Басты ақпаратЖаңалықтар

Астана экономикасы: кіріс көбейді, табыс артты

Елорданың экономикалық әл-ауқаты жыл сайын еселенуде. 2015 жылы өнеркәсіп көлемі 343 млрд теңгені құраған. Бүгінде Астана өнеркәсібі респуб­лика бойынша өндірістің өсу қар­қыны деңгейінде 3-орынға тұ­рақтады. Өңдеу өнеркәсібінде 282,5 млрд теңгенің өнімін өн­дірген. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда, 12 млрд тең­­геге артқанын білдіреді. Нақты көлем индексі 5,9 пайызға өскен. Бұл туралы Астана қаласы мәс­лихатының кезекті сессиясында елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрова мәлімдеді.
Бас қалада индустриалды-инновациялық қызметті мем­лекеттік қолдау шаралары тиімді жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 32,8 мың АҚШ долларын құрап, жан басына шаққанда 51,6 пайызға өсті. Шикізат емес экспорт тауарларының көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына тең болды. Шағын және орта бизнес өнімдерін өндіру көлемі екі есеге ұлғайды, яғни, 3,2 трлн теңгеге жетті.

ERM_7316

– Қазіргі кезде қаламызда шағын және орта бизнеспен шұғылданатын адамдардың саны 288 мыңға жетті. Бұл – үлкен көрсеткіш. Өйткені, олардың саны қала тұрғындарының үштен бір бөлігін құрайды.
Мұн­дай жетістікке жету елордада ин­дустриалды және инновациялық қызметтің дамуына қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету шараларының белсенділігін бай­қатады, – дейді қала әкімінің орынбасары Малика Ерланқызы.
Оның айтуынша, 2001 жылы Елбасы Жарлығымен жоғары технологиялық бәсекеге қабі­летті өндірістік және заманауи ин­фрақұрылымды құру, инвестицияларды тарту және құрылыста озық технологияны қолдану мақ­сатында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда бірінші және екінші индустриалдық парк, сонымен қатар жаңадан әкімшілік іскерлік орталық жұмыс істейді.
Арнайы экономикалық аймақ шеңберінде жасалынып жатқан жобалар ұшан-теңіз. Мәселен, 2010-2014 жылдар аралығында Индустриаландыру картасы аясында 22 жоба іске асырылған. 3000-ға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. 2015 жылдың өзінде Индустриаландыру картасындағы кәсіпорындармен өндірілген өнім көлемі 145 млрд теңгені құрады. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өскенін көрсетеді.
«Біз 2015 жылы отандық өнді­рушілерді қолдау мақсатында ұлттық компаниялармен бірлесіп, жалпы сомасы 102,1 млрд теңгеге жететін 10 меморандумға қол жет­кіздік. Қазіргі кезде 150 келі­сімшартқа қол қойылды. Бар­лығы да Қазақстанда өндірілген тауарларды өздерінің жобаларына пайдаланады. Ал, «Экспо» жобасы бойынша 50 млрд теңгені құ­райтын 67 келісімшарт жасалды, барлық тауарлар Астанада және Қазақстанда өндірілетін болады» дейді әкім орынбасары.
Белгілі болғандай, бүгінде бі­рін­ші индустриалдық парк аума­ғын­да инвестиция көлемі 86,5 млрд теңгені құрайтын 62 жоба іске асып жатыр. 2014-2015 жылдары 24 жоба қолға алынды. Олардың 31-і пайдалануға берілсе, 16 нысан­ның құрылысы жүріп жатыр. Ал, 15 жоба жобалау кезеңінде.
Сонымен қатар, мәслихат сессиясында 2015 жылы жалпы кө­лемі 35,8 гектарды құрайтын 4 жобаға берілген жер телімінің күші жойылғаны жөнінде айтылды. Енді босаған сол жерлерге жаңадан 16 инвестициялық жоба орналастырылатын болады.
Астанада жыл басынан бері 3 кәсіпорын пайдалануға берілген. Жылдың соңына дейін тағы 7 жоба іске қосылады деп жос­пар­ла­нады.
Инвестиция көлемі 42,8 млрд тең­гені құраса, жаңадан 900 жұмыс орны ашылатыны ха­лықты қуантады.
– Қазіргі кезде 2-индустриалдық парктің жобасымен айналысып жатырмыз. Жалпы, маркетингтік зерттеулер жүргізілді, ол бойынша паркте қандай кәсіпорындар болатыны белгіленді. Оның ішінде машина жасау, химия, фармацевтика, металлургия, электроника, тамақ өндіру және құрылыс материалдары мен логистика салаларындағы өнеркәсіптер бар. Бұл бойынша 18 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп сенеміз, – деді өз баяндамасында Малика Бектұрова.
Атап өткен жөн, инвесторларға жаңадан кәсіпорын салуға 157 гектар жер телімдері беріледі, 9 гек­тар жерге ғылыми-зерттеу жүргі­зетін ғимараттар салынады екен. Сондықтан, жобаның тех­никалық негіздемесі әзірленуде.
Шағын және орта бизнес иелеріне бағытталған несие бағдарламалары да сәтті жүргізілуде екенін баса айтқан жөн. Астана республика бойынша несиені кепілдендіруде бірінші орынды иеленеді. Пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялауда екінші орынға шыққан. Кәсіп­керлерді оқыту, топ менед­жер­лер­дің білік­тілігін арттыру, биз­несті жүргізу бойынша сервистік қолдау, рұқсат құжатта­маларын алуға бух­галтерлік салық есебін жүргізу жө­нінде кеңес беру және тағы басқа қыз­меттер жүзеге асуда.
Күн тәртібінде алға қойған жос­парлар да айтылды. 2016 жылға арналған жоспардың бірі – ішкі өнімнің жалпы деңгейін сақтау. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемдерін 1 трлн теңгеге дейін жеткізу. Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 10 пайызға ұлғайту. Міне, қала билігі осы міндеттерді орын­дауға бар күш-жігерін салады.
Жиын соңында қала басшы­сы­ның орынбасары жергілікті бағ­дар­ламаны іске асыру жұмыстары бұдан әрі де жалғаса беретінін жеткізді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button