой халық даналығы. Осы орайда тағы бір айтулы оқиға еріксіз ойыма оралып отыр. Киелі Маңғыстау өңірі – республикамыздың ең шеткері, алыс аймағы. Шалғайда жатқан өлкеде жоғары білімді педагогика мамандарын даярлайтын бірде-бір оқу орны болмады. Осы олқылықтың орнын толтыруда Бердібек Мәшбекұлының еңбегі ұшан-теңіз. Тіпті ерлігі деп айт­сақ асыра сілтегендік болмас. Ұстаздар қауымын даярлау үшін алғашқы қадамымыздың бірі Ақтау қаласынан Атырау педагогика институтының филиалын ашу еді. Араға уақыт салып, Бердібек Мәшбекұлының тікелей араласуымен, қолдау көрсетуімен сол филиал негізінде институт дүниеге келді. Кейін ол қазіргі Каспий өңірлік университетінің құрамына кіріп, өлкенің ірі оқу орнына айналды. Мұндай жақсылық ұмытыла ма, айтыңыздаршы?!

Бердібек Мәшбекұлы – бақытын еңбектен тапқан азамат. Ол бес облыста басшылық қызметте істеді. Министр лауазымын да иеленді. Үкіметбасының бірі де болды. Үлкен мансапты қызметте жүрсе де адамдық кейпін, адамгершілік қа­сиетін жоғалтпады. Ақ сөйледі, адал жүрді, әділдігін айтты. Адамдарға деген кішіпейілдігін, мейірімін жоғалтпады. Халық ықыласына бөленді. Әкіммін деп шіренуді білмейтін. Тыным таппастан өңірлерді аралап, шаруаның тетігін табуға тырысатын. Аяғына керзі етігін киіп, үстіне кеудешесін іліп алып, ауыл-ауылды аралап, ел-жұртпен тілдесетін. Жай ғана көз үшін аралап емес, толғағы піскен мәселені көзімен көріп, тиісті басшыларға дереу жөнге келтіруге тапсырма беретін. Айталық, Шымкент қаласының әкімі кезінде де өзбек тілінде оқытатын мектеп ұстаздарының басын қосып, республикалық дәрежеде семинар ұйымдастырып, орын алған проблеманы талқыға салып, ой елегінен өткізіп, тиісті шара қабылдады. Оның бір ерекшелігі, қай өңірде жүрсе де, қандай қызметті атқарса да ел ағалары ардагерлерден іргесін аулақ салып көрген емес. Үнемі оларға жақын жүрді. Қолынан келген демеуін аямады. Премьер-­министрдің орынбасары болып тұрған кезде мені жиі шақырып алып, ардагерлер жұмысын жандандыру жөнінде ақылдасып отыратын. Рес­публика ақсақалдарының шағын тобын ертіп алып, өңірлерге бірге іссапарға шығатын.

Осы орайда айта кетейін, Бердібек Сапарбаев ел ағасы, Сенат төрағасы Өмірбек Байгелдіні және бір топ депутатты Сыр өңірі – Қызылордаға шақырып, жаңа көпірдің ашылуы, жиын-терімнің аяқталуы стадионда өткен бәйгемен, жауырыны жер иіскемеген палуандармен бүкіл елдің үлкен қуанышына ұласқаны әлі жадымызда. Ағаларына көрсеткен ықыласы естен кетпейді. Өтіп бара жатқан өмір-ай! Жақсылардың, ел ағаларының орны ерекше ғой. «Игі жақсыға жарымаған ел – бақытсыз ел» деп тегін айтылмаса керек-ті.

Халық сүйіспеншілігіне ие болған Бердібек Сапарбаев туралы соңғы уақытта біраз мақала жазылды, конференция өтті. Өзімен бірге жұмыстас болған әріптестері оның ақ адал қайраткер екенін алға тартып, мемлекеттік деңгейде ойлайтын мемлекетшілдігі туралы жазып та, айтып та жүр. Халқымызда «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген тәмсіл бар. Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Төреқұлұлы «бізді білетін көз көрген адамдар, яғни замандастарымыз бар кезде ұрпақтың жадында боламыз. Ұрпақ ауысқан кезде ұмыт бола бастайтынымыз ақиқат» деген еді. Ол өмірдің заңы шығар. Әйтсе де Бердібек Мәшбекұлының көзі кетсе де, оның ел игілігі жолында жасаған ұлықты істері мен адамгершілік бейнесі көз көрген жандардың жадынан өшпесі анық. Бақұл бол, ардақты да арлы азамат. Асыл бейнең, еліңнің өркендеуі жолында жасаған жарқын істерің халқыңның есінде мәңгілік сақталады.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙҰЛЫ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық

бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының ­докторы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button