Жаңалықтар

Астана Жәнелді аялады

Мерекелік шаралар аясында «Аялаған Астана» республикалық ән байқауының жеңімпазы анықталды. Енді «Артек» лагеріндегі балалардың «Жаңа толқын-2016» халықаралық конкурсында ел намысын астаналық Жәнел Сәдуақас қорғайды.

Жанел

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен осымен төртінші рет шымылдығын түрген музыкалық жобаның соңғы кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірі­нен келген 11 бала қатысты. Бір-бір әннен орындаған үміткерлердің өнерін қазақстандық эстрада әншілері Құрмаш Маханов, Гүлнұр Оразымбетова, Серік Ибрагимов, сондай-ақ, «Новая волна» және «Детская новая волна» конкурстарының директоры Александр Румянцев пен «Аялаған Астана» ән байқауының бас продюсері Лина Арифулина 10 ұпайлық жүйемен бағалады.
Жас таланттарды танытатын телевизиялық жоба «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді. Өнер бәйгесі биыл өзгеше форматта өтті. Балалар көгілдір экраннан қала күні мерекесіне орай Астананың көрікті жерлерін таныстырады.
Мәселен, Тараздан келген Думан Марат есімді бүлдіршін елорда нышаны – «Бәйтерек» монументі жөнінде әңгімелейді. «Бәйтеректің ішінде еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы бейнеленген «Аялы алақан» атты композиция бар. Бұл мүсінге қолын қойып, арман тілеу барша Қазақстан үшін дәстүрге айналған екен. Осы жерде мен байқауда жеңіске жетсем екен деп тіледім» дейді Думан. Қатысушылар сонымен бірге, «Астана опера», Ұлттық музей, Экспо қалашығы, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, «Астана Арена» стадионы, Қазақстан орталық концерт залы, Бейбітшілік және келісім сарайы секілді сәулетті ғимараттарды аралағандағы әсерлерімен бөліскен.
Тартысты бәйгеде Мария Затварницкая (Павлодар), Нұрдәулет Тілекқабыл (Атырау) және Аружан Сағынғалиева (Маңғыстау облысы) ең жоғары көрсеткіш 50 балл жинады. Алайда, көрермендер берген sms-дауыстардың арқасында астаналық Жәнел Сәдуақас жалпы ұпай саны бойынша бәрінен топ жарды. Оған жеңіс әкелген Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің әні – «Әлия». Қазылар алқасының айтуынша, Жәнел әйгілі «Әлия» әніне өзіндік бояуын беріп, әдемі милизмдерді қосып, заманауи түрде шырқады.
Байқау шарты бойынша қатысушылар «Red Jam» музыкалық тобының сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салды.
«Әртісті таңдау оңайға соққан жоқ. Талаптары таудай, таланттары үлкен үміт күттіретін балалар екен. Мәселен, Аружан бәрімізді орнымыздан тік тұрғызып, зор қошеметімізге бөленді» деп тамсанды жас өнерпаздардың орындаушылығына Александр Румянцев.
Өзінің кең диапазонымен жұртты тәнті еткен Аружан Сағынғалиева да жүлдеден құр қалмады. Ол «Қазақ­стан» республикалық телерадио­кор­порациясының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button