Басты ақпаратЕл тынысы

Жол жөндеу басталды

«Сәуір айы елорданың нашар жөнделген жолдары мен тротуарларының кемшін тұстарын байқатты. Қыстан кейін қалай болса солай жөнделген учаскелер пайда болды» деп атап өтті жақында жүргізілген инспекция барысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, биыл Астанада жол жөндеу жұмыстары ертерек басталады.

Жұмыстар жалғасады

Аралау барысында қала басшысы ұзындығы 60 шақырымға жуық 50-ден астам көшені жөндеу, тротуарларды, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды, аялдама бұрылыстарын, пандустарды және басқа да жол учаскелерін жабдықтау жоспарланғанын атап өтті. Жол жөндеу жұмыстарын биыл, ең алдымен, жаңа әлеуметтік нысандар бар жерлерде, сондай-ақ тұрғын алаптарда жүргізу жоспарлануда.

Жаңадан тұрғызылып жатқан аудандарға келетін болсақ, ол жерлердегі жолдар инженерлік инфрақұрылым мен үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін ғана салынады деп атап өтті қала басшысы. Сонымен қатар 20-дан астам ірі жобаларға – көшелер, жол тобырлары мен көпірлерге көбірек назар аудару қажет, олардың бір бөлігі биыл аяқталады, ал қалған бір бөлігінде жұмыстар жалғасады.

Алдағы жоспарлар

Ақпан айында елордалық мәслихат отырысында Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының 2024 жылға арналған жоспарлары туралы есебі тыңдалды. Отырыс барысында ведомство басшысы Асхат Қарағойшин Тәуелсіздік даңғылы бойында көпір салу, Ш.Айтматов пен Т.Рысқұлов көшелерін кеңейту, сондай-ақ Binom мектептеріне баратын арнайы трассалар мен жолдарды қоса алғанда, аяқталған жобалар туралы баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, тұрғын алаптарда 7 жоба аяқталып, 40 жылы аялдама орнатылып, аудан әкімдіктерімен оларды іске қосу келісілді.

2024 жылға жоспарланған жобалар, соның ішінде Тә­уелсіздік даңғылы бойындағы көпірдің айналасын абаттандыру, жаңа көшелер, Кенесары көшесіндегі Есіл өзені арқылы өтетін көпір, ҚазГЗУ ауданында жол тобырларын салу туралы баяндады. Солардың ішінде ең маңыздысы – көшпенділердің дүниежүзілік ойындары үшін инфрақұрылым құру және Ильинкадағы жобалар.

Сондай-ақ Интернациональный, Тельман, Комсомольский, Мичурин тұрғын алаптары мен Оңтүстік-шығыс шағын ауданының сол жағын дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасады.

Отырыс барысында қалалық мәслихаттың депутаттары осыдан 3-4 жыл бұрын басталған Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы көшелердің құрылысын аяқтау қажеттілігі туралы пікір білдірді. №15 округте тоқтап тұрған жобалар туралы өтініштер енгізілді, соның салдарынан ауданда көлік жүрмейді. Агрогородок көшелерін, аяқталмаған Ақан сері көшесін абаттандыру туралы мәселелер көтерілді. Сарыарқа даңғылын ескі вокзалға қарай жалғастыру ұсынылды.

«Жайлы мектептер» жобасын іске асыру аясында қазірдің өзінде болашақ нысандарға кірме жолдар туралы мәселені қарастыру қажет деген пікір айтылды. Бұл ретте ретсіз орнатылған жол белгілерінің жиі орналасуы туралы мәселені шешуге назар аударған жөн.

Тротуар желілері кеңейеді

Сарыарқа ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылы ауданда 20 көшеде, оның 14-і – тұрғын алап, орташа жөндеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар олар 6 көшеге тротуар орнатуға уәде берді. Бұл жұмыстардың әкімшісі – Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

2024 жылға арналған абаттандыру жоспары әзірленді, бұл орайда тротуар желілерін жай­лас­тыру, жөндеу және кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылы тарихи көшелерді қайта жаңарту аясында аудан әкімдігі Гете, Біржан сал көшелерін және Республика даңғылын (Мәскеу көшесінен Гете көшесіне дейін) қоса алғанда, Астана-1 вокзал маңындағы алаңға күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр, онда тротуар желілерін кеңейту және учаскені жаңарту, аула аумақтарын ­абаттандыру, көгалдандыру және т. б. жұмыс­тар жүргізіледі. Сондай-ақ жол төсемдерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда.

Сапасызы жөнделеді

Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл сайын жол-құрылыс жұмысы маусымы басталар алдында көше-жол желісіне тексеру жүргізіледі. Бүгінде осындай тексеру жүргізілді. Қаланың жол-көше желісінің жай-күйін кешенді талдауға сәйкес, қанағаттанарлықсыз жағдайда тұрған көшелер анықталды. Барлық анықталған ақау бо­йынша жөндеу жұмысының кестесі бекітілді. Осылайша, биыл 51 көшеге жөндеу жұмысы жүргізіледі. Атап айтсақ, Сығанақ көшесі Ш.Айтматов көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін, С.Сейфуллин көшесі К.Күмісбеков көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін, Тәуелсіздік даңғылы Ж.Нәжімеденов көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін жөнделеді.

Сондай-ақ ағымдағы жылы қаланың 200 көшесіндегі шұң­қырларды жөндеу жоспарланып отыр. Көше-жол желісін көктемгі тексеру барысында ақаулар анықталды, онда жөндеу жұмыстары 2021-2022 жылдары жүргізілді.

Қала әкімдігі сапасыз жолды өз ақшасына жөндейтін компаниялардың тізімін жариялаған болатын. Олар: Жетіген көшесі (А.Пушкин көшесінен Ж.Дос­мұхамедұлы көшесіне дейін) – «Сотис групп» ЖШС; А.Иманов көшесі (А.Янушкевич көшесінен Ш.Уәлиханов көшесіне дейін) – «Айя Сервис» ЖШС; Алаш тас­жолы (жол өтпесінен Жолымбет көшесіне дейін) – «Айя Сервис» ЖШС; Мәңгілік ел даңғылы (М1 көпірінен Бұқар жырау көшесіне дейін) – «Компания Энергодор» ЖШС; Қабанбай батыр даңғылы (Сарайшық көшесінен Қорғалжын тасжолына дейін) – «Сотис групп» ЖШС; Жеңіс даңғылы (І.Есенберлин көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін) – «Сотис групп» ЖШС; Р.Қошқарбаев даңғылы (Қордай көшесінен М.Төлебаев көшесіне дейін) – «Сотис групп» ЖШС; Еңлік-Кебек көшесі (Сұлтан Бейбарыс көшесінен Болашақ көшесіне дейін) – «РЕКМА КЗ» ЖШС. Барлық жұмыс жоспарлы түрде және ауа райы қолайлы болғанда атқарылады.

Мамандардың мәлімдеуінше, учаскелердің жабылуынан туындаған уақытша қолайсыз­дықтар ұзаққа созылмайды, бірақ жолдар жақсарады және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Тұрғындар өтініштері қабылданады

Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін 2018 жылдан бастап iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, онда жол төсемінің қанағаттанарлықсыз жай-күйі бойынша өтініш жіберуге болады. Сонымен бірге өтініштер:

* iKomek109 мобильді қосымшасы арқылы (App Store/Play Market);

* әкімдіктің astana.gov.kz сайты арқылы;

* nursultanikomek109_bot Telegram-боты арқылы;

* Smart Astana (App Store/Play Market) қосымшасы арқылы;

* 109 ikomekastana.kz ­электронды поштасы арқылы да қабылданады.

Дайындаған Шолпан АҚБАЛАЕВА

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button